Тұлға • 04 Қазан, 2024

Академик әлемі

163 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл отандық тарих ғылымына сүбелі үлес қосқан, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі марқұм Мәлік-Айдар Хантемірұлы Асылбектің туғанына – 95 жыл. Р.Сүлейменов, М.Қозыбаев, Х.Арғынбаев, К.Нүрпейіс, З.Қинаятұлы, Б.Төлепбаев, сондай-ақ У.Шәлекенов, А.Оразбаев, Ә.Тәкенов, М.Ақынжанов, С.Жақыпбеков, Д.Дулатова, М.Даришев сынды өнегелі тұлғалар қатарында тарихшы-ғалымдардың тұтас буынының қамқоры болған, шәкірттерінің құрметіне, халықтың ілтипатына бөленген ұстазымыздың мұрасы ұлтпен бірге жасай береді.

Академик әлемі

Академик М.Х.Асылбектің ғылыми зерттеу ізденіс­те­­рі­нің басты бағыты «ХІХ ғасыр­дың 2-жартысы мен ХХ ғасыр­­дағы Қазақстанның әлеуметтік-эконо­мика­лық және саяси жағдайы мен демо­гра­фиясының даму процестері» тақы­рыбын зерттеумен байланысты болды. Соның ішінде ғалым зерттеулерінің ірі шоғыры ұлттық жұмысшы табының қалыптасуы, өндірістендіру үдерістерін зерттеу тақырыптарына арнайды. Оның Қазақстанда теміржолдың дамуына, Қазақстан темір жол мамандарының қалыптасуы мен дамуына, тұлғатануға (ұлттық интеллигенцияның тағдыры), демо­графиялық дамуына қатысты құн­ды еңбектері жарыққа шықты. Бұл тақырыптарды зерттеу отандық ғылым­ның ХХ ғасырдағы Қазақстанның этно-демографиялық және әлеуметтік-мәдени құрылымын талдаумен, қалаларының қалыптасуы, дамуымен тығыз байланыс­та қарастырылып отырды.

Ғалымның 1963 жылы қорғаған «ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан темір жолдарында жұмысшы мамандардың қалыптасуы» тақырыбындағы диссертациясында, 1973 жылы жарияланған «Қазақстан теміржолшы кадрларының қалыптасуы және дамуы (1917-1970 жж.)» монографиясында Қазақстанды жедел индус­трияландырудың ерекшеліктері екшелді. Еліміздегі пайдалы қазбаларға бай аймақ­тарды игерудегі көліктің, соның ішінде теміржолдың, оның қала мен ауылды, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын байланыс­тырудағы орны ашылды. Моно­гра­фияда теміржолшы мамандарды қалыптастырудың ең бас­ты кезеңдері, әлеуметтік көздері мен оны толықтыру жолдары, 1920-1930 жылдардағы жұмыс­­сыз­дыққа қарсы күрес, Түрксіб, Транс­қазақстан магистралінің (Петропавл – Көк­шетау, Көкшетау – Ақмола, Ақмола – Қарағанды және т.б.) бөлімшелері мен басқа да теміржол тармақтарының құры­лысы мен пайдалану жұмысына қазақ шаруаларын, бірінші кезекте сыртқа кеткендерді тартудың ерекшеліктері, жынысы, жасы, еңбек өтілі, білім деңгейі­нің сандық және сапалық динамикасы зерттелді. Оның ішінде теміржол көлі­гінде көбірек шоғырланған ұлттық маман­дарға назар аударылды. 1974 жылы «Қазақ­стан теміржолшы мамандарының қалыптасуы және дамуы (1917-1970 жж.)» тақырыбында тарих ғылымдарының докторлығы дәрежесін алу үшін диссертациясын қорғап шықты.

Мәлік-Айдар Хантемірұлы маман жұмысшылар қатарында қазақтар үле­сінің төмендігін, қазақстандық мамандар қатарында көші-қон үдерісінің нәтижесінде сырттан келген өзге этнос өкілдерінің үлесінің басым екен­дігін байқап, бұл мәселенің тарихи демографиялық талдануының маңыз­дылығын түсініп, тарих ғылымының «ақтаңдақ», ашылмаған тұсын дөп көре білді. Бұл оның тарихи демография саласындағы зерттеулер жүргізуді бас­тауына негіз болды. Кеңес дәуірінде, әсіресе 1920 жылдың екінші жартысынан бастап Қазақстан тарихи демографиясы мәселелері жөнінде едәуір зерттеулер жарық көрді, бірақ 1937 жылы Бүкілодақтық санақ кеңес өкіметі басшыларының халық санының күрт өсуі туралы болжамын ақтамаған соң, кеңес одағы бойынша тұрғындардың демографиялық мәліметтеріне ресми тыйым салынды деуге болады. Кеңес­тік идеология барлық ұлттың теңдігі мен өзін-өзі билеу (өз алдына мемлекет құрып, бөлініп шыққанға дейін) құқығы ашық жарияланғанымен, көп республикалардағы жергілікті халықтың азайып кетуі, Сібір мен Қиыр Шығыстағы ондаған ұлттың жоғалып кетуі, 1917-1923 жылдар, 1921-1922 жылдар, әсіресе 1931-1933 жылдардағы ашаршылық себеп­­терін, Екінші дүниежүзілік соғыс­тағы адам шығыны айтылмады. Тарихи демографиялық бағыттағы зерттеулер жүргізілмеді. Соған қарамастан, осы кездері жарияланған Б.Сүлейменов, П.Галузо және басқа белгілі тарихшы­лардың еңбектерінде 1917 жылы револю­цияға дейінгі Қазақстан халқының саны мен құрамы және территориялық орналасуы жөнінде мәліметтер келтіріл­генін Мәлік Хантемірұлы әрдайым айтып отыр­ды. 1970-1980 жылдары тарихи демография ғылымы тоқыраудан бір­тін­деп шыға бастады. 1980 жж. Н.Бекма­ха­но­ваның екі монография­сы мен Н.Алексеенконың кітабы жарық көрді. Бұл еңбектер­де Қазақ­стан халқы­ның 1917 жылы революцияға дейінгі этно­­де­мо­графиялық дамуы мен көші-қон үде­рістері қарастырылады. Бірақ тарихи демо­графия мәселелерін қамтыған зерттеу­лер әлі де шектеулі болды.

80-жылдары Тарих және этнология институты ғалымдарының зерттеу­лерінде қазақ халқының құрамында болған өзгерістер қылаң бере бастады.­ Мысалы, 1983 жылы қазан айында­ «Коммунистік құрылыс тарихы» бөлі­мінің аты «Қазақстанның индус­триал­дық дамуы және жұмысшы табы тарихы» деп өзгертіледі. 1985 жылы бөлім қызметкерлері М.Х.Асылбек пен Б.Әбішеваның жетекшілігімен «Кеңес­тік Қазақстанның индустриалдық дамуы және жұмысшы табының өсуі» тақырыбы бойынша зерттеу аяқталды. Зерттеу барысында жұмысшы табының құрамындағы сандық және сапалық өзгерістер де қарастырылған болатын. Содан кейін 1989-1991 жылдары «Қазақ­стан транспортының дамуы және оның жұ­мысшы мамандарының өсуі (1917-1985 жыл­дар)» атты жоспарлы тақырыпты (жетек­шісі М.Х.Асылбек) орындау барысында қазақ халқының басынан өткізген қайғылы сәттердің нәтижесі тағы да анық көрініс тапты.

1980 жылдың екінші жартысынан бас­тап, бөлім қызметкерлерінің бір тобы ғылыми зерттеу бағытын Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық дамуын зерттеуге бұрды. Мәлік Хантемір­ұлының тікелей басшылығымен халық­тану саласындағы сеңді бұзарлықтай зерттеу жұмысы жүргізілді. М.Х.Асылбек пен Ә.Ғалидің «Қазақстандағы әлеу­меттік-демографиялық процес­тер (1917-1980 жылдар)» (Алматы, 1991 жылы) монографиясы қоғамдық ғы­лым­дардың кеңес заманында қатты идео­логиялық тегеурінде болған саласы тарихи демографияға бетбұрыс әкелді. Бұл еңбекте еліміздің әлеуметтік-демо­графиялық дамуы кең көлемді әлеу­­м­еттік-экономикалық және саяси өзге­рістер негізінде алғаш рет қарасты­рылды. Қазіргі кезде Тарих және этноло­гия институтының тарихи зерттеу сала­сының бірі болып отырған тарихи демо­графия ғылыми саласындағы зерттеу жұмыстарының жалғасуы Мәлік аға­мыз­дың өндірістендіру мен жұмысшы ма­ман­дардың қалыптасу тарихын зерттеу ба­ры­сындағы ғылыми қызметімен тығыз бай­ланысты екенін айта кеткен абзал.

1991 жылдан бастап Қазақстанның шынайы тарихи дамуын зерттеудің маңыз­дылығына байланысты Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының «Қазақстанның индус­­триалдық дамуы мен жұмысшы табы­ның тарихы» бөлімінің аты өзгер­тіліп, «Қазақстанның әлеуметтік-эко­но­микалық проблемалары тарихы» бөлімі деп аталды. 1991-1993 жылдары бөлім қызметкерлерінің бір тобы тарихи демография саласы бойынша, М.Х.Асылбектің жетекшілігімен «Қазақ­стан халқының әлеуметтік және ұлттық құрамындағы өзгерістер (1917-1989) жыл­дары» тақырыбында зерттеу жұмы­с­ын жүргізді. Негізгі ғылыми нәти­же­лері: алғаш рет Қазақстан халқы­ның әлеуметтік құрамы мен ұлттық құ­ры­­­лы­мындағы ұзақ мерзімдегі өзгерісі көр­­сетілді. Зерттеулерде, әсіресе өтпелі ке­зең­­дегі әлеуметтік-экономикалық қайта құру­­лар­дың нәтижелеріне баса назар аударылды.

Мәлік Хантемірұлының ғылыми шы­ғар­ма­шылығын талдаған сайын, «Асқар тау алыс­таған сайын биіктей береді» дегендей, оның ғылыми, тәлім-тәрбиелік мұраларының маңызы мен өміршеңдігін ерекше сезінеміз. Шәкірттерімен әңгіме бары­сында академик тарих ғылымының бүгінгі жағдайын, өзекті мәселелерін, зерттелуіндегі кемшін тұстарын айта отырып, мәселелердің жан-жақты қырлары мен кейбір теориялық-методологиялық тұстарын үнемі айтып отыратын, ол ойлар біртіндеп ірі ғылыми тұжырымдарға айналатын.

М.Х.Асылбек Қазақстанның көрнек­ті ғалымдары мен саяси қай­рат­кер­лерінің еңбектеріне үлкен құр­мет­­пен қарап, олардың қызметтері мен ғылыми мұрасына көңіл бөлді. Оның жетекшілігімен және тіке­лей қатысуы­мен қазақтың көрнек­ті қай­рат­керлері Ә.Бөкейхан, М.Тыныш­баев, Т.Рысқұлов, ғалым-ұстаз С.Толы­беков, А.Панкратова, П.Галузо, А.Нүсіпбеков, Б.Сүлейменов, Г.Дахшлейгер, С.Тәжібаев, М.Қозы­баев сынды қайраткерлердің қызме­тіне қатыс­ты жұмыстар жарық көрді. Тұлға­­­тану мәселелеріне байланыс­ты еңбек­те­рінің маңыздылығы сонда, ол тарих ғы­лы­мындағы ірі тұлғаларға қатысты «Кейінгі тәуелсіздік жылдары ішінде қалыптаса бастаған жаңа саяси-ғылыми көзқарастардың қатал да әділ деңгейінен үңіле қарағанның өзінде бірнеше аға буын тарихшы ғалымдарымыздың халық басынан өткен қилы-қилы замандарды, дәуірлер мен кезеңдерді, шым-шытырық оқиғалар мен өзгерістерді зерттеуде қыруар еңбек етіп, өшпес мұра қалдырғандығына көзіміз жетеді» деген тұжырымды ұстанып, өз мақалаларында әрбір тұлғаның ерекшеліктерін нақты көрсетіп отырды.

Мысалы, М.Х.Асылбек өзі­нің ұстазы Бегежан Сүлейме­нов­тің тарих ғылымы саласына келгенге дейінгі өміріне талдау жасап, жекеше тұрған күрделі мәселе ретінде – 1950 жылдың басында Мәскеу мен Қазақстанда, әсіресе Алматыда, тарихшы және әдебиетшілер қауымында орын алып, өрлеп, шектен шыққан, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Вяткиннің редакциясымен шыққан Е.Бекмахановтың «Казахстан ­в 20-40 годы ХIХ века» деген монографиясында зерттелген Кенесары Қасымов бастаған қазақтардың ұлт-азат­тық қозға­лысы туралы айтыс-тар­тысқа Б.Сүлей­­меновтің қатысы туралы пікіріне келейік. Ол «Е.Бекмахановтың ең қатаң әрі тұрақты сыншыларының бірі болған Б.Сүлейменов, оның тым өткірлігіне қарамастан, Кенесары қоз­ға­лысын реакциялық, феодалдық-мо­нар­­­хия­лық емес, керісінше отарлауға қарсы, стихиялық деп санады» деп атап көрсетеді. Әрбір адам – өз заманы­ның перзенті. Кеңестік идеологиялық, құқықтық қысым жағдайында Б.Сүлей­­меновтің мұндай пікірді жариялауы үлкен ерлікті қажет ететінін көрсетіп, оның тұлғалық бейнесіне назар аудартады, болашақ зерттеулерге өзек болатын мәселелерді белгілейді: «Осы жерде сауал туындайды: бұл қалайша, Е.Бекмахановты «әшкереледі», бірақ Б.Сүлейменовті одан ерте тұтқындап, соңынан босатты. Қазақстанның екі аса ірі кеңестік тарихшыларының тағдыр­ларындағы осы айтарлықтай факт анағұрлым байсалды және арнайы зерттеулерді қажет етеді, деп ойлаймын. Біз өз тарапымыздан, Б.Сүлейменовтің 1951-1952 жылдары әшкерелеушілерге, соның ішінде Ж.Шаяхметов басқарған Қазақстан Компартиясының ОК басшылығына қарсы әрекеттері мен сөйлеген сөздері мұнда басты рөл атқарды, – деп есеп­тей­міз – Е.Бекмахановпен есеп айырысу үшін, бірінші кезекте оларға Б.Сүлейменовті қоғамнан оқшаулау қажет болды» деп өз пікірімен бөліскен болатын.

 «Мен Қазақстан тарихы үйірме­сіне қатысып, Б.Сүлейменовпен, В.Шах­ма­товпен, Е.Бекмахановпен араласа бастадым. Студенттер конференциясында баян­дамалар жасадым. Көп кешікпей, 1950 жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде «За марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» деген үлкен мақала (авторлары: Х.Айдарова, Якунин, Т.Шойын­баев) жарияланды да, респуб­ликада, әсіресе Ғылым академиясы мен уни­верситетте, оның ішінде тарихшылар арасында айтыс-тартыс бас­талды. «Ұлтшылдарды» әшкерелеу, қуғын-сүргінге салу науқаны басталды. Академия президенті Қ.Сәтбаев, университет ректоры Т.Тәжібаев, т.б. орнынан түсті. М.Әуезов Мәскеуге кетіп, бас сауғалады. Тарихшылардан алдымен Б.Сүлейменов, содан соң Е. Бекма­ханов 25 жылға сотталып, жер аударыл­ды. Университеттегі сту­денттерді қуда­лау жүріп жатты, кей­біреу­лері оқудан шығарылып, сотталды. Уни­вер­си­тет ком­­­сомол комитеті хатшысы С.Жақып­бе­ков орнынан алынды. Барлық науқан Кене­сары Қасымов бастаған Ұлт-азаттық қоз­ғалысына кері баға беріп, реакциялық-монархиялық көтеріліс деп санау бағы­тын­да жүрді. Мен де бұл қуғыннан тыс қал­­мадым. «Ұлтшыл» деп, университет ком­сомол комитеті қатаң сөгіс берді. Пар­тия тарихы мамандығынан Кеңес одағы тари­хына ауыс­тырды, тіпті Қазақ­стан тари­хына да жібер­меді. Бұл 1950-1953 жыл­дары қазақ ғылы­мы мен біліміне қия­нат жасалған қай­ғылы да, қасіретті де жылдар еді», деп еске алғаны есімізде.

Академик М.Х.Асылбек: «Менің бай­лы­ғым – шәкірттерім. Тарих ғы­лы­­мын дамыту үшін шынайы пікір­та­лас өте қажет, бұл пікірталаста нақты, дәлел­ді, жаңа деректер мен әдебиетке сүйе­ніп пікір айту – үлкен ғылым жолы. Бұ­рын­ғы тұжырымың қате болса, одан ашық­тан-ашық бас тартып, себептерін түсін­­діру керек. Пікірталаста жеке басқа тиісу­ден, асығыс тұжырым жасау­дан аулақ болған жөн. Ғылым жолы таза, әділ болуы керек», деп отыратын. Ака­демик ұлт­тық мүддені өзінің де, шәкірт­те­рінің де негізгі мақсатына айналдыра білді. Ол 50 ғылым кандидатын, 13 ғы­лым докторын дайындады. 15 монография, 346 ғылыми еңбек жариялады. 5 том­дық «Қазақ ССР тарихы», 5 томдық «Қа­­зақ­стан тарихы», «Қазақстан тарихы. Очерк», «История рабочего класса Совет­ского Казахстана» екітомдық және тағы бас­қа да күрделі еңбектерді жазуға белсене араласты.

Тарланбоз тарихшының зерт­теу­лері бүгінгі және болашақтағы тарих­шы­лардың рухани олжасы деп білеміз.

 

Айжамал Құдайбергенова,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы