Қоғам • Бүгін, 12:15

«Бір жылда 2 млн-нан астам көшет отырғызылды»: Экологтар Абай облысындағы ахуалды түсіндірді

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кең залға енді жайғасып болғанымызда жиынның бағыт-бағдары, әуелгі кіріспе сөзі айтылып біткен. Топты жиынды айтқанына иландырып, еріксіз баурап әкететін маманның алғырлығы ма, кей жиында күбір-сыбыр оңайлықпен басылмайтын, не қалғып-шұлғып нәумез тыңдайтын студенттердің бұл жолғы ынтасы бөлек. Жиыны 150-дің үстінде. Тақырып – орман турасында екен.

«Бір жылда 2 млн-нан астам көшет отырғызылды»: Экологтар Абай облысындағы ахуалды түсіндірді

Дәрістің әлқиссасында айтылғандай, жиын «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан кезекті іс-шаралардың бірі болатын. Негізгі діттеген мақсат – келешек жастарға қоршаған ортаны қорғау, оны үнемі таза ұстап, ұқыпты қарау тәрізді қарапайым қағидаға арналған еді. Бірақ жастарды да, тіпті бізді де қызықтырып қойғаны – лектордың «бүгін біз орман дүниесінің қыр-сырын айтамыз» дегені-тұғын.

Әуелі «Семей орманы» табиғи резерватының мамандары студенттерге орман алқаптарын сақтау, өрттен қорғау яки қалпына келтіру, қауіптердің алдын алу жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Дәрісте қоршаған ортаны қорғаудың заманауи жаңа тәсілдері, орман экожүйесін қалпына келтірудің ғылыми жетістіктері, сондай-ақ табиғатқа жауапкершілікпен қараудың тәжірибелері айтылды. Еркін форматта өткен дәрісте мамандар студенттердің де сұрақтарына іркіліссіз жауап беріп, орман шаруашылығындағы кәсіби қызметтің қыр-сырын ашып көрсетті.

Өз кезегінде, «Семей орманы» табиғи резерватінің орман өсіру инженері Айдана Сабыржан өңірдегі экологиялық бастамалар туралы айтып берді. Студенттер үшін мамандардан тікелей ақпарат алу үлкен тәжірибе болды. Олар орман шаруашылығында қызмет етудің ерекшеліктері, экологиялық қауіптердің алдын алу іс-қимылдары және табиғатты қалпына келтіру жұмыстары жөнінде сұрақтарына жауап алды.

«Орман шебері» мамандығында білім алып жатқан студент Ақерке Талғат дәрістің студенттер үшін аса маңызды болғанын айтты.

«Экологияны тек кітаптан оқу басқа, ал оны күнделікті қорғап жүрген мамандардан тыңдау мүлдем бөлек деңгей. Осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұрған жөн, себебі бұл орманның «денсаулығы» мен санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Бүгін көшет отырғызу көрсеткіштерінің өсіп жатқанын білдім. Болашақта осы салада өзімді сынап көргім келеді. Экологияға өз үлесімді қоса аламын деп сенемін», деді Ақерке Талғат.

Колледж бен «Семей орманы» резерваті арасындағы серіктестік аясында алдағы уақытта да экологиялық бағыттағы лекциялар, практикалық кездесулер және студенттердің табиғат қорғау іс-шараларына қатысу мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, мұндай кездесулер жастардың табиғатқа деген саналы көзқарасын қалыптастыруға және «Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірде тиімді жүзеге асуына өз үлесін қоспақ. Жиын соңында мамандардан «Семей орманы» резерватында арқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын сұрап көрдік.

«Семей орманы» резерватында «Таза Қазақстан» акциясы өте үлкен аумақта және кешенді түрде жүргізіледі. Жоғарыда айтылғандай, біз тиісті мекемелермен бірлесе отырып, көшет отырғызу, құстарға ұялар салу, аумақтарды қоқыстан тазарту сияқты экологиялық жұмыстарды атқарып келеміз. 2025 жылы «Семей орманы» аумағында көшет отырғызу жұмыстары кең көлемде жүргізілді. Көктемде қарағай көшеттері отырғызған, жалпы 4 810 гектар алқап қамтылды. Күзгі маусымда 475 гектар аумаққа жабық тамырлы көшет отырғызылды. Жалпы есеппен алғанда, бір жыл ішінде 2 млн-нан астам көшет отырғызылды. «Семей орманы» резерватының басты міндеттерінің бірі – Мемлекет басшысының Абай облысында 2021-2027 жылдар аралығында 2 млрд көшет отырғызу жөніндегі тапсырмасын жүйелі түрде орындау. Осы бағытта үздіксіз жұмыс атқарылып келеді. Қазіргі уақытта резерват аумағында 21 мың гектардан астам жерге 100 млн-нан артық көшет отырғызылды. Сондықтан «Таза Қазақстан» тек бір реттік акция емес, бұл – әр азаматтың табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді мәдени қалып. Орман – біздің ортақ байлығымыз, сондықтан оны қорғау әр буынның міндеті», деді Айдана Сабыржан.

Абай облысы