Форумға Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, облыс әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстық мәслихат өкілдері, сондай-ақ жергілікті фермерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысуда.
Іс-шара жұмысы «AgroQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесінен басталды. Көрмеде ауыл шаруашылығы техникасы мен «Бір ауыл – бір өнім» жобасының өңірлік қатысушыларының өнімдері ұсынылды.
Ұлытау облысы егіншілік пен мал шаруашылығы дамып келе жатқан өңір. Облыста ішкі өндірісті арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып отыр. Атап айтқанда, ет өңдеу бағыты бойынша өндірістер іске қосылып, жұмыртқа өндіретін құс фабрикасы жұмысын бастады. Азықтық базаны нығайту мақсатында суару жүйелері енгізілді. Егіс алқаптарын ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар қолға алынған.
Облыс құрылғалы бері ауыл шаруашылығы саласына 8,5 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бастап бұл салаға 2,5 млрд. теңге инвестиция құйылып, өткен жылғы сәйкесінше кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 46 пайызға өсті.
Биылғы жылы агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялауға 4,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат шамамен 780 шаруа қожалығына көмек көрсетіп, олардың техникасын жаңартуына, заманауи технологияларды енгізуіне, өндіріс өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруына мүмкіндік берді.
Жыл басынан бері шамамен 200-ден астам түрлі ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл ауыл шаруашылығы техникасы паркін 6,5%-ға жаңартуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 2025 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылым көлемі 58,3 млрд. теңгені құрады, ал егін жинау көлемі 20 мың гектарды қамтыды. Барлық жинақталған астық көлемі 21 мың тоннаны құрап, орташа түсім гектарына 11 центнер деңгейінде болды. (2024 жылы 8 центрнерді құрады).
Биыл өңірімізде алғашқы рет «Отбасылық ферма» жобасының практикалық іске асырылуы басталды. Бастамаға 34 шаруа қожалығы мен 2 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қатысып отыр.
Жоба аясында 8 мың асыл тұқымды ірі қара, 13 мың қой мен 2 мың жылқы сатып алынды. Инфрақұрылымға облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, тұрғын үйлер, қора-жайлар салынып, су және электр желілері тартылды. Бағдарламаның ерекшелігі мал басын өсіруден, мал бордақылау, сою цехын, бие сүтін өңдеу, вакуумдалған ет өнімдерін шығару дейін толық өндірістік циклді қамтылу болып табылады.
Жобаның негізгі міндеттерінің бірі - өңірдегі бордақылау алаңдарына малдың тұрақты және уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай күшейтеді.
Сонымен бірге, жоба ішкі нарықты сапалы жемшөппен қамтамасыз етуге және тұрақты жемшөп қорын қалыптастыруға бағытталған.
Алдымызда жер ресурстарын тиімді пайдалану, суармалы жерлерді дамыту, өнімділікті арттыру, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру міндеттері тұр.
Жақында облыс делегациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Республикалық ауыл шаруашылығы форумына қатысты. Іс-шарада мал шаруашылығына қосқан елеулі еңбегі үшін ұлытаулық Асқар Әлиұлы «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Осындай ел алдындағы маңызды міндетті абыроймен атқарып, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосып келе жатқан ауылшаруашылық саласының қызметкерлері мен еңбеккерлерін Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков мерекемен құттықтап, алғыс айтты.
Ұлытау облысы