QazIndustry-ге барған жапондық сарапшылар құрамында Хоккайдо университетінің славяно-евразиялық зерттеулер орталығының профессоры Томохико Уяма, Акита университетінің ассистент-профессоры Аяко Ватанабэ, техникалық ғылымдар кандидаты және Alem International Co. Ltd басшысы Даурен Ахметов, JICA ұйымының эксперті Хидехиро Шинкои болды. Делегацияны Назарбаев Университетінің доценті Серік Оразғалиев, Индустрия және құрылыс министрлігінің Дауылет Сагжанов және Satreps жобасының қазақстандық үйлестірушісі Алия Чингишпаева ертіп жүрді.
Кездесу барысында жапондық ғалымдар «Ақылмен игеру +» жобасының мазмұнын таныстырды. Бұл бастама интеллектуалды тау-кен технологияларын, цифрлық егіздерді және жасанды интеллектті қолдана отырып, экологиялық зиянды азайтатын жаңа өндіріс моделін қалыптастыруды көздейді.
Ғалымдардың айтуынша, мұндай жүйе Орталық Азия және басқа да ресурстық елдерде кеңінен қолданылуы мүмкін. Қазір жоба командасы Қазақстандағы тау-кен кәсіпорындарында осы технологияларды енгізу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
QazIndustry басқарма төрағасының орынбасары Әсел Дүйсембаева орталықтың негізгі міндеттерінің бірі өнеркәсіпті цифрландыру және кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізуге жағдай жасау екенін атап өтті. Сондай-ақ мемлекет кәсіпорындардың шығындарын өтеу тетіктері арқылы цифрлық жобаларды қолдайтыны айтылды.
Тараптар Smart Mining Plus жобасын енгізудің нақты қадамдарын, оның Қазақстан үшін мүмкіндіктерін және әрі қарайғы серіктестік жоспарын талқылады.