Оқиға • Бүгін, 09:40

Абай облысындағы сарбаз өлімі: Дәрігер жазадан босатылды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаздың менингиттен көз жұмуына байланысты қозғалған іс бойынша сот үкімі шықты. Аягөз әскери госпиталінің дәрігері 2 жылға бас бостандығынан айырылғанымен, сот залында амнистияға ілігіп, жазадан босатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Абай облысындағы сарбаз өлімі: Дәрігер жазадан босатылды

фото: gov.kz

Өткен жылдың 25 сәуірінде Солтүстік Қазақстан облысынан әскерге шақырылған 20 жастағы сарбаз 16 мамыр күні өзін жайсыз сезініп, дене қызуы көтерілген соң Аягөздегі әскери госпитальға жеткізілген. Дәрігерлер тексеріп, ем тағайындағанымен, оның жағдайы жақсармаған. Кейін орталық аудандық ауруханаға ауыстырылып, 19 мамырда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сот материалдарына сәйкес, айыпталушы – әскери госпитальдің емхана бөлімінің 38 жастағы меңгерушісі. Оған Қылмыстық кодекстің 317-бабы 3-бөлігі («Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, абайсызда адам өліміне әкелуі») бойынша айып тағылған.

Жамбыл облысындағы сарбаз өлімі: Командирдің салғырттығы бойынша тергеу аяқталды

Айыпталушы сотта сарбаз алғаш түскенде оның тамағы қызарып, жеңіл жөтел мен аса жоғары емес температура болғанын айтты. Ол жағдайды плацта ант қабылдауға дайындық кезінде күн өтуімен байланыстырған. Дәрігер жедел назофарингит диагнозын қойып, ауруханаға жатқызған.

Алайда 17 мамыр күні сарбаздың жағдайы күрт нашарлап, дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтерілген, қан қысымы төмендеп, құсу мен жөтел пайда болған. Соған қарамастан дәрігер емдеу тәсілін өзгертпей, науқастың жағдайының ауырлығын дер кезінде бағаламаған және оны уақытылы мамандандырылған стационарға жібермеген.

Сол күні кешке сарбаз аудандық ауруханаға жеткізілгенімен, тек келесі күні таңертең ғана жансақтау бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, өлімге іріңді менингит себеп болған. Ол екіжақты іріңді отиттен асқынып, ми ісінуіне, сепсиске, тромбоцитопенияға және бүйректің уытты зақымдануына әкелген. Сарапшылар дәрігер ауру белгілерін дер кезінде анықтамай, дұрыс диагноз қоймағанын және менингококк инфекциясына тексеру жүргізбегенін атап өтті. Уақтылы әрі дұрыс ем көрсетілген жағдайда сарбаздың өмірін сақтап қалуға болатыны айтылды.

Марқұмның ата-анасы сотта ұлын әскерге жіберер алдында толық медициналық тексерістен өтпегенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, 2025 жылғы 22 сәуірде әскери комиссариат қызметкерлері келіп, шақырту туралы хабарлаған. Келесі күні олар ұлымен бірге комиссариатқа барып, сол кеште оны қызмет орнына жіберген. Анасының айтуынша, соңғы рет 14 мамырда сөйлескенде ұлы денсаулығына шағымданбаған.

Шекара қызметінің сарбаздары үйлеріне орала бастады

Семей гарнизонының әскери соты айыпталушыны кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығынан айыру және осы мерзімге медицина қызметімен айналысу құқығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда қылмыстың ауыр емес санатқа жататынын, сондай-ақ оның үш баласы барын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот оны амнистияға іліктірді.

Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, сотталушыдан моральдық және материалдық шығындар мен өкілдік шығындарды қоса алғанда, 12 миллион теңгеден астам қаржы өндіру туралы шешім шығарды.

Соңғы жаңалықтар