07 Мамыр, 2010

ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ

507 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астана қалалық әкімдігінде Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссиясының 2009 жылғы жұмыс қорытындысын және 2010 жылғы жұмыс жоспарын талқылаған отырысы болып өтті. Оның жұмысын Астана қала­сы­ның әкімі, комиссия төрағасы Иманғали Тасмағамбетов ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің кіріспе сөзінде өткен жылы Қазақстан мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО арасын­­дағы қатынастарда негізгі назар бі­лім беру жүйесіндегі ынтымақ­тас­тықты дамытуға және білімнің ин­клюзивті қоғамдарын құруға, Мәдениеттерді жақындас­тырудың халықаралық жылы аясында төзім­ділік және мәде­ниет­тер мен өрке­ниеттер арасындағы үнқатысу идеяларын таратуға ық­пал етуге арналғанын айтып өтті. Одан кейін  төраға алғашқы сөз­ді Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлей­меновке берді. Өткен жыл Қазақ­стан мен ЮНЕСКО арасындағы ынтымақтастық үшін аса табысты жыл болды, деді тұрақты өкіл. Со­ның ішіндегі басты оқиғалардың қатарына Қазақстан делегация­сы­ның ЮНЕСКО Бас конферен­ция­сының 35-сессиясына қатысуын жат­қызуға болады. Осы конферен­цияда Қазақстан ұйымның 2009-2013 жылдардағы Атқарушы кеңе­сіне, Коммуникацияны дамытудың халықаралық бағдарламасы кеңе­сі­не, “Адам және Биосфера” бағ­дарламасының халықаралық үйлес­тіру кеңесіне, Үкіметтік емес ұйым­дар жөніндегі халықаралық коми­тетке, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның штаб-пәтеріндегі комитеттің бюросына мүше болып сайланды. ЮНЕСКО-ның жаңа Бас дирек­торы Ирина Бокова (Болгария) тарапынан Қазақстанның ұйым шеңберіндегі жұмыстарына жоғары баға беріліп, қолдау білдіріліп отыр. Өткен жылдың мамыр айында Алматыда ЮНЕСКО-ның 5 субай­мақтық семинары болып өтті. Оның барысында “Қытай мен Орта­лық Азиядағы Жібек жолы ескерткіштерінің” сериялық номи­нациясын дайындау мәселелері талқыланды. Соның ішінде Қазақ­стан жағы бүкіләлемдік мұралар қатарына қосу үшін 10 нысанды ұсынды. Комиссияның басқа мүшелері де өз салалары бойынша осы ба­ғыттағы атқарылған жұмыстарды қорытындылап өтті. Соның ішінде 2009-2011 жылдарға арналған “Мәдени мұра” бағдарламасының шеңберінде ғылыми-зерттеу және баспалық жұмыстардың жалғас­ты­рылғандығы туралы айтылды.    Олардың қатарында Бейбарыс сұлтанның Каирдегі мешіті мен Дамаскідегі кесенесі бойынша ғылыми зерттеулер мен жаңғырту жұмыстары жалғастырылғандығы көлденең тартылды. Сонымен қатар отырыста Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің  “Бі­лім беру саласындағы менедж­мент” бағыты бойынша 2010 жылы РһD бағдарламасымен магистратура мен докторантураға талапкерлер қабыл­дай­тындығы жоспарланып отырға­ны атап көрсетілді. Сондай-ақ Шо­қан Уәлиханов еңбектерінің алты томдық толық жинағы шығатыны да белгілі болды. Жақсыбай САМРАТ.