Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ғылым музейінің құрылыс барысы мен іске асыруға дайындыққа арналған кеңесте жұмыс барысын талқылады. Қазіргі уақытта ғимараттың инженерлік жүйелері мен конструкцияларын монтаждау жалғасып, шыны күмбез орнату, экспозиция элементтері мен мультимедиялық инсталляциялар әзірленіп жатыр.
Музей балалардың ғылым мен технологияға қызығушылығын арттыруға бағытталған жаңа білім беру кеңістігіне айналады. Мұнда инклюзивті бағыттағы жобалар бар. Қала басшысы атап өткендей, музей балалардың ғылымға қызығушылығын оятып, зерттеушілік қабілетін арттыруға ықпал етеді. Музей ұлттың зияткерлік болашағын қалыптастыруға бағытталған игі жобалардың бірі ретінде жалғасатын болады. Интерактивті кеңістік балалардың ғылым, технология, инженерия және математика салаларына қызығушылығын ерте жастан дамытады.
Қазіргі кезде музей контентін әзірлеу бойынша жұмыстар, яғни фокус-топтар ұйымдастырылып, сараптамалық талқылаулар өткізілуде. Қала басшылығы музей мазмұнына ерекше көңіл бөліп жатыр. Мұнда маңызды бағыттардың бірі балаларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға арналған білім беру анимациясы мен интерактивті бағдарламалар кешені. Музей ғылыми-ағартушылықпен бірге әлеуметтік маңызы бар орталыққа айналмақ.
Болашақ музейдің операциялық моделі де қалыптастырылған. Ішкі регламенттер, стандарттар, рәсімдер және лауазымдық нұсқаулықтар әзірленді. Қызметкерлерді даярлау мен халықаралық тәжірибені зерделеуде Singapore Science Centre орталығының тәжірибесі де қарастырылған.
Жоспарға сәйкес музей келесі жылдың маусымында ашылады. Қала басшысы балаларға арналған бұл кеңістіктің мазмұны мен құрылысы толықтай балалардың қажеттіліктеріне бағытталуы, барлық сапа және қауіпсіздік талаптарына сай болуы керектігін атап өтті. Алматы әкімі құрылыс барысына, мерзімнің сақталуына және музейді мазмұнмен толықтыруға қатаң бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ нысанның балаларға арналған ең үздік ғылыми білім беру орталықтарының бірі болатындығына сенім білдірді.
АЛМАТЫ