Сатира • 14 Ақпан, 2025

Түбі түскен түс

233 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бірінші оқиға

Пітуа алғаш рет қыз болып жаратылмағаны­на өкінді. Үшінші күн — уақытша тұруға пәтер іздеп табанынан таусылғаны. Пәтер жалдаушы атаулыға керегі қыз бала... О баста ақ бас профессор ағасы: «Бізде жатақхана жетісе бермейді, мен сізге стипендия бергізейін, ер азамат емессің бе, үй тауып аларсың...» дегенінде, бас изеп пәтуаға келгеніне жыны келді. Тік жүріп, тыным көрмегендігі ме, кеш баласы кескен теректей құлайды. «Үйің болмай — күйің болмайды» ­деген мәтелді мойындағандай.

Түбі түскен түс

 

Хат кепті. Әжесінен екен. Оқи  жөнелді. «Балам, қатты қиналып жүрсің-ау деймін, үш күн болды түсімнен шықпайсың. Түн баласы  далада тік тұрып, ұйықтап тұрғаныңды кө­ре­мін, жатағың болмай жапа шегіп жүргеннен саумысың... Өйткен оқуы құрсын, жаныма келші, екеумізге менің пенсиям да жетеді... Қой бағып, аштан өлген азаматты көрген емеспін. Үй-жайың болмаса, әй-шайға қарама. Асыға күтемін, әжең».

Күлген де қойған. Әжесіне таңы бар, осы оқуға түскен күннің ертесінде әжесінен: «Балам түнде түсімде сені көріппін. Ауылға айырпыланмен келіпсің, дегенің болады екен... Әжең» деп телеграмма келгені бар.

 

Екінші оқиға

Оқудың бел ортасынан асқан. Соның кесірі, кең жүремін деп, оның үстіне қолдан мың теңгеге шалбар алып киемін деп, қалта қағылып қаңсып отырғаны. Қарыз алудың жөні жоқ. Ал алсын, онысы, әріге кетсе он күнді ­орап алар, одан әрі ше... Ауылға алақан  жаю­дың қисыны келмейді...

Да... не істесе екен?.. Вокзалға барып, көмір түсіруден басқа шара жоқ.

Хат кепті. Баяғы әжесі. Оқи жөнелді. «Балам, басыңа іс түсті-ау деймін шамасы... Түсімде үсті-басың күйелеш-күйелеш, күйеден бота  көздерің ғана жылтырайды. Талқан жеп, тұз көтеріп жүргендей бір түрлі еңсең түсіп, езіліп кетіпсің... Біле қойдым да, өз есебімнен бес жүз теңге жібердім. Айналайын ала ғой. Әжең».

Пітуа қуанғаннан көкке секіріп, табаны жерге тигенде аузынан «Ура»деген әншейін­де айта ал­­майтын сөзі шықты. Бұның ерсі қылығына бұ­­рыш­­та бүрісіп отырған ала мысық атып жоғал­ды...

Пітуа әжесінен айналды.Қалай ғана екенін, бұл қиналса біле қояды. Осымен он шақты болар, өз есебінен ақша жіберіп — жамауын жаба тоқып жібергені.

 

Үшінші оқиға

Бесінші курс. Белден «белдік» түскен шақ. Қол босап, арқа кеңіп, бар-бар ауыртпа­­лық арт­­та қалған кез.

Пітуа қаланың соңғы тамашасына тамсанып жүріп айықтырғыштан бір-ақ шыққаны бар.

...Таныс-тамыр, зыр жүгіріс... Құтылды-ау әй­­теуір.

Талықсып тұрып таңдай қағып көріп еді, тақ-тақ етеді. Қалта қағылған. Ақша ауылы алыс. Бары бес күнге жетеді.

Пітуа көп ойланбай, қиналысым әжеме жетпей жүрген болар деп басын ұстап баз кешті, жата қап жастық құшты; дөңкиіп дөңбекшіп көрді, «осымды әжеме жеткізе көр» деп ерін жыбырлатып сыбырлап та алды, бүк түсіп бүк­­­тетілді, қабақ шытып бүйткен өміріне қар­ғыс айтты, не керек, қолынан келгенін істеді, ойы — осымды әжем сезсе, тезірек өз есебінен «есендессе» болды...

Хат кепті. Айналайын әжесі. Еңбегінің еш кетпегеніне риза кейіппен қолға алды.

«Айналайын балам. Есің болса еліңді тап. Түсіме кіріпсің. Түсімде — айдаладан бір бөтелке тауып алған екенмін деймін. Алып қарасам, ауызы тығындаулы, ішінде бүрісіп сен отырсың... Тығынын шығара алсамшы. Сындырып алайын десем, өзіңді бірге сындырып алатынымды білемін... Содан, қолымда бөтелке, ішінде сен, тәуіптен тәуіп, молдадан молда қоймай безілдеп жүр екенмін деймін... Осы тұста оянып кетіппін... Дәу молдаға барып түсімді айтып едім, «немеремді тездетіп еліңе ал­дыр, жағдайы қиын...» деген соң өзіңе тек хат қана жазып отырмын. Өтірік қиналғаныңды біл­сем де бір рет ештеңе етпес деп ақша салайын деп едім, әлгі молда, бұл салғаның — балаңды отқа итер­генің... деп үркітті. Ол да хат-хабар жібе­­ретін жерде тұрғандықтан сала алмадым. Ба­лам, өтінерім, есіңді жисаң тезірек еліңе қайт. Әжең».

 

Берік САДЫР 

Соңғы жаңалықтар

Олжас!.. (Эссе)

Тұлға • Кеше

Ерім дейтін ел қайда?

Өшпес даңқ • Кеше

Күтумен өткен ғұмыр

Өшпес даңқ • Кеше

Смағұл сапасы

Тұлға • Кеше

Мұстахара

Жәдігер • Кеше

Керек дерек

Digital • Кеше

«Түркістан сақшылары» – ЖИ жемісі

Жасанды интеллект • Кеше