
Ұрпақ ұмыт қалдырмауға тиіс тұлғалардың бірі биыл туғанына 100 жыл толған батырымыз Кенжебай Мәденов туралы кеңес одағының маршалы, Кеңес одағының төрт мәрте батыры Георгий Жуковтың: «...29 апреля в центре города развернулись наиболее ожесточенные сражения. На ратушу наступали 1008-й стрелковый полк и 1010-й полк 266-й стрелковой дивизии. Первым сюда ворвался взвод лейтенанта К.Маденова. Вместе с отважным лейтенантом смело действовали бойцы Н.П.Кондрашев, К.Е.Крюченко, И.Ф.Кашпуровский и другие. Они закидали вестибюль и коридоры ручными гранатами. Каждую комнату приходилось брать с бою», деп айрықша тебіреніспен баяндауы тегін болмаса керек.
Кенжебай Мәденов 1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданына қарасты Қаракөл ауылында дүниеге келген. Яғни соғыс басталғанда 16 жаста еді. Үлкен ағалары Өтеген, Алтынбай және Жауылбай Отанды қорғауға аттанып, артынша тетелес ағасы Жауылбайдың соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз алады. Өзінен бар болғаны үш жас үлкен ағасының қазасы Кенжебайды ызаға булықтырып, тәбеті қашып тамақ ішуден қалады. «Неге тамақ ішпейсіз?» деген шешесіне: «Мені Гитлер тойғызып қойды. Сұм фашистерден кек қайтармай, тамаққа орын жоқ» деп жауап беріп, 1943 жыл 8 қаңтарда 18 жасқа толмай жатып, майданға өз еркімен аттанады.
Ол әуелі Орынбор облысының Красный Холм мекеніндегі командирлер даярлайтын әскери училищесінде, кейіннен Уфа, Самара қалаларында оқып, қару-жарақтың әр түрімен, әскери тактикалық тәсілдерімен танысып, қоян-қолтық жекпе-жек әдістерін үйренеді. Оқу орнын тәмамдаған соң 1943 жылғы қараша айының 12-сi күні ІІІ Украин майданының 170-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында станокты пулемет бөлімшесінің командирлігіне бекітіледі. Сұрапыл соғыстағы алғашқы қадамын Кривой Рог түбіндегі ұрысқа қатысудан бастады. К.Мәденовке 1944 жылғы 27 тамыздағы Прут өзенi бойындағы аса жауапты шайқастарға қатысып, фашистерді талқандаудағы көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденi беріледі.
1944 жылғы қазан айының соңына таман 5-Екпiндi армия ІІІ Украин майданынан І Беларусь майданының қарамағына өтті. Осы армияға қарасты 266-дивизиясының 1008-полкiндегi взвод командирi К.Мәденов Польша жерiндегi Варшава-Познань операциясы кезiндегi ұрыстарда да қарауындағы солдаттарды жiгерлендipiп, ерен ерлiктiң үлгiciн көрсете білді.
Польшаны жаудан тазартқан соң К.Мәденовтің взводы 1945 жылы қаңтар айының соңында Германия жеріне табан тигізеді. Кеңес одағы әскерлерiнiң Берлиннен 70 шақырым жерге келгенде немiстер артиллериядан дамылсыз оқ атып, бомбаны бұршақша жаудырды. Жау әскері барлық таңдаулы күштерiн іске қосып, кеңес әскерлерін Одер өзенiне батырып жiберуге, ең болмағанда өзеннен өткізбеу үшін жанталасты. Немiстер кеңес танкілерінің алға жылжуына кедергi жасап, Одер өзенiндегi ескі көпiрдi жаруға әрекет жасайды. Полк басшылығы көпір жаруға жіберілген диверсанттардың көзiн жоюды Кенжебайдың взводына тапсырды. Олар жетi немiстiң көзiн жойып, көпiрдi сақтап қалды. Өлiм мен өмiрдiң арасын қылкөпір бөлiп тұрған сәттегі Кенжебай Мәденовтiң батылдығы мен жанқиярлығы ескерiлiп, ол екінші мәрте «Қызыл жұлдыз» орденiмен марапатталды.
Мәскеудегi Бас штабтың жоспарымен жасалған әйгiлi «Берлинге шабуыл» операциясына, І, ІІ Беларусь, І, ІІ Украин майдандарының армиялары қатысты. Осындай сәтте Мәденов өз взводымен қардай борап тұрған оққа қарамастан, Альт Одер өзенiнен өтіп, граната мен автоматтың күшiмен жау окобына түсiп, қоян-қолтық ұрыс жасау барысында 15 немiс солдатының көзiн жояды.
К.Мәденовтiң взводы 21 cәyipде Берлин қаласы жанындағы Марцан елдi мекенiнде власовшылармен болған ұрыста да ерекше көзге түскен. Осы шайқастар барысында Кенжебай жарақат алғанына қарамастан ұрыс алаңынан кетпей, қаруластарын жiгерлендiріп, І дәрежелi «Отан соғысы» орденiмен марапатталады.
Cәyip айының 29-ы күнi батальон командиры И.Бобылев К.Мәденовті шақырып алып немістердің Рейхстагтен кейiнгi ордасы, «Империя кеңсесі» аталған Ратушаның төбесiне жеңiс туын қадауға тапсырма береді. Осы бір қанды қырғын туралы 1965 жылы тамыз айында К.Мәденовтің өзі: «Біздің взвод бар пәрменімен алға жылжып келеді. Негізгі ой – неміс туын құлатып, өз туымызды қадау. Осы арман, осы мақсат мені алға сүйреді. Бір кезде қасымдағы жолдасым Кондратьев құлаған жерге мен де құладым. Тұла бойымды сипаймын, жарақат жоқ сияқты. Көп қимылдауға болмайды, мұндайды снайперлер көзден таса жібермейді. Сондықтан дыбыстау керек. Айналамда 3-4 адамнан ғана дыбыс болды. Кондратьевтен дыбыс естілмеді. Алда әлі 80-100 метр жер бар. Қалайда жету керек. Бар күшті жинап, қайта шабуылға шықтық. Жандәрмен үш адам Ратуша табалдырығына жеттік. Ол жерден бірнеше адам бізді қарсы алып, ілгері жүруімізге жәрдемдесті. Аз ғана үзілістен кейін 20 шақты адам баспалдақпен жылжыдық. Бұл жерде де қырғын соғыс болғаны көрініп тұр. Айналаға сақтықпен қарап, автоматымызды кезенген күйі ілгері жылжып келеміз. Ойда жоқта немістермен қолма-қол айқасқа түстік, екі жақтан да шығын болды. Мақсат – ілгері жылжу. Тағы да қақтығыс, тағы да жау. Сақ болу қажет, айла-тәсілсіз болмайды. Тағы да жаудың екі жауынгерін сұлатып, ілгері жылжыдым. Алдымдағы адамдар оққа ұшты ма, әлде жауынгерлік тапсырманы орындау үстінде ме, одан бейхабармын, тек қана арт жақта адамдар дыбысы естіледі. Қанша уақыт өткенін білмеймін, Ратуша күмбезінің ішкі жағына жетіп, қансыраған Константин Громовқа көмек бердім. «Шыда, досым, қазір Ратушада өзіміздің алқызыл туымыз желбірейді», дедім. Оның болар-болмас жымиып күлуге ғана әлі келді. Фашистің қара ала туы құлап түсті. Мен белімдегі қызыл туды шешіп алып, күмбез басына көтердім. Жіптің ұшын қадаға байлап үлгердім. Содан кейін айнала у-шу болды да кетті. Өзімнің қатты шаршағанымды алғаш рет сол жерде сезіндім. Есімді жиған соң каскамды қарасам, тіке тигені бар, жанамалай тигені бар алты оқ тиіпті. Тіпті біреуі каска мен пилотка аралығындағы Қызыл жұлдыз арасында тұр екен. Бұған өзім де таңғалдым», деп ерен ерлігін қарапайым баяндаған («Ратушаға ту тіккен қазақ батыры»).
Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласында Қазақстанның Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев өз әңгімесін: «Біздің істегеніміз, үлкен ұлы жеңіске қосылған бір кішкене бөлшек», деп түйіндейді. («Лениншіл жас» газеті, 1958 жыл). Мүмкін, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық тумысынан қанына сіңген, қазақтың батыр оғланы Кенжебай Мәденов үшін де қан-қасап соғыста, шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп гитлерлік Германияның аждаһа ордасы Ратушаға ту тігуі жеңіске қосылған шағын бір бөлшек болып көрінер. Алайда тәуелсіз Қазақ елінің, жаңа Қазақстанның реалистік тарихына қиянат жасалмауы керек. Қазақ халқының баһадүр ұлы Кенжебай Мәденов «Халық қаһарманы» атағына бірден-бір лайықты майдангер һәм ардагер деп санаймыз.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті, Журналистер одағының мүшесі