Фото: shutterstock.com
CoinGecko мәліметінше, 2025 жылғы 10 қарашада криптовалюталардың жалпы нарықтық капитализациясы 3,6 трлн долларды құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31,2% өсті. Бір жыл бұрынгы өсім бірден 90% болған еді.
Бұл кезеңде биткоиннің нарықтағы үлесі 57,6%-ға жетті (өткен жылдың 10 қарашасында – 52,4%).
Соңғы он жылда әлемдегі криптовалюта нарығы әуесқойлардың қызығушылығы ғана болып қоймай, бүтін бір жаһандық қаржы құбылысына айналды. Капитализацияның тез өсуі мен биткоиннің үздіксіз көш бастап тұруы бұл салаға жеке инвесторларды ғана емес, мемлекеттердің өзін де мойын бұрғызды. Қазір көптеген елдер криптовалютаны болашақта ұлттық резервтің бір бөлігі болуы мүмкін актив ретінде қарастырады. Әр мемлекет оған әртүрлі жолмен қадам басып жатыр. Бірі тәркіленген активтерді немесе майнинг арқылы алынған монеталарды қор жинағына қосса, енді бірі шенеуніктердің ашық декларацияларымен немесе тек қанатқақты жобалар арқылы шектеліп отыр.
Елімізде криптовалютаны мемлекеттік активтер қатарына қосу жайы әзірге жаңа басталған тақырып қана. Дегенмен әлемдегі үрдістерді және резервтерді әртараптандыруға деген қызығушылықты ескерсек, сарапшылар болашақта мемлекеттік деңгейде крипторезерв құру мүмкіндігі жайлы ойланып жүр. Бірақ қазірге дейін мемлекет тарапынан ресми сатып алу да, ресми қалыптасқан портфель де жоқ.
BitcoinTreasuries және Arkham Intelligence мәліметтеріне қарағанда, 2025 жылдың қарашасында әлемде 13 мемлекет криптовалюта ұстап отыр. Олар бұл активтерді әртүрлі жолмен иеленеді: тікелей сатып алу, суверенді қорлар арқылы жинақтау, мемлекеттік компаниялар немесе мемлекетпен байланысты тұлғалар арқылы. Осы елдердің ортақ биткоин қоры 645,7 мың монетаға жеткен. Ақшалай есептесек – шамамен 58 млрд АҚШ доллары.
Үздік иеленушілер
АҚШ – әлемдегі алғашқы мемлекеттік крипторезерв иесі, 326,6 мың биткоин ұстайды. Жуырда үкімет қосымша 127 мың биткоинді конфискациялады. Елдің мақсаты – биткоин супердержавасына және әлемдік криптоастанаға айналу.
Қытай – 190 мың биткоин (2020 жылы конфискацияланған). Елде криптовалютамен операциялар ресми түрде тыйым салынғандықтан, бұл активтердің әлі мемлекет қолында екені туралы нақты дерек жоқ.
Маңызды көрсеткіштері бар елдер
Ұлыбритания (61,2 мың BTC). Ұлыбританияда конфискаланған биткоиндерге полиция иелік етеді (жабдық жаңарту, өтемақы төлеу үшін пайдаланылады).
Украина (46,4 мың BTC). Украинада биткоиндер негізінен донаттар арқылы жиналып, шенеуніктердің жеке басқаруында тұр.
Германия тәжірибесі
2024 жылдың басында 50 мың биткоин конфискацияланғанымен, ел оларды бірнеше айдан кейін толықтай сатып жіберді. Бұл Ұлыбритания, Канада, Финляндия, Грузия секілді активтерді ұзақ сақтайтын елдер тәжірибесінен өзгеше.
ОАЭ, Сальвадор және Бутан – стратегиялық иеленушілер
ОАЭ – 6,4 мың BTC (мемлекеттік майнинг компаниялары арқылы). Ел жаһандық криптохаб болуды мақсат етеді.
Сальвадор – 6,4 мыңға жуық BTC. Мұнда биткоин ресми төлем құралы. 2022 жылдан бері ел күн сайын бір биткоин сатып алып отыр. Туризм өсті, аударым комиссиялары азайды, бірақ халықтың негізгі бөлігі әлі де долларды қолданады.
Бутан – 6,2 мың BTC, арзан гидроэнергияға негізделген «жасыл майнинг». Пандемия мен экспорт төмендеуінен кейін мемлекет майнингті ұлттық деңгейде іске қосты. Бұл тәжірибе Қазақстан үшін де өзекті.
Солтүстік Корея (803 BTC) және Венесуэла (240 BTC)
Бұл елдер биткоинді санкциялардан айналып өту үшін, негізінен хакерлік шабуылдар арқылы жинағаны анықталған.
Ресей
1 мыңнан аса биткоин бар, бірақ олар мемлекетке тікелей тиесілі емес – 1,5 мыңнан астам адреске бөлінген, мемлекеттік құрылымдармен байланысы бар тұлғалардың әмияндарында сақталады. Елеулі өсім 2022 жылдың соңынан басталды.
Чехия – Еуропадағы алғашқы ресми қадам
2025 жылғы 13 қарашада Чехия Ұлттық банкі биткоин мен стейблкоиндерден тұратын 1 млн долларлық пилоттық портфель іске қосты. Құжаттама 2025 жылдың қаңтарында басталып, іске қосуға бар-жоғы 10 ай кеткен.
Қазақстан кеш бастағанымен, түбі көш бастайды
Қазақстан криптовалютаға иелік ету жағынан артта қалып отыр (13 елде резерв бар), бірақ жүйелі тәсіл бойынша озық. Басқа елдер көбіне конфискацияланған активтерге сүйенсе, Қазақстан реттеуден бастап экожүйе құруға дейін толық инфрақұрылым қалыптастырып жатыр.
2025 жылдың қыркүйегінде Ұлттық банк базасында Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру тапсырмасы берілді. Жоспар бойынша, алғашқы іске қосу – 2026 жылдың бастапқы тұсында. Бұл Чехия тәжірибесіне ұқсас мерзім.
Бүгінде Қазақстан – жаһандық хешрейттің елеулі бөлігін қамтамасыз ететін ірі майнинг елі, бірақ әлі мемлекеттік крипторезерві жоқ. Егер жоспар жүзеге асса, Қазақстан мемлекеттік крипторезервтері бар әлемдегі топ-15 елдің қатарына кіріп, Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болмақ.