Саясат • Бүгін, 08:55

Дамудың драйверіне айналған өңір

10 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматы агломерациясына қатысты түйткілді шешу мақсатында 2022 жылы Алматы облысы екіге бөлінді. Жетісу облысына енші берген аймақтың тыныс-тіршілігі қалай? Өңірдің үш жылдағы даму үдерісін брифингтен біліп қайттық.

Дамудың драйверіне айналған өңір

Баяндамасының әлқиссасын облыс әкімі экономиканың негізгі бағыттарындағы өсім­нің тұрақ­тылығынан бастады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін өсіп, 10-орыннан 5-орынға көтерілді. 2024 жыл­дың қорытындысында облыс­тың рес­публикадағы ішкі жалпы өнімдегі үлесі 4,4%-ға артса, биылғы алты айда 4,8%-ға жетті. Өңір басшысы ірі өнеркәсіптік өндірісі мығым облыстардан озып, шикізаттық емес экономикаға арқа сүйеумен де өрлеудің драйверіне айнал­ғанына тоқталды.

«Биылғы 10 айдың қорытын­дысында қысқамерзімді эконо­микалық индикатор 109,7%-ға жетті. Барлық негізгі салаларда оң үрдіс жалғасып жатыр. Өнер­кәсіп саласы айрықша өсім көр­сетіп, өндіріс көлемі 108,7%-ға артып, 2,1 трлн теңгеге жетті. Жалпы өнеркәсіп өндірісінің 90%-ы өңдеу секторының үле­сіне тиесілі. Осылайша, аграр­лық бағытпен ғана шектелмей, инновациялық технологиялар мен өңдеу өндірісін дамытатын жетекші өңір атандық. Өңірлік өнімнің үштен бірі өнеркәсіпке тиесілі болғандықтан, бұл сала инвестиция тартудың негізгі көзі. 2022 жылы тартылған инвес­тиция мөлшері 614 млрд тең­ге болса, былтыр 1 трлн теңге­ден асты. Жыл соңына дейін 1,3 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр», деген өңір басшысы іске қо­сылған ірі жобаларды да атады. Оның ішінде «Focus Logistics» ірі логистикалық паркі (70 млрд теңге), «Алтын таға» бетон өнімдері зауыты (35 млрд теңге), «LC Waikiki» көтерме-сауда орталығы (30 млрд теңге), «Шин-лайн» балмұздақ фабрикасы (18 млрд теңге), «Қапшағай Бидай Өнімдері» дәнді және майлы дақылдарды терең өңдейтін агрокешені (12 млрд теңге), «КегенМясПром» ет комбинаты (3,5 млрд теңге) бар. Биылғы желтоқсанның соңына дейін А классындағы «MP Solution» (80 млрд теңге), «Kusto Logistics» (28 млрд теңге), «Еуразиялық логистикалық парк» (22 млрд теңге), «Imagine Apple Logistics» (16 млрд теңге) ірі логистикалық кешендері пайдалануға беріле­тінін жеткізді.

Өңірге инвесторларды қызық­­тырудың тиімді бағыты – индус­­триялық аймақтарды құру. Был­тыр ашылған «Қайрат» индус­т­риал­дық аймағында 47 млрд теңгеге 4 жоба іске қосылса, 66 млрд теңгеге 19 жобаның құры­лыс-монтаждау жұмыстары жүргізі­ліп жатыр. Осындай оң тәжіри­бені жалғастырып, тағы 15 индустриалдық аймақ ашуды көздейтінін айтты.

Ауыл шаруашылығын дамыту – облыстың басым ба­ғыт­тарының бірі деген М.Сұлтан­ғазиев аграрлық саланың жалпы өнім көлемі 682,3 млрд теңгеге жетіп, өңірлік өнімнің 7%-ын қамтығанын жеткізді. Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау ісі де жолға қойылған, Сауд Арабиясы, Ресей, Қытай, Орталық Азия елдеріне жөнелті­летін тауардың көлемі жылдан-жылға артып келеді. Облыс ауыл шаруашылығына алатын субсидиясының сомасы жөнінен 8-орында тұрғанымен (38,2 млрд теңге), өнім өндіруде 5-орында екен. Мемлекеттік қолдау аясын­да алған 1 теңгеге 17 теңгенің өні­мін шы­ғарып, республикада Түркі­с­тан облысымен иықтаса 1-орында тұрғанын мақтанышпен айтты.

Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы су ресурстарын тиімді пайдаланумен тікелей байланысты. Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – 9 мың шақырым ирригация желілерінің 60%-ы тозып, су шығыны 50%-ға жеткен. Түйткілді мәселені шешуге келешекте Ислам Даму Банкі­нен 255 млрд теңге қаражат қарас­­тырылып отыр. Нәти­жесін­де, Балқаш, Еңбекші­қазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудан­дарын­­да суару желілері жаң­ғыр­ты­лып, 111 мың гектар жер ел игілі­­гі­не айналады. Су үнемдеу тех­­но­­ло­гияларын қолдануды ынта­­лан­­дыру мақсатында облыс­тық бюд­­жеттен жыл сайын 1 млрд теңге кө­лемінде субсидия бөлі­ніп, 3 жыл ішінде осы технология­ны қол­д­анатын жер көлемі 20 мың гек­­т­а­рдан 65 мың гектарға ұлғайған.

«2022–2025 жылдар аралы­ғында 528 мың гектар пайдаланылмайтын жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 340 мың гектары ынталы азаматтарға берілді. Жеке қосал­қы шаруашылықтар мен коопе­ративтерді дамытуға, тұрғы­ндарды кәсіпкерлікке баулу бағы­тында «Ауыл аманаты» бағ­дар­ламасымен 11 млрд теңгеге 1 373 ша­ғын несие берілді. Ауыл халқы­ның орташа табысы 22,7%-ға артып, 311,4 мың теңгеге жетті. Өсім қарқыны жоғары құ­ры­лыс саласы биылғы 10 айда 21%-ға өсіп, 948 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2024 жылы 1 281 отбасы бас­­панамен қамтылса, биыл әлеу­­мет­­тік осал топтағы 2 236 отбасына пәтер беріледі. 30 жылда Үкі­мет тарапынан ешқандай үй салын­баған шалғай аудандарда, оның ішінде Нарынқол, Қайнар, Кеген, Үлкен Ақсу, Бақанас ауылдарын­да мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа үйлер салынып, тұрғын­дар сатып алып жатыр. Мем­­ле­кет­тік қызметкерлер, бюд­­жеттік ұйым­дар мен спорт сала­­сы өкілдеріне арналған «Алатау» өңірлік ипо­текалық бағ­дар­­­ламасына 3,1 млрд теңге бөлі­ніп, 120-дан астам азамат баспана кілтін биыл алады. Былтыр 55 от­басы үйлі болды», деді М.Елеусізұлы.

Сумен жабдықтау жүйе­лерінің 570 шақырымы қайта жаңартылады. Нәтижесінде, ауыз­сумен қамту деңгейі едәуір жақсармақ. Облыс тұрғындарын ауызсумен қамту 93,6% болса, биылғы жоспар жыл соңына дейін толықтай орындалғанда 99,6%-ға жетпек. Газ тарту жұмысы да қарқын алып келеді деген өңір басшысы 1,2 млн-нан астам тұрғын көгіл­дір отынмен қамтамасыз еті­ле­тінін, электр желілеріне бөлін­ген қаражат есебінен тозу көр­сет­­­кіші 72%-дан 66%-ға төмен­деге­нін айтты. 2000 жылдар­дан бері жөндеу көрмеген авто­мо­биль жолдарының шұрық-тесігі бүтінделіп, «Қапшағай – Бақанас – Қарой», «Нарынқол – Сүмбе», «Қар­қара – Ереуіл», «Есік – Сайма­сай», «Алматы-1 Шамалған – Ұзын­ағаш», «Алмалыбақ – Жетісу» бағы­­тын­­дағы автомобиль жолдарына жаңа асфальт жамылғысы төселген.

Өңірге келген туристер саны 2,2 млн адамға жетіп, өткен жыл­мен салыстырғанда 36%-ға артқан. «Қапшағай су қоймасы Қонаев қаласының негізгі демалыс ор­талығына айналып, жазғы маусым­да 2 миллионға жуық адам тынық­қан. 83,2 млрд. теңге қаржы жұмса­лып, Ақтас үстіртіндегі

«Oi-Qaragai» тау-шаңғы курортын кеңей­ту жобасы жүзеге асырылды. Тау шаң­ғы курорты жыл он екі ай тоқтау­сыз жұмыс істеп, 600 мыңға жуық ту­ристке қызмет көрсетіп отыр. Қап­шағай көлі жағал­ауын­да құны 11 млрд теңге болатын ASP-Arena көп­функционалды турис­тік кешен, хал­ықаралық деңгейдегі спорт аренасы, 4 мың орындық ста­дион іске қосылды. Бұл жерде Орта­лық Азиядағы ең үлкен мұз айдыны қонақтарды қабылдауға дайын. Қайыңды көліне баратын 9 км жолға күрделі жөндеу басталды. Бұл бағытқа келген туристер саны 1,6 есе өсіп, 600 мың адамға жетті», деді.

Үш жылда барлық салада 176 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, атаулы әлеуметтік көмек алушылар үш есеге төмендеп, 57,4 мыңнан 18,9 мыңға дейін қысқарған. 2022 жылдан бері 45 жаңа мектеп пен 6 жапсаржай салынды, сондай-ақ 55 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Оның ішінде инвесторлар есебінен – 11, «Келешек мектептері» жобасымен салынған 20 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін тағы 6 мектеп ашылып, 20 мектепте күрделі жөндеу жүргізіледі. Облыста үш ауысымда білім беретін мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарғанын айтқан М.Сұлтанғазиев әлі де қажет мектеп салу ісін отандық һәм шетелдік инвесторларды қолдаса деген бұйымтайын да іркіп қалмады. Мәдениет пен спорт нысандары да пайдалануға беріліп, 7 мәдениет үйі, 6 спорт кешені, мемлекеттік архив және өнер мектебі салынды. Денсаулық сақтау саласына тиесілі 356 нысан бар, олардың тозу деңгейі 54%. 2022–2025 жылдар аралығында 55 нысанның құрылысы аяқталып, 6 млрд теңгеге 153 бірлік меди­циналық жабдық сатып алынған. Облыс әкімі өңірдің цифрлық экожүйесін дамытудың тағы бір басым бағыты – интернет инфрақұрылымын кеңейту екенін айтып, 368 ауылдың 350-іне, яғни 95%-ына кең жолақты интернет желісі тартылғанын жеткізді.

Алматы облысының әлеумет­тік-эко­номикалық дамуын баян­даған М.Елеусізұлы журналистер сауалына ретімен жауап берді. Өз тарапымыздан алты ай қыстың құрсауында таулы өңірде тіршілік ететін Райымбек, Кеген аудандарына қашан газ жететінін сұра­дық. Әзірге ақжолтай жаңалық­тың ауылы алыс секілді. Облыс әкімі шекаралық аудандарға үш тау асырып газ тарту ауқымды жоба екенін айтты. Десе де ту­ризм саласын өркендетуге қолай­лы аудандарға көгілдір отын тартылса, үдере көшуге тоқтам болып, жұмыс орындарының ашылуына да септігі тиетінін де жеткізді.