Қоғам • Бүгін, 08:50

Қысқа дайындық қалай?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 2 176 шақырым. Қысқы кезеңде республи­калық жолдарды күтіп ұстауға 143 арнайы техника жұмыл­дырылады деп жоспарланып отыр.

Қысқа дайындық қалай?

Облыс әкімдігінің мә­ліме­тінше, жел­тоқ­сан айында «Тал­ды­қорған – Қалбатау – Өскемен» күре жолының 309 шақырымы қабылданып, қызмет көрсетілетін жолдың ұзындығы 2 002 шақы­рымға дейін артады. Ал облыс аумағында қар басу қаупі бар 51,3 шақырым учаске анықталған. Оған тәулік бойы патрульдік кезекшілік ұйымдастырылмақ.

«Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 593 шақырым, 22 учаскеден тұрады. Қыс­қа қажетті материалдар мен 98 тех­­ника дайындалған. Төтенше жағ­дайлар кезінде жедел шаралар қабылдау үшін жоғары өтімділігі бар техникалар, 7 жылыту пункті, қосымша 91 жылыту орны қарастырылған», дейді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау сапасын арттыру мақсатында көктайғаққа арналған жеті жаңа ангар-база салынған. Олар Семей, Аягөз қалалары, Аршалы, Қалбатау, Үр­жар, Қызылкесік және Бес­қа­ра­ғай елді мекендерінде орна­ласқан.

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте де өңірдің автомобиль жолдарының қысқы мерзімге дайындығы қаралды. Жиын барысында өңір басшысы салаға жауапты орынбасары Серік Төленбергеновке, аудан, қала әкімдеріне облыстық және республикалық маңызы бар жол­дарды қысқы күтіп ұстау үшін тех­никаның жеткіліктілігіне толық талдау жүргізуді, қар басу қаупі жоғары жерлерге қосымша техника бекітіп, тәулік бойы патрульдік қызметті ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар өңірдегі жылыту және тамақтандыру пункттеріне баса назар аударып, тиісті басқармаларға алдағы қыс мезгілінде жедел жәрдем, өрт және басқа қызметтердің жұмысына тосқауыл болатын жағдайдың барлығын уақтылы жоюды қатаң бақылауға алу қажеттігін айтты.

«Ұсынылған баяндамалар қысқа дайындықтың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын, жол-көлік қауіпсіздігін қамта­масыз ету іс-шараларының нақты тиімділігін көрсетіп отыр. Дегенмен техникалық жабдықтау, қар басу қаупі жоғары учаскелердегі қауіптер, жылыту мен тамақтандыру пункттерінің қаржыландыры­луы сияқты мәселелерде нақты бақылау қажет. Барлық тиісті құрылымдардың үйлесімді және уақтылы әрекеті қыс мезгіліндегі қауіпсіздіктің басты кепілі», деді облыс әкімі.

Қазір өңірде қысқа дайындық шеңберінде 3 100 метр қар тоқта-ту қалқандары орнатылып, 303 уақытша жол белгісі қойылды.

 

Абай облысы