Әдебиет • 06 Ақпан, 2023

Мысалмен-ақ майып қылған...

356 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өз заманынан озып туған, белгілі бір шеңберге сыймайтын таланттардың тағдыры аумалы-төкпелі қоғаммен тайталасып жатады. Мың дауыстың ішінде шындығын айтқан бір дауыс мәңгілікке ұласатындай зарлы шығады. Ал Крыловтың даусы шегіртке болып шырылдады, аң-құс болып қимылдады. Адамдардың әділетсіздігін, озбырлығын, қараңғылығын бақа-шаянның тілімен сөйлетті.

Мысалмен-ақ майып қылған...

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Сол Крылов 1782 жылы 13 жа­­­сында Петербургке келеді. Ха­­­­­лыққа әйгілі Радищев, Фонви­зин, Новиковтермен кездеседі. Со­лардың соңынан ере шық­қан жас талант театрмен әуестене­ді. Сол уақытта Петербург сахнасын­да Фонвизиннің «Недорослі», Княж­­нин, Сумароков, Аблеси­­нов­­тардың комедиялары жүріп жат­­ты. Кейін Крыловтың «Кофей­ница» атты комедиялық операсы сахнаға шықты. «Филомела» мен «Клеопатра» деген көне грек өмі­рінен алынған екі трагедиясын рес­ми цензураның сүзгісінен өт­пей, тартпада қалды. Мұндай әді­летсіздіктен соң Крылов қа­лай шы­дасын, театрға жазған бар жи­ған-тергенін жинап, мысал жанрына үзілді-кесілді көшті де кетті.

Крыловтың бар талантының бағасын орыс әдебиеті көтеріп тұр. Қаншама дүлдүл жазушылар осы Крылов ақсақалдың күпі­сінен шықты. Пушкин, Гоголь, Салтыков-Щедрин, тағысын та­ғы­лар. Демократиялық идеяны жақ­тап, теңсіздікке, әділетсіздік­ке қарсы қамшы басқан орыс хал­қының тұңғыш ұлы да осы Крылов.

Сиықсыз сұмпайы тіршілікті көре тұра үндей алмау да азап. Жан азабы. Десе де үңірейе қара­ған мылтыққа көрнеу қарсы тұру – ессіздік. Ал Крылов ессіз өлім­ге жығылмады, кезелген мылтық­қа мысалмен жауап берді.

Жалпы, тап қоғамы туғаннан бері мысал жанры еріп келе жат­қандай. Мысалдап айтудың, өз пі­кірін ашық айта алмай, мәй­мөңкелеп, әдемілеп берудің үздік үлгілері өткен заманадан сегіз жүз, алты жүз жыл бұрын көне грек елінде болыпты. Мәселен, ұлты грек, өзі италия тілінде жазып, Италия ақыны атанған мысалшыл Федр: «Енді, осы мысал деген нәрсенің қайдан шыққа­нын қысқаша баяндап кетейінші. Айтарын қаймығып айта алмаған, батылы барып өз сезімін ақтара алмаған езілген құлдық дәуірі еді, сондықтан күлкі-келемежді жамылып, олар (құлдар) осылайша мысалдап сөйлеуді шығарды», дейді.

Бұдан бұрын ауызша айтыл­ған мысалдар бертін келе жазба әдебиет шығармаларына кіре ­бастады. Бұл мысалдарды ең әуе­лі Гесиод поэмасынан, Архилог ­ямбаларынан, Аристофан комедияларынан, Геродот тарихы­нан, сопылар мен сократшылардың философиялық сөздерінен ұшы­ратамыз.

Қазақта да уақ мысалдар толып жатыр. Соның біреуінде: ша­ңырақта асулы тұрған етке аузы жетпей мысықтың мысы құриды, сонда: «өзі жасық, исі сасық сол етті кім жесін!» деп менсінбей жүріп кетеді. Ежелгі грек, көне латын елдерінде «түлкі мен жү­зім» атты мысал бар. Сонда биік ағаштың басында өскен жүзімге түлкінің бойы жетпейді, бірақ өзінің мешелдігін білдіргісі келмей, жүзімді қомсынады: «Әй қойшы соны, әлі жетіліп піспеген, көк екен» деп тайып тұрады. Мұны Крылов та жазды. Оның мысалдары 1825 жылы француз тіліне аударылды. Осы жинақты Парижде бастырған граф Орлов екен. Ал аударған француз жазушылары – Дарь, Эньян, Жансуль, Арно, Суме, Стассар, Сегюр және басқа да италиян авторлар қа­тыс­қан. Алғысөзін французша Лемонте, италиянша Сальфи жаз­ған. Осы Лемонте Крылов французшадан басқа шет тілін білмейді деп жазады. Пушкин оны шіп-шикі өтірік дейді. Кры­лов негізгі Еуропа тілдерін түгел біл­ген, ал елуге келгенде көне грек тілін де үйреніп алған. Тіпті Еуропа тіліне тұңғыш тәржі­ма­лаған осы Крылов емес пе?!

Ал қазақ оқырманына Кры­ловты алғаш алып келген Ыбырай Алтынсарин, кейін 1898 жылдары Абай да «Емен мен шілік», «Қазаға ұшыраған крестьян», «Жарлыбай», «Шегіртке мен құмырсқа», «Ала қойлар», «Түлкі мен қарға», «Бақа мен өгіз» атты мысалдарын аударды. Бұл дәстүрді Ахмет Баржақсин, Есет Өтетілеуов, Спандияр Көбеевтер жалғастырды. Әрине, әркім қадари-халінше аударды, жеткен жеріне жығылды.

Қарап отырсақ, Крылов әр ха­лыққа түрлі мақсатта ой салыпты. Мәселен, Абай «Ше­гіртке мен құмырсқа» мысалын аударғанда өзінің көшпелі елін отырықшылыққа үйретуге тал­пынады. Осы мысалдағы «Құ­мырсқа» бейнесінде поселке бо­лып, қысы-жаздай еңбек етіп жүрген орыс крестьяндары айтылады да, «шегіртке» – көш­пелі қазақ кейпінде көрініс береді. Сонда алажаздай көшіп-қонып, «рахатқа» батып, серуендеп жүрген қазақтар, қылышын сүйретіп қыс келгенде селкілдеп, дірілдеп, ауылға келеді.

Қарағым, жылыт тамақ бер,

Жаз шыққанша асыра! –

деп үздіге өтінеді. Сонда оты­рық­шы орыс:

Мұның, жаным, сөз емес,

Жаз өтерін білмеп пе ең?

Жаның үшін еш шаруа,

Алажаздай қылмап па ең?»

дегенде:

Мен өзіңдей шаруашыл,

Жұмсақ илеу үйлі ме?

Көгалды қуып, ән салып,

Өлеңнен қолым тиді ме?

деп шегіртке сылтауратады.

Тарихты парақтасақ, Кры­ловтан бұрын талай мысалшыл ақындар болды: А.Сумароков, В.Май­ков, И.Хемницер. Аудар­машы Сәйділ Талжанов Крылов туралы жазған мақаласында ақын­ның ауыз әдебиетінен, мақал-мәтелдерінен, нақыл сөздерінен көп нәр алғанын, ал бертін ке­ле сол ауыз әдебиетіне өзі де мол үлес қосқанын айтады. «Кры­­ловтың мысалдарында кезде­сетін жәндіктер мен хайуанаттар, құстар, бақа-шаян – бәрі де өздеріне лайық қимылдар жасап, қаз қалпында қарым-қатынас істейді, ендеше ол, оқырманды еріксіз нандырады. Ақымақ аю, мына мекер түлкіге мүлде ұқсамайды, өзіне ғана лайық сөздерді сөйлейді. Крыловтың үлгілі дана ақындығы да өмірді сонша жетік білуінен көрінеді», деп жазады автор. Сондай-ақ ол мақаласында Пушкин өзі­нің «Капитан қызы» повесіндегі «Қапитан Миронов» образын осы Иван Андреевич Крыловтың туған әкесі – капитан Андрей Петрович Крыловтың бейнесінен алған сияқты дейді.

Осы жұрт мысалдап айтқан­нан гөрі тура айтылған сөзді тез түсінеді, ал күлкі-келемежді ұғыну үшін де белгілі бір деңгейде ішкі мәдениет керек. Мұны Бе­лин­ский де айтқан. Қазақ сатирасына қалам сілтеген талантты авторларды білеміз. Оның бәрі өз дәуірінің меншігінде қалды. Ал қазір сатиралық шығармалар тіпті жазылмауға айналды. Бұл да бір уақытша тоқырау кезеңі болар дейміз.