Бұл – 1,8 миллиард әйелдің құқықтық қорғаныссыз өмір сүріп жатқанын білдіреді. Сондықтан қоғамның назарын осы тақырыпта ашық әрі мәдени тұрғыдан көтеру маңызды. Осы мақсатпен Астана қаласында БҰҰ-ның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» жаһандық науқаны аясында «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» кинофестивалі ашылды.
Іс-шараны БҰҰ Қазақстандағы Тұрақты үйлестіруші кеңсесі, ЮНФПА, ЮНИСЕФ, БҰҰ Еріктілері, «БҰҰ-әйелдер» құрылымы, сондай-ақ inDrive және Alternativa жобасы бірлесіп ұйымдастырған. Фестиваль бағдарламасына Қазақстан, Қырғызстан және Непалдан келген төрт толықметражды туынды енгізілген. Көрсетілімдер Астана мен Шымкентте алдын ала тіркелген көрермендер үшін тегін өтіп жатыр.
Фестиваль ашылуында көпшілік назарына Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі ұсынылды. Драма отбасылық қатынастарды, дәстүр мен жеке сезім арасындағы қайшылықтарды терең қозғайды. Көрсетілімнен кейін өткен пікірталас барысында актерлер мен сарапшылар мәдени нормалар және қолдау жүйелерінің рөлі туралы ой бөлісті. Олардың айтуынша, кино – үнсіз қалған тақырыптарды адамға жақын, түсінікті тілде жеткізудің ең әсерлі тәсілдерінің бірі.

Еліміздегі БҰҰ тұрақты үйлестірушісі Сарангo Раднарагча фестивальдің басты мақсатын былай түсіндірді:
«Кино бізді толғандырып қана қоймайды, ол әрекетке итермелейді. Сыйластықты күшейтіп, бір-бірімізді тыңдауға үйретеді. Әрбір әйел өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру – ортақ міндет».
ЮНИСЕФ өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар да балалар мен жасөспірімдер үшін қауіпсіз ақпараттық және әлеуметтік орта құрудың маңызын атап өтті.
«Әр бала өз құқықтары қорғалатынына сенетін қоғамда өсуі керек», деді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль нақты шешім ұсынуды емес, ең алдымен ойландыруды, диалог қалыптастыруды мақсат етеді. Өйткені кез келген әлеуметтік өзгеріс үндеу жасаудан басталады. Фестиваль әрі қарай Шымкентте жалғасын тапты. Мұнда қырғыз режиссері Мирлан Әбдіхалыковтың фильмі көрсетілді. Фильм тіршіліктің сырт көзге қалыпты көрінетін тұстарында да адамның тағдырына салмақ түсіретін мәселелер жасырулы болуы мүмкін екенін көрсетеді. Кинофестивальдің мәні – бір оқиғаны емес, тұтас қоғамның жауапкершілігін еске салу. Қатысушылардың пікірінше, өнер, білім, заң, медиа және азаматтық бастамалар бірігіп әрекет еткенде ғана адамдар бір-біріне қауіпсіз орта қалыптастыра алады.