Биылғы кеш өзгеше сипат алды. Кештің құрылымын белгілі театр актері әрі режиссері Дунай Еспаев жасап, қойылымдық тұрғыда жаңа серпін әкелді.
– Арқада талантты жастар көп. Бірі – өлең жазса, бірі – әнді жүрекпен орындайды. «Қарашада өмір тұр…» кеші сол дарын иелерін табыстырып, жаңа ізденістерге жол ашады. Сахнада буын сабақтастығы көрініс табады. Ертеңгі мәдениеттің жүгін арқалайтын жаңа толқын осы ортада өсіп келеді, – дейді Дунай Еспаев.
Кешті «Tattimbend» ансамблі жанды музыкамен сүйемелдеп отырды. Әуенмен өрілген өлең – көрерменін өзінің әдемі әлеміне баурап алды.
Поэзия кеші Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлының «Өмір деген – күнді айналу» атты өлеңімен басталды. Жас ақын Ерік Нарын ерекше сезіммен оқыған бұл өлең кештің рухани бағытын айқындап, ойдың биігіне жетелегендей еді.
Одан әрі Бағдат Мүбәрак, Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай сынды ақындардың жырларын «Дат» театрының актерлері оқыды. Ал Ерғанат Кеңесбекұлы, Салтанат Смағұлтегі, Сұлтан Дәулетхан өлеңдерімен кештің тақырыбын аша түскендей.
Кеште сондай-ақ, Қуаныш Медеубаев, Айбек Байтөре, Жәлел Шалқар, Ерболат Қуатбек сынды жас шайырлардың жырлары да оқылды. Әр жол, әр ырғақ – бір тағдыр, бір тыныс, бір мұң мен бір үміттің көрінісіндей. Күздің сары бояуындай нәзік те сырлы өлеңдер мен классикалық әндер көрермен жүрегін тербеді.
Айтпақшы, «Дат» театрының құрамындағы ең жас актер Тоқтар Кәрібай әдеби сазды кештегі көрермен көзайымы болды. Өнерге деген құштарлығы ерте оянған мектеп оқушысы Ерболат Қуатбектің өлеңін оқыды.
Кеш соңын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші-композитор Гүлнәр Дәукенова Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Күрең күз» әнімен түйіндеді.
Қарағанды облысы