
Құжатта қазақстандықтарды қылмыстық теріс қылықтары мен ауырлығы аз және орташа қылмыстары үшін жазадан босатуды көздейтін нормалар жазылған. Мұндай қылмыстар үшін жазасын өтегендерден соттылығы алынады. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандарға: ауыр қылмыстар үшін – сот тағайындаған мерзім төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыстар үшін жартысына қысқарады. Бұдан басқа, заңда босатылатын адамдарды қайта әлеуметтендіру, яғни жұмысқа орналастыру, медициналық көмек көрсету және құжаттарды ресімдеу шаралары қарастырылған. Бұл ретте азаптаумен айналысқандар, террористер, экстремистер, рецидивистер және тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар рақымшылыққа жатпайтынын атап өткен жөн.
«Ұсынып отырған заң жобасы – қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстар бойынша жауапқа тартылатын адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі. Тергеу органдары қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған 1 600-дей адамды анықтап, жауапқа тартқан. Соның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шығарылды. Басқаларының істері тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады.
Енді Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталып өтейін. Жасалған қылмыстардың нақты уақыт аралығы және рақымшылыққа іліккен азаматтар тобы белгіленді. Заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған сенатор Ләззат Сүлеймен.
Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімдерін қысқарту көзделген. Мәселен, ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады.
«Жалпы рақымшылық мың жарымнан астам адамды қамтиды. Негізінен олар – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл тұлғаларға жазаның неғұрлым жеңіл түрі қарастырылған. Яғни гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды. Сонымен қатар заң жобасында босатылатын адамдарды әлеуметтендіру көзделеді. Бұл бағытта уәкілетті органдардың бұрын өткізілген рақымшылықтар барысында жинақтаған тәжірибесі бар. Соған сәйкес тиісті жұмыс атқарылады», деді Л.Сүлеймен.
Заң жобасының өз ерекшеліктері де бар. Бұрын болған рақымшылық кезінде айыпталушы міндетті түрде келтірілген шығынды өтеуге тиіс еді. Бұл жолы келтірілген залал өтелген соң ғана рақымшылық жасалады деген талап қойылмайды. Бірақ мүлік иесі материалдық шығынды сот арқылы азаматтық-құқықтық тәртіпте өндіріп алуға құқылы. Бұған дейінгі қалыптасқан тәжірибе бойынша бас бостандығынан айыру мекемесінде жазасын өтеп жатқан адамға рақымшылық жасау үшін міндетті түрде оның жүріс-тұрысы ескерілетін. Жазаны өтеу тәртiбiн қасақана бұзушы сотталған адамдарға рақымшылық қолданылмайтын. Ұсынылған заң жобасында ондай талаптар жоқ.
«Қабылданған заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді. Заң «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктермен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтарға барған азаматтарды қылмыстық жауаптылықтан босатуды және олардың жаза мерзімдерін қысқартуды көздейді. Сонымен қатар заңда рақымшылық жасауды қолдану шарттары, тәртібі және ол қаңдай адамдарға қолданылмайтыны туралы нақты нормалар белгіленген. Бұл заңды тәртіп бұзуға жол берген адамдарға қатысты қоғам мен мемлекет тарапынан жасалған гуманистік қадам деп қабылдаймыз. Бұдан былай осындай қайғылы оқиғалар елімізде ешқашан қайталанбайды деп сенеміз», деді заң жобасы жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат депутаттары «Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Құжат мүше мемлекеттердің аталған саладағы заңнамасын үйлестіруді қамтамасыз етеді.
Отырыс барысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады. Амангелді Толамисов Жетісу облысында тиісті инфрақұрылымды жаңарту мәселесін көтеріп, өңірде қысқы спорт түрлерін дамытуға қатысты проблемаларға назар аударды.
Сенатор Бекболат Орынбеков еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында ветеринарлар мәселелері мен олардың қандай жағдайда жұмыс істеп жатқандығы туралы айтты. Ол бұл маман иелерінің мәртебесі әлі анықталмағанына, әр ветеринарға жүктеме бекітілмегеніне және материалдық-техникалық базаның ескіргеніне баса мән берді.
Ал Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында Андрей Лукин тиімсіз және нәтижесіз тексерулер жүргізілетінін ескеріп, мемлекеттік аудит комитетінің жұмысын сынға алды. Сондай-ақ депутат тәуекелдерді басқару жүйесінің критерийлерін және мемлекеттік аудит нысандарын іріктеу тәртібін қайта қарауды ұсынды.