Қаржы • 25 Қыркүйек, 2024

Қайтарылған активтер қалай реттеледі?

194 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің заңына сәйкес мемлекетке қайтарылған активтерді басқару міндетін Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания (жылжымалы және жылжымайтын мүлікті сатып, жалға береді) және Арнаулы мемлекеттік қор (Қаржы министрлігінде ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты) жүзеге асырады.

Қайтарылған активтер қалай реттеледі?

Инфографика жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания былтыр қыркүйекте құрылып, Қаржы министрлігінің 2023 жылғы 5 қазандағы №1061 бұйрығымен аталған ұйымға берілген активтерді басқару қағидалары бекітілді.

Сонымен қатар «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды іске асыруға қажетті заң­намалық база қабылданып, Арнаулы мемлекеттік қор (арнайы шот) ашылды. Арнаулы мемлекеттік қор – Бюджет кодексіне сәйкес, Қаржы министрлігінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ еліміздің заңна­масында айқындалған тәртіппен актив­терді қайтару жөніндегі уәкілетті ор­ган­ның шығыстарын қаржыландыру мақсатында ақшаның түсімдері мен шығыстарын есептеу үшін ашылған қолма-қол ақшаны бақылау шоты.

Аталған қордағы қаражаттың тү­сім­дері мен жұмсалуы туралы ақпа­ратты Қаржы министрлігі жыл сайын жариялауға тиіс. Арнаулы мемлекеттік қордың түсімдері ретінде тиісті заңда және еліміздің басқа да заңдарында белгіленген тәртіппен қайтарылған мүлікті өткізуден, сондай-ақ басқарушы компанияның меншігіне немесе заң­намаға сәйкес активтерді басқару жөнін­дегі қызметтің нәтижесінде әрі өзге де мүлікті сатудан түскен ақшаны айтуға болады.

2024 жылдың 20 қыркүйегіндегі жағ­дай бойынша бұл қордағы қаражат сомасы 176,5 млрд теңгеге жетіп, басқа­рушы компаниядан (активтерді сатудын және активтерді басқарудан (жалға беру) 5,9 млрд теңге түскен.

Арнаулы мемлекеттік қордың қара­жа­тын бөлу мәселесі Республикалық бюджет комиссиясында міндетті түрде орта­лық мемлекеттік органдардың ұсы­­­нысымен Бюджет кодексіне сәйкес қарастырылады. Қордағы ақша еліміздің әлеу­меттік-экономикалық жобаларын қаржыландыруға жұмсалмақ. Тиісті қаржыландыруды алу тәртібі Әлеу­меттік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын ай­­­қындау қағидаларында (Ұлттық эко­­но­мика министрінің 2023 жылғы 20 қыркүйектегі №165 бұйрығымен) бел­гіленген. Қағидалардың деректеріне сәйкес, мемлекеттік органдар әзірле­ген жобалар Ұлттық экономика министр­лі­гінің экономикалық сараптамасынан өтеді. Әрі қарай жобаларды Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен қаржыландыру мәселесін Қаржы ми­нистр­лігі Республикалық бюджет комис­сиясына қарауға шығарады.

Қор қаражатын пайдалану және мониторингілеу тәртібі Арнаулы мем­ле­кеттік қор қаражатын пайдалану және мониторингілеу қағидаларында ай­қын­далған (Қаржы министрі мін­детін атқарушының 2023 жылғы 29 қыр­күйектегі №1033 бұйрығымен бекітілген).

Осы ретте Қаржы министрлігі ай сайын аталған қордың есепшотындағы қаражат мөлшеріне мониторинг жүр­гізеді. Бұл орталық мемлекеттік орган­дардың немесе жергілікті атқарушы органдардың шоттарына түскен қа­ражаттың уақтылы пайдаланылуын ба­қылауға мүмкіндік береді (6 ай ішінде қаражат пайдаланылмаған жағдайда ақша қордың шотына қайтарылады).

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС қолданыстағы заң шеңберінде мемлекетке қайтарылған, өтеусіз негіздегі келісімшарттар шең­берінде берілетін активтерді, олар­дың ішінде Қазақстанда әрі одан тыс жерлердегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік нысандарын қабылдау бо­йынша жұмысты жүргізіп келеді.

Инфографика жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

(Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»)

 

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 5 қазандағы №1061 «Басқарушы компа­нияға берілген активтерді басқару қағи­да­ларын бекіту туралы» бұйрығымен қайтарылған активтерді басқару тәртібі бекітілді. Көрсетілген қағидалар бойынша активтерді сату Арнаулы мемлекеттік қорды толықтыру мақсатында жүзеге асырылады және басқарушы компания мүлкінің құрамына түскен активтерді басқарудың негізгі мақсаты болып саналады. Осы орайда активтер сатылғанға дейін мүлікті жалға беру (жалдау), сенімгерлік басқаруға өткізу сынды активтерді басқару тәсілдері қолданылуы мүмкін екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ еліміздің заңнамасына және актив орналасқан мемлекеттің заңдарына қайшы келмейтін басқарушы компания белгілеген өзге де тәсілдер қарастырылуы мүмкін. Бұған қоса мемлекеттің мүддесі бар активтерді мемлекет меншігіне беру мүмкіндіктері де қарастырылған.

2024 жылдың 23 қыркүйегіндегі жағ­дай бойынша басқарушы компания­ның балансына берілген жалпы сомасы 51,3 млрд теңгені құрайтын 219 активке байланысты меншік құқығы тіркеліп, балансқа қойылды. Олардың ішінде 196 зергерлік бұйым болса, 23-і – басқа активтер. Бұл – тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік, өндірістік база, тұрғын емес үй-жайлар, заңды тұл­ғаның жарғылық капиталдарына қатысу үлестері, аяқталмаған құрылыс, жер учаскелері, жылжымайтын мүлік объек­тісінің тауарлық-материалдық құн­дылықтары мен негізгі құралдары. Жалпы құны 36,9 млрд теңге болатын активтерді (виллалар, автокөліктер, пәтерлер, қоймалық үй-жайлар, тұрақ орындары, тұрғын үйлер, аяқталмаған құ­рылыс) өткізу келісімшарттарына қол қойылды, сондай-ақ 0,4 млрд теңге сомаға заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін беру үдерісі жүріп жатыр.

Еліміздегі активтер www.e-qazyna.kz Мемлекеттік мүлік тізілімінің пор­­талында сатылады. Шетелдегі ак­тив­терді сату актив орналасқан елдің заң­на­масы шеңберінде жүзеге асырылады.

 

Бақытбек ТӘШЕНОВ,

Қаржы министрлігі

Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің төрағасы