Спорт • 21 Қыркүйек, 2022

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

709 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуіне оның әлеуметтік-экономикалық дамуы және саяси тұрақтылығы оң әсерін тигізетіні түсінікті. Осы орайда халықтың денсаулығы да өте маңызды рөл ойнайды. Өйткені мемлекеттің алға қойған мақсат-мүддесін, стратегиялық жоспарларын іске асыратын сол елдің азаматтары. Демек ол міндетті орындау үшін бірінші кезекте ұлттың саулығы қажет. Ал бұл мақсатты жүзеге асыру үшін ең алдымен бұқаралық спорт пен спорттық инфрақұрылымды дамыту керек. Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында талай мәрте айтып, осы бойынша Үкіметке тиісті тапсырмалар берген-ді.

Бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі

«Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуға тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мық­ты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек»,  деген болатын Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Президенттің бұқаралық спорт­қа қатысты тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қаласында жастар лигасы жобасы қолға алынған. Аталған игі іс-шараның көздеген негізгі мақсаты өскелең ұрпақты спорт­қа баулу, сол арқылы жас­тар арасында саламатты өмір сал­тын насихаттап, жаман әдет­терден сақтау. Өйткені бүгінгі жа­һандану дәуірінде интернет, әлеуметтік желілерден келе­тін қауіп күшейіп тұрған шақ­та өсіп келе жатқан ұрпақты жаман­дықтардан сақтаудың бірден-бір жолы спорт болып отыр. Адамды аздыратын бос уақыт демекші, спортпен шұғылданған жаста оқу мен дене шынықтырудан басқа іс-әрекетке уақыты да қалмайтыны, зауқы да соқпайтыны белгілі. Сондықтан республиканың үшін­ші мегаполисінде қолға алынған тың бастама ұрпақ тәрбиесінде, ұлт­тың саулығын күшейтуде өзі­нің жемісін беретіні шүбәсіз.

Осы орайда жуырда қалалық әкімдіктің бастамасымен, соның ішінде ішкі саясат және жастар істері басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Шым­кент жастар лигасы» жобасының үшінші кезеңінің тұсауы кесілді. Аталған спорттық жарыстың ашылу салтанатына Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов бастаған бір топ депутаттар, спорт­тық бәсекеге демеуші бол­ған «3-Энергоорталық» АҚ биз­нес-серіктесі Ш.Нұртаева мен кор­порация менеджері Ш.Нысам­бекова және аудан әкімдері мен ұстаздар қауымы қатысты.

Мінберден сөз алған жарыс ұйымдастырушылары жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалану, спортпен шұғылдануға жол ашу, олардың ерік-жігері мен табандылығын қалыптастырып, Қазақстан Республикасының чем­пионаттарына команда жа­сақтау деді.

о

Өз кезегінде спорттық бәсе­кенің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шыңғыс Жұмабекұлы жарыс жолына шыққан жас спортшыларға сәттілік тіледі.

– Қаламыздың жалынды жас­тары «Шымкент жастар ли­гасын» жетістік пен саламатты өмірге бастайтын жаңа жол деп білгейсіздер. Осы бастама арқылы шаһарымыздың жас­тарында спортқа деген қызы­ғушылық оянып, табанды кү­рес пен тынымсыз еңбектің нә­ти­жесінде келешекте лига ойын­дарынан әлемдік додалар­ды бағындыратын жігерлі де қай­ратты спортшылардың шыға­тынына сенеміз! Тағы бір ай­та кететін жайт, Шымкент жас­тар лигасы – республика бо­йынша үздік жоба атанып, үлкен қолдауға ие болды. Бұл жоба жастарды патриот, отан­сүйгіш, елжанды болып өсуіне сеп­тігін тигізеді деген ойдамыз. Спорт денсаулықтың ғана кепілі емес, сонымен қатар ол адамды табандылық пен күрес­керлікке үйретіп, ерік-жігерін шыңдай түседі. Бүгінде мемлекет сіздердің сапалы білім, саналы тәрбие алуларыңызға әрі бәсекеге қабілетті азамат болып өсулеріңізге қолайлы жағдай жасап отыр.

Тек спортта ғана емес, ғы­лым­да да, өнерде де және өзге салаларда жүзден жүйрік атанып, елі­міздің абыройын асқақтата беру­леріңізге тілектеспін! Ел сіз­­дерден, жастардан зор үміт кү­теді. Ендеше жеңісті күнде­ріміз көп болғай! – деген қала әкі­мінің бірінші орынбасары Ш.Мұ­­қан жастарды білім алумен қатар саламатты өмір салтын ұс­тануға шақырды.

Осы тұста айта кету керек, ауқымды жобаға 2021-2022 оқу жылы аралығында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан, яғни спорттың төрт түрі бойынша 514 команда, жалпы саны алты мың­ға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Шымкент жастар лигасы» 2022-2023 оқу жылы аясында сол бұрынғы талапқа сәйкес қаладағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін болады. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен құралған 514 команда, яки 5926 оқушы қатысады. Лигадағы командаларды қолдап, демейтін жарысқа қатысушы әрбір мектептен арнайы фанклуб­тар жасақталды.

Өз кезегінде алғашқы жарыс спорттың волейбол түрінен бас­талып, екі команданың ойыны да өте тартысты өтті. Мұнда Ах­мет Байтұрсынұлы атындағы №50 мектеп-гимназиясы мен Жү­сіпбек Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының командалары өзара сайысқа түсті. Жарыс нәтижесінде №50 мектеп-гимназиясы өз қарсыласын ұтып, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Тәрбиелі, білімді, алғыр әрі дені сау ұрпақ – еліміздің ең қым­­бат байлығы. Жастардың оқу­мен қатар, спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау – мем­лекеттің басты міндеті. Жал­пы бұ­қаралық спортты дамыту мәселесіне өзінің Жолдауында айтқан Президент тапсырмасына сәйкес қазір Үкімет те, жергілікті әкім­дік те ерекше назар аударып жатыр. Осы жағы бізді ерек­ше қуан­­тады, деді халық қалау­лы­лары.

«Шымкент жастар лигасы» ІІІ маусымының ашылу салтанаты барысында алдыңғы ІІ маусымның жүлдегері атанған үздік мектептерді де марапаттау рәсімі өтті. Онда жеңімпаз 4 ко­мандаға су жаңа автокөлік кілт­тері тапсырылды.

Тарқатып айтсақ, былтырғы додада шахматтан 4 ауданнан 130 команда, 520 оқушы қатысып, Өмірбек Жолдасбеков атындағы №9 IT мектеп-лицейі жүлделі орыннан көрінді. Сол секілді 1464 оқушыдан құралған 122 команда арасында баскетболдан сынға түскендер ішінде М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы бас жүлдені жеңіп алды. Ал волейболдан бәсекеге түс­кен 129 команда арасында Әл-Фараби атындағы №113 жалпы орта мек­тептің асығы ал­шы­сынан түсті. Сонымен қа­тар футболдан 133 құрама коман­дадан алға суырылып шық­қан Ы.Алтынсарин атындағы №65 мек­теп-гимназиясы жүлделі І орын­ды иеленді.

и

«Шымкент жастар лига­сы­ның» ІІ маусымын қорытын­дылаған іс-шарада қала әкімі Мұрат Әйтенов жарыстың ма­ңыз­дылығы, қоғамға берер пай­да­сы туралы сөз қозғаған еді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бұқаралық спортты дамыту мақсатында ке­шенді бағдарлама әзірленді. Сол бағдарламаны жүзеге асыру аясында қаламызда жастар арасында ауқымды спорттық бәсеке қолға алынды. Дені сау жас – елдің келешегі. Сондықтан өскелең ұрпақтың өз Отанын сүйетін, жерін жаудан қорғай біле­тін жігерлі де батыл болып өсуі мемлекет үшін өте ма­ңызды. Спорт арқылы бірінші кезекте адамның денсаулығы күшті болады, екіншіден, денені шы­нықтыра отырып жастар еңбекқор, өз мақсатына қалайда жетуге тырысатын табанды, ерік-жігері мықты азамат болып өсіп шығады. Мойындау керек, жарыста жеңіске жеткен оқу­шылар тек спортта ғана емес, өздерінің де мектептерінің абыройы мен беделі үшін күресті. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншек ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болып қалыптасатынына сенім мол. Сондықтан бұл жарыстар мен жеңістер жастардың күреске толы өмір жолындағы алғашқы қадамы болмақ», деген еді шаһар басшысы М.Әйтенов.

Саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру, бұқаралық спортты дамыту аясында мегаполисте іске асырылып жатқан бұдан басқа да ауқымды іс-шараларды атап өтуге болады.

Соның бірі – Шымкент марафоны. Айта кету керек, биыл 5-ші рет өткен осы жүгіру марафонына 5 мыңға жуық азамат қатысып, өзіндік бір рекорд орнатылды. Жүгіру сайысында жас мөлшеріне шектеу қойыл­мағандықтан 6 жасар баладан, сексен жасты алқымдаған қарияға дейін жарыс жолында бақ сынасты. Өз кезегінде саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында қолға алынған бұқаралық жарыстың жүлде қоры 11 млн теңгені құрады.

Марафонға әр облыс, қала­дан, тіпті Ресей, Өзбекстан, Тә­жік­стан секілді алыс-жақын шетел­дерден де келіп қатысқан спорт­шылар болды. Жүгіруде әуесқой спортшылар бірнеше қашықтық бойынша жүлдеге таласты. Ең ұзақ қашықтық 42 шақырымды Шохрух Давлатов есімді азамат бірінші болып бағындырды. Көрші ел Өзбекстан Республикасынан келген марафоншы аталған аралықты 2 сағат 25 минутта жүгіріп өтті.

Сонымен бірге биылғы марафон бағдарламасына сканди­навиялық жүріс пен экиден сынды бағыттар да қосылды.

 

ШЫМКЕНТ