Биыл өнеркәсіптің негізгі қозғаушысы мұнай саласы болды. Он айда тау-кен өндірісі 9,6 пайызға ұлғайды. Оның ішінде мұнай өндіру көлемі ең жоғары серпін көрсетті. Көрсеткіш бір жылда 13,9 пайызға артқан. Әсіресе Теңіз кен орнындағы өндірістің күшеюі ел экономикасының жылдамдауына тікелей әсер етті.
Өңдеу өнеркәсібінде де ахуал жаман емес. Бұл сала 5,8 пайыз өсім көрсетті. Машина жасау мен азық-түлік өндірісі айтарлықтай қарқын алып отыр. Машина жасау саласы 11,5 пайыз, азық-түлік өндірісі 9,1 пайыз өскен. Бұл көрсеткіштер өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы өсімнің негізгі бөлігін құрап отыр.
Аналитика орталығының маманы Салтанат Игенбаеваның айтуынша, металлургияда өсім байқалғанымен, қарқыны баяу. Сала көлемі үлкен болғанымен, жылдық өсім 0,7 пайыз деңгейінде қалды. Қара металлургия мен металл құю бағыттарындағы қысқару жалпы нәтижеге әсер етті. Металлургияның баяулауы әлемдік нарықтағы өзгерістерге байланысты. Яғни баға құбылса немесе сұраныс азайса, біздің көрсеткіш те төмендейді.
Энергетика секторында шамалы өсім бар. Электр, газ және жылумен қамту 2,2 пайызға артты. Электр энергиясын өндіру және тарату көлемі өссе, су жинау мен қалдықтарды өңдеу керісінше төмендеген. Бұл бағытта он айда 6,3 пайыздық құлдырау байқалды.
Жалпы, өнеркәсіптің өсімі қуантады. Бірақ оның негізінен мұнай секторы арқылы қамтамасыз етілуі тәуекел туғызады. Біздің экономика мұнай бағасына және сыртқы нарықтардағы жағдайға тәуелді. Кез келген өзгеріс өнеркәсіпке бірден әсер етеді.
Сондықтан сарапшылар өңдеу саласын күшейту, кәсіпорындарды жаңарту және әртараптандыруды ең маңызды міндет деп санайды. Өйткені тұрақты экономикалық даму үшін тек мұнайға сену жеткіліксіз.