Аймақтар • 23 Сәуір, 2024

Жағалауды жабыла нығайтып жатыр

62 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Атырау облысында елді мекендерді тасқын судан қорғау мәселесі күн сайын талданып, бөгетті нығайтуға басымдық беріліп отыр. Өйткені көршілес Батыс Қазақстан облысындағы ахуал атыраулықтарды да алаңдатады.

Жағалауды жабыла нығайтып жатыр

Фото: atpress.kz

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, тасқын суға байланысты екі түрлі пікір қалыптасып отыр. Оптимистік ұстанымдағылар тасқын судың келмейтініне сенімді. Мәселен, «Қазгидромет» РМК Атырау облыстық филиалының инженер-гидрологі Людмила Приданованың айтуынша, мамандар судың көтерілу деңгейін, ағысын, тереңдігін, жайылу енін ұдайы өлшейді.

«Атырау облысында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаннан бері Жайық өзенінің деңгейін 4 сағат сайын өлшеуге кірістік. Түрлі өлшем алынғаннан кейін судың орташа есеппен секундына қанша текше метр көлеммен ағатыны есептеледі. Бақылаушылар қорытынды есепті «Қазгидромет» орталығына тапсырады. Содан соң гидрогеологиялық бюллетень жасалады», дейді Л.Приданова.

Оның айтуына қарағанда, Жайық өзенінің суы Атырауға жеткенге дейін жайылма мен каналдарға шығады. Сол себептен өзендегі су ағыны да, көлемі де азаюы мүмкін. Алайда көрші өңірдегідей қауіпті жағдай қалыптасуы мүмкін екеніне алаңдайтындар аз емес. Мұндай пікірдің үрейге бой алдырудан туындайтыны даусыз. Осыған орай облыс әкімі С.Шәпкенов елді мекендерді тасқын судан қорғау мәселесі талқыланған жедел штабтың жиынында жергілікті атқарушы органдардың барлық жағдайға дайын болуына назар аударды.

«Біріншіден, Батыс Қазақстан облысындағы ахуалды ескеріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын күшейту қажет. Тұрғындар тасқын су келген жағдайда нақты қандай қадам жасау қажеттігін білуі керек. Екіншіден, Жайық өзенінің жағалауындағы қауіпті тұстарды анықтау үшін ұдайы талдау жүргізгеніміз жөн. Тасқын суға қарсы қажетті іс-шараны тек Атырау қаласында ғана емес, Индер және Махамбет аудандарында да қабылдау қажет. Үшіншіден, жағалауда салынып жатқан бөгеттің сапасы мен тығыздығына назар аударуымыз қажет. Мамандар бөгеттің сапасына қажетті өлшеу мен сынақтарды жүргізіп, осал тұстарын анықтауы керек. Тасқын су бөгеттің әлсіз тұсын бұзып кетсе, мыңдаған атыраулықтың, компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың еңбегі зая болмақ», деді С.Шәпкенов.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін бөгеттің ұзындығы 512,2 шақырымға ұлғайтылған. Қазір өңір аумағында 462,88 шақырымға бөгет салу, бұрынғысын биіктету жұмысы жалғасып жатыр. Су айдындарының жағалауына құм толтырылған 2 млн 700 мыңнан аса қап төселген. Бұл жұмысты атқаруға 15 264 адам, 1 745 техника тартылған. Мәселен, 21 сәуірге дейін 221,1 шақырым бөгет тұрғызылған.

С.Шәпкеновтің пікірінше, арнайы бөлінген әр учаскеде кезекшілік ұйымдастырылуы керек.

«Әсіресе Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуін, ағыстың жылдамдығын, бөгеттің жайын ұдайы бақыламасақ, кейін қауіпті сейілту қиынға түсуі мүмкін. Сол себептен жергілікті белсенділер, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, әкімдіктер мен полиция өкілдерінің қай учаскеге жауапты екені жөнінде алдын ала тізім жасалуы қажет. Учаскелерге баратын кезекшілер барлық қажеттілікпен қамтамасыз етіледі», деді өңір басшысы.

Қазір Жайық өзенінің жағалауында бөгет тұрғызу дамылсыз атқарылып жатыр. Бөгет салушылар дайындықты тас-түйін ету үшін тыным таппай еңбек етіп жүр. Солардың қатарында «Бірлік» ЖШС өкілі Сәттібай Дәулетияров та бар. Оның атқаратын қызметі – ауыр жүк кранының операторы. Ол Жайық өзенінің жағалауында күніне 12 сағат жұмыс істейді.

«Құрылыс индустриясындағы жұмыстарды атқаруға ауыр жүк краны өте қажет. Қазір Алмалы аулындағы өзен жағалауына бетон плита төселіп жатыр. Бұл кран бір мезетте 30 тонна жүк көтереді. Менің міндетім – көлікпен жеткізілген плиталарды түсіріп алып, жағалауға төсеу», дейді С.Дәулетияров.

Өзі көп жылдан бері Атырау қаласындағы Геолог елді мекенінде тұрады. Ал Алмалы мен Геолог Жайық өзенінің екі жағалауында орналасқан. Сол себептен болар, Сәттібай Алмалы аулындағы жұмысына кірісу үшін үйінен таңертең сағат 7.00-де шығады. Ал оның балалары Геолог аулындағы жаға бекіту жұмысын атқарып жүр.

«Жұмысымды таңертеңгі сағат 8.00-де бастаймын. Содан кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеймін. Елді мекендерді тасқын судан қорғауға жұмылған ортақ мақсатымызға жететінімізге сенемін», дейді С.Дәулетияров.

Атырау облысындағы су тасқынына дайындықты жеделдету үшін әр өңірден іссапармен келген жауапты мамандар да бар. Мәселен, Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау генерал-ма­йоры Жасұлан Жұмашев стратегиялық нысандарды қорғау жұмысына жетекшілік етіп жүр. Бұрын мұнайлы өңірдегі салалық департаментке де жетекшілік еткен оның айтуына қарағанда, Жайық өзеніндегі тасқын судың ағынын тежейтін жаңа тәсілді қолдануға шешім қабылданған. Бұл – бонн құрылғысы. Бонның алғашқы партиясы Алмалы аулының тұсында орнатылды.

«Әлемдегі мұнай-газ компаниялары боннды су айдынына төгілген сұйықтықты жинап алу үшін қолданады. Өйткені бұл құрылғы су айдынындағы ағысқа тосқауыл болып, толқынды баяулатады. Бонның бір бөлігін Жайық өзенінің Алмалы аулындағы жағалауына орнатуға мұнай компаниясының мамандары қатысты. Енді Бесікті, Тал­қайраң, Дамбы ауылдарының тұсына орнатамыз. Мақ­сатымыз – елді мекендерді, ауызсу беру қондырғылар секілді стратегиялық нысандарды тасқын судан қорғап қалу», деді Ж.Жұмашев.

 

Атырау облысы