
Сөз жоқ, «Ana tili» – қазаққа қадірлі басылым. Бұл газеттің құрылу, өркендеу тарихын өз көзімізбен көрдік. Халықтың дәл осы газетті қаншалықты жақсы көргеніне, оған үкілі үмітін артып, әлі күнге ардақтап келе жатқанына бәріміз куәміз.
Алғашқы әңгіме, әдеттегідей, жыл қортындысынан жіптіктеп басталған. Бұл орайдағы қоғамның басты жетістігі ретінде Президент халықтың бір мақсатқа жұмылып, береке-бірлігін нығайта түсуінде деп көрсеткен. Өткен жылғы ауыртпашылықтар кезіндегі Үкімет пен ел арасындағы бірлескен жұмысқа Президент байыпты баға берген. Демек ел бірлігі мен ынтымақ, татулық пен ортақ мақсатқа жұмылған ерен еңбек қоғамның ең басты байлығы деген қағиданы қайыра еске салады.
Әрине, ауқымды әңгіменің бүкіл мазмұнын ашып айту мүмкін емес. Біздіңше, жұртшылықты елең еткізетін мәселелердің қатарында әлеуметтік желілерден бастап, отбасы, ошақ қасында айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелерге «Ана тілі» сияқты салмақты басылымда, Мемлекет басшысының өз ойын ашық білдіруі болса керек. Бұл, біріншіден, Мемлекет басшысының көп нәрседен хабардар екенін білдірсе, екіншіден, халық алдында ағынан жарылуын, төтесінен қойылған сұраққа түйткілсіз жауап беру мәнерін танытса керек. Мәселен, «Президент БҰҰ-ға кетеді» деген алыпқашпа сөзге арнайы, нақты жауап беріпті. Шынында, ел басқару жауапкершілігі артылып отырғанда Президенттің оны тастап кетеді дегені санаға сыймайды.
Сол сияқты уақыт белдеуіне қатысты өткен жолы Үкімет біржақты жауап берсе де, Мемлекет басшысының ол туралы әлі де мәселені жете зерттейміз деуі, халықтың жағдайынан хабардар екенін білдіретіндей. Сұхбатта «әділеттілік» деген ұғым да әңгіме өзегіне айналыпты. Елдің байлығын барлығымызға теңдей бөлсе деген қоғамның сауалына да толғамды уәж айтады. «Әділеттілік» деген барды жоққа, байды кедейге теңестіру немесе қоғам байлығын қайта бөліске салу емес, баршаға бірдей заңдылық, экономикалық, әлеуметтік жағдай туғызу дегенді дәйектейді. Мәселен, бюджет қаражатының басым бөлігінің әлеуметтік салаларды, денсаулықты, білімді дамытуға жұмсалатынын айтады. Осы тұрғыдан қарағанда әлеуметтік әділеттіліктің алдыңғы орынға қойылғанын көреміз. Былайша айтқанда, әділетті қоғамның өзі сол әлеуметтік әділеттілікті негізге алуға тиіс деп ойлаймыз және Президент соны байыппен түсіндірген.
Халықты алаңдатқан тағы бір үлкен мәселе «Парламенттік жүйеге көшеміз бе?» деген сауал еді ғой. Президент мұндай қадамды ойланып барып жүзеге асыру керек екенін ескертеді. Шынында да, қоғамның санасы өсіп, халықтың саяси мәдениеті жетіліп, байыпты демократиялық жолға түскенге дейін президенттік билік керек шығар деген ойдың салмағы ауырлау. Елдегі бар мәселені Парламент шешеді десек, ертең топ-топқа бөлініп айтысып, бір мәмілеге келе алмай отырғанда еліміздің жағдайы не болып кетуі мүмкін деген алаң көңіл де жоқ емес.
Сонымен қатар сұхбатта білім беру жүйесіне де назар аударылған. Түскен қаражаттың көп бөлігі жайлы мектептер салуға кетіп жатыр екен. Президент тапсырмасымен елімізде 217 мектеп салынуға тиіс болса, соның 105-і қолданылуға беріліпті. Демек жақын уақытта бізде үшауысымды мектептер жойылмақ. Әлемдік стандарттармен салыстырсақ, бұл – біздің білім беру саласындағы ең осал тұсымыз. Өйткені дамыған елдерде үшауысымды мектеп тұрмақ, екіауысымды мектептің өзі жоқ. Әсіресе Еуропа мен Америкада, Жапонияда ондай мектептерді іздеп таппайсыз. Ал бізде әлі күнге дейін үшауысымды мектептер де, тіпті кейбір ауылдарда бір сыныпқа бірнеше сыныптың балаларын әкеліп отырғызатын шағын комплектілі білім ошақтары бар. Осының барлығын жөнге салмай тұрып, білім сапасын көтеру мүмкін емес. Міне, осыдан кейін барып, ғылымды дамыту, өркениетке қол арту мәселелері қозғалады.
Сайып келгенде, Мемлекет басшысы сұхбат барысында көтерілген қоғамдағы пісіп-жетіліп тұрған өзекжарды мәселелерге байланысты толғамды ойларын ашық-жарқын ортаға салған.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА академигі