Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлерді, суретшілер мен құрақ құрау өнерінің үздіктерін біріктірген маңызды мәдени оқиға жоғары деңгейде өтті.
Тоқыма өнерінің бай дәстүрін паш еткен туындыгерлерге алғысын білдірген пэчворк тігісі қауымдастығының президенті, жобаның бастамашысы әрі көрме ұйымдастырушысы Т.Б. Штрошерер, айтулы өнер адамзат мәдениетінде айшықты мәнге ие екенін атап өтті.
Іс-шарада Ұлттық орталық музей директорының міндетін атқарушы Сержан Саров құттықтау сөз сөйлеп, көне қазақ өнері – құрақтың жаңғыруының маңызына тоқталып, оның уақыттар сабақтастығын сақтай отырып, қазіргі шеберлердің жұмыстарында көрініс тауып отырғанын мәлімдеді.
Салтанатты бөлімге халықаралық қазылар алқасы – Марсель Рамсейер (Швейцария), Наталья Кривец (Франция), Дмитрийщ Дзибалов (Қазақстан), Наталья Маметниязова (Қазақстан) және Тамара Штрошерер (Германия) қатысып, «Әлемдерді тоғайту: пэчворк — мәдениеттер диалогы» конкурсының жеңімпаздарын BERNINA (Швейцария), CROWN (Германия) «Тігін Машиналары Үйі» компаниялары ұсынған бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Көрмеде Наталья Кривец жинаған көне қазақ кілемдерінің бірегей топтамасы, сондай-ақ түскиіз, құрақ, пэчворк және арт-квилт шығармалары ұсынылды. Бұл экспозиция 2025 жылы Сент-Мари-о-Минде (Франция) өткен отызыншы мерейтойлық фестивальда зор жетістікке жеткен болатын. Бұл фестиваль — Жапонияның Токио және АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласындағы фестивальдерден кейінгі тоқыма өнеріндегі әлемдегі ең ірі үш оқиғаның бірі.
Көрмеде отандық жетекші квилтинг және пэчворк шеберлерінің жеке көрмелері де таныстырылды. Олардың қатарында Н. Дьяченко, Н.Маметниязова, З. Белгібаева, М. Турлыбекова, Г. Сурнина қатарлы шеберлер бар.
Жоба аясында «Әлемдерді тоғайту: пэчворк — мәдениеттер диалогы» атты конкурс көрмесі ұйымдастырылып, онда жүздеген матаның қиықтарынан құрастырылған бірегей полотнолар халықтар достығының символы ретінде көрініс тапты.
Қонақтар үшін лотерея ойнатылып, ұлттық киімдер көрсетілімі және «Тігін Машиналары Үйінің» тәжірибелі кеңесшілері жетекшілік еткен, заманауи жабдықтармен лоскут тігісі бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.