Энергетика • Бүгін, 09:00

АЭС: Тұрақты дамудың қозғаушы күші

10 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Минск пен Астана арасында аптасына екі рет ұшақ қатынайды. Атақты Беларусь атом электр стансасын (АЭС) көріп, мән-жайын білуге сапардың сәті түскен еді. Түн жарымында аспанға көтерілген ұшақ төрт жарым сағат бойы әуеде қанат қақты.

АЭС: Тұрақты дамудың қозғаушы күші

Энергия импорты азайып, экономика ұтты

Таң алакеуімде Минск шаһарына барып қондық. Мақсат – Беларусь елінің энергетика саласындағы жетістіктігін зерделеу. Орманы сыңсыған елде жаз айларының өзінде аспаны үнемі бұлттанып, күннің көзі тым сирек шығады екен. Аптасына бір-екі рет, бірер сағатқа күн шықса соның өзі мол олжа көрінеді. Екпіндей соққан жел де байқалмайды. Сондықтан энергия өндіруде күн панелі мен желден қайыр жоқ. Қас қылғанда ылғалы шамадан тыс батпақты жерде АЭС-ке отын қыларлық уран көздері де табылмаған. Беларусь елі сонда да жасыл энергия қатарындағы заманауи АЭС салуға бел буды.

Мұндағы айтпағымыз – біздің елдегі жарқыраған күн мен сыпыра соққан жел үлкен олжа. Бірақ іргелі кәсіпорындарды үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге күн мен желдің қуаты әлі дәрменсіз. Оны күн мен желге қол созған, дамыған Еуропа елдерінің мысалынан да көріп отырмыз. Сондықтан АЭС құрылысын қолға алуға қатысты елімізде Жалпыұлттық референдум өтті. Оны халық қолдады. Содан бері ілгерінді елдердің уақыт талабына сай АЭС-ін, ондағы заманауи технология мен озық реакторларды зерттеп, зерделеу іс-шарасы қызу жүріп жатыр. Себебі «қазір адамның атомсыз күні жоқ». Бұл сөзді референдум кезінде елдегі Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиевтен естіген едік.

Біздің елдің АЭС құрылысына деген ықыласы мен дайындық шараларын қалт жібермей бақылап отырған беларусьтық сала мамандары көп артықшылығымызды алдымызға тартты. Еліміздің уран қоры мен оны игеріп, тіпті АЭС отынын байыту ісіндегі жетістігімізді жақсы біледі екен. Қазақстанның атом саласында еңбектеніп жүрген ғалымдары мен мамандарының білім-білігін жоғары бағалайтындарын да білдірді.

Беларусь елінің энергетикалық тарихында жаңа дәуір 2008 жылы басталған. Республикадағы тұңғыш Ұлттық атом энергетикасы жобасы елдің экономикалық қуаты мен энергетикалық егемендігінің негізіне айналды. «Росатом» корпора­цияс­ы­мен серіктестікте салынған БелАЭС (Беларусь халқы атом электр стансасын жақсы көріп кеткені сондай, БелАЭС деп еркелеткендей кейіпте атайды екен) тек өндірістік нысан ғана емес, тұтас аймақтың дамуына серпін берген стратегиялық жоба. Әрі елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тәуелсіздігін нығайтудың басты факторы.

а

Әу бастан-ақ Беларусь Үкіметі жобаның басты мақсаты ретінде энергетикалық егемендікке қол жеткізуді, табиғи газға тәуелділікті азайтуды әрі елдің экспорттық әлеуетін арттыруды алға қойған еді. Бүгінде бұл міндеттер толық орындалған.

БелАЭС-тің екі энергоблогі бар. Жалпы қуаты 2400 МВт болатын электр энергия­сын өндіреді. Бұл елдің ішкі қажетінің 40 пайызын қамтамасыз етеді. Станса жыл сайын 17,7 миллиард киловатт-сағат электр қуатын өндіріп отыр. Нәтиже­сінде, республика 5 миллиард текше метр табиғи газды үнемдейді. Бұл ел бюдже­тіне миллиардтаған доллар пайда әрі ай­тарлықтай экологиялық тиімділік әкеледі.

АЭС құрылысы ел Президентінің тікелей бақылауында жүзеге асқан. Александр Лукашенко станса құрылысының барлық кезеңінде бірнеше рет нысанға барып, жұмыстың ашық әрі қауіпсіз жүргізілуін талап еткен. Ол өткен жылдың қарашасында төртінші мәрте келіп, жобаның толық аяқталғанын көріп, елге сүйіншіледі. «Біздің мақсат – тек станса салу емес, өзіміздің кадрлық әрі технологиялық құзыретімізді қалыптастыру еді. Біз бұл міндетті орындадық», деді ол.

Президенттің айтуынша, атом стансасының іске қосылуы ел экономикасы мен солтүстік-батыс аймақтардың әлеуметтік тынысын түбегейлі өзгертті. Бұл тұрғыда, «Таза энергиясыз болашақ жоқ, электр қуатынсыз даму мүмкін емес», деді ол. Ал Беларусь Премьер-министрінің орынбасары Виктор Каранкевичтің сөзіне сенсек, «БелАЭС – сенімді әрі қауіпсіз нысан. Ол экономиканы тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, елдің энергетикалық теңгерімін жаңа сапаға көтерді».

Мұндағы реактор корпусы мен барлық негізгі жабдық герметикалық темірбетон контайнментпен қорғалған. Ол ұшақ құлау, жер сілкінісі, жарылыс немесе дауыл сияқты сыртқы факторларға төтеп бере алады. Бұған қоса, АЭС «балқыма тұтқыш» құрылғысымен жабдықталған, бұл ядролық отынның балқуы жағдайында радиоактивті материалдардың сыртқа таралуын болдырмайды.

«Ауқымды жоба Ресейдің АЭС-2006 типіндегі ВВЭР-1200 реакторларына негізделген заманауи нысан. Бұл – қазір әлемде ең қауіпсіз әрі тиімді деп танылған технологияның бірі. Қауіпсіздік стандарттары бойынша әлемдік үздіктердің қатарына кіреді. Стансада белсенді әрі пассивті қауіпсіздік жүйелері кешенді түрде үйлесіммен жұмыс істейді. Онда төрт деңгейлі қорғаныс жүйесі (отын түйіршіктері, отын қабықшасы, айналым тізбегі мен темірбетон оқшаулау қабығы) ядролық материалдың қоршаған ортаға таралуына жол бермейді. Бұған қоса осы жүйелер стансаны ұшақ апаты, жарылыс, жер сілкінісі сияқты сыртқы факторлардан қорғайды», деді БелАЭС бас директорының орынбасары Борис Парамонов.

Атом энергиясы жөніндегі халықара­лық агенттігінің (АЭХА-МАГАТЭ) сарап­шылары БелАЭС-ті халықаралық стандарт­тарға толық сай, «ашық әрі қауіпсіз атом энергетикасының үлгісі», деп бағалады.

н

Атом энергиясы – көмірсутек ресурс­тарын алмастыратын таза энергия көзі. «БелАЭС іске қосылғаннан кейін елдің көмірқышқыл газ шығарындылары жыл сайын 7 миллион тоннаға азайған. Бұл көрсеткіш Беларусьтың Париж кли­маттық келісіміне сәйкес қабылдаған міндеттемелерін орындауға әрі көміртекті бейтарап экономикаға көшуге мүмкіндік береді. Бұған қоса стансада суды үнемді пайдалану мен жылуды қайта өңдеу жүйелері енгізілген», деді БелАЭС-тің Оқу-жаттығу орталығы бастығының орынбасары Сергей Горин.

 

Кадрлық әлеует – атом жобасының негізі

АЭС-тің табысты жұмысының басты факторларының бірі – адам капиталы. 2008 жылдан бері Беларусь пен Ресейдің оқу орындарында 1000-нан астам инженер мен техник мамандар даярланды. БелАЭС-тің оқу-жаттығу орталығында жыл сайын 1500-ге жуық маман біліктілігін арттырады. Мұнда халықаралық стандарттарға сай толық масштабты тренажерлер мен заманауи оқу құралдары бар. Олар арқылы операторлар кез келген төтенше жағдайды модельдеу мен басқару дағдыларын меңгереді. Сөйтіп, қызметкерлер шынайы жағдайға барынша ұқсас тренажерлерде тәжірибеден өтеді.

2009 жылы ашылған Атом энергетикасы ақпарат орталығы халық пен БАҚ өкілдеріне тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Өйткені БелАЭС өз қызметінде ашықтық пен халықпен өзара сенімді байланыс ұстанымдарын алға шығарған. Нәти­жесінде, қоғаммен байланыс пен ашық коммуникацияның үлгісіне айналды. Он бес жылда орталыққа 30 мыңнан астам адам келіп, АЭС жұмысының қыр-сырымен танысқан. Бұл ашықтық саясаты қоғам тарапынан сенім мен қолдауды арттырған.

Станса Беларусь елінің солтүстік-батыс шекарасында Гродно облысының Островец қаласынан 18 шақырым жерде. Ол ел астанасы Минск қаласынан 150, ал Литва астанасы Вильнюстен 40 шақырым жерде орын тепкен. Бұл қала бүгінде елдегі ең қарқынды дамып жатқан аймақтың бірі. 2012 жылы қала мәртебесін алған елді мекен он бес жылда заманауи инфрақұрылымы бар энергетиктер қаласына айналды. Мұнда жаңа тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, мәдениет пен спорт орталықтары бой көтерді. Қала халқы қазір 15 мың адамнан асты, ал алдағы жылдары 15,5 мыңға жетеді деп күтіледі.

Жалпы, қала инфрақұрылымына салынған инвестиция көлемі 2 мил­лиард рубльден асып, 2,7 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, станса іске қосыл­ғалы бері Гродно облысының жалпы өңірлік өнім көлемі 1,3 есеге артқан.

Островец қаласынан оқшау, төңіректен биіктеу жасыл кеңістікте әдемі орналасқан БелАЭС сырт көрінісімен де көз тартады. Құрылыс архитектурасы мен түс-бояуы ұлттың эстетикалық таным, талға­мын көрсетіп тұрғандай әсерге бөлейді. Украин ұлттық киім өрнегіне қараған­да, ішкі безбені нәзіктігімен әрі тығызды­ғымен ерекшеленетін беларусь ұлттық киім кестесінің элементтерімен айқын безендірілген екі алып мұнара расында да көрікті кейпімен көз тартады. АЭС-тің қос мұнарасынан будақтап әуеге көтеріл­ген қалың буға таңдана қараған бізге, «эко­логиялық таза бұл бу аспанда жаңбырға айна­лып, жерге жаңбыр болып қайта жауа­ды. Сөйтіп, асыраушымыз Жер-Ананы ыл­ғалдандырады», деп әзілдеді қазақ журналистеріне станса бойынша экскурсия жасап жүрген Борис Парамонов.

БелАЭС ұжымы – елдегі ең әлеуетті кадрлық құрамның бірі. Барлық қызметкер тұрғын үймен, әлеуметтік жеңілдіктермен, медициналық сақтандырумен қамтамасыз етілген. Стансада психофизиологиялық қамтамасыз ету зертханасы жұмыс істейді. Ол ұжымдағы қолайлы психологиялық ахуалды сақтауға көмектеседі. Бұған қоса, кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы мәдени, спорттық, қайырымдылық іс-шараларын жүйелі түрде ұйымдастырады.

БелАЭС халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. АЭХА мен WANO (Атом энергиясын пайдалану жөніндегі дүниежүзілік қауымдастық) сарапшылары стансаның қауіпсіздік аудитін мезгілімен өткізіп, персоналды сертификаттау бағдарламаларын тәптіштеп отырады. Бұған қоса Беларусь ТМД елдерінің 2030 жылға дейінгі бейбіт атом бағдарламасына белсенді қатысушы. Бұл серіктестік атом технологиясын дамытуда тәжірибе алмасуға, персонал даярлау сапасын арттыруға жол ашты.

н

«Беларуская АЭС» мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Сергей Бабович, «БелАЭС – аймақтық тұрақтылық пен энергия теңгерімінің жаңа факторы. Бұл жоба тек электр қуатын ғана емес, технологиялық әрі интеллектуалдық қуатты да арттырып, ғылымды дамытуға серпін берді» десе, «Росатом» бас директоры Алексей Лихачев «Беларусь қауіпсіз атом энергетикасын сәтті игерген мемлекеттердің қатарына қосылды. Бұл – ТМД кеңістігіндегі ең табысты энергетикалық жоба», деді.

Расында АЭС – елдің экономикалық дербестігі мен технологиялық болаша­ғының кепілі. Таза энергия көзін дамыту арқылы Беларусь өзінің экологиялық әрі стратегиялық міндеттерін қатар орындап отыр. Станса іске қосылғаннан кейін елдің энергетикалық қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтерілді, ал Островец – жаңа индустриялық дәуірдің бел ортасында.

Борис Парамоновтың айтуынша, БелАЭС – елдің индустриялық әрі энергетикалық саясатының стратегия­лық элементі. Стансаның іске қосылуы ішкі нарықтағы энергия бағасын тұрақ­тандырып, өнеркәсіп өнімдерінің өзіндік құнын төмендетті. Электр қуатының елден артылғанын болашақта Литва, Лат­вия, Польша нарығына экспорттауға мүмкіндік тудырады. Сондай-ақ Беларусь бұл тәжірибені ТМД мен Орталық Азия елдерімен бөлісіп, аймақтық энергетикалық интеграцияны дамытуға мүдделі. Білгенге БелАЭС – ұлттық энергия жүйесінің жаңа кезеңін бастаған тарихи жоба. Ол экономикалық тиімділік, экологиялық жауапкершілік пен технологиялық тәуелсіздікті қатар қамтамасыз етіп тұр.

Бұған қоса АЭС-тің болуы – көлік үшін электр энергиясын пайдалануды ынталандырды. Беларусь елінде электрмобильдерге көшуді ынталандыру бойынша арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Яғни жанармайдан энергиямен жүретін көліктерге ауысу қарастырылып отыр. Бүгінде электрден қуат алатын желі құрылған көрінеді. Осы бастаманы халық та қолдап, электрмен жүретін көлікке ауысуға дайын. Беларусьта электр көлікпен жүретіндер саны 15 мыңға жуықтап қалған. Электр көлікті пайдаланғандар өсімі былтыр 200 пайызға жеткен екен. Биыл да осы көрсеткіш болады деп үміттеніп отыр. Елде қоғамдық көлікті тоққа көшіру бойынша жеке жобалар жүзеге асырылып келеді.

«Энергия – мемлекет тірегі. Ал БелАЭС – бұл болашағымыздың іргетасы», деді Беларусь Президенті. Расында озық жоба – осы ойдың айқын дәлелі. Бүгінде ол елдің ғана емес, тұтас өңірдің тұрақты дамуы мен энергетикалық қауіпсіздігінің рәмізіне айналған.

Кейбір адамдар арасында «АЭС салынса, қоршаған ортаға радиоактивті қал­дықтар таратылады» деген ұғым қалып­тасқан. Беларусь сапарында олай емес еке­ніне тағы бір рет көзіміз жетті. Керісін­ше АЭС салу табиғи су айдындарына зиян келтірмейді, әлемдік тәжірибе соны дәлел­деген. Керісінше салқындатқыш тоған­дарда балықтың бірнеше түрін өсіруге болады. Радиоактивті қалдықтар да ешқандай қауіп төндірмейді. Олар арнайы зауыттарда өңделіп, жабық қоймаларда сақталады. Бір АЭС 60 жылда небәрі 50 текше метр қалдық шығарады. Заманауи стансаларда апаттың алдын алатын қорғаныш жүйелері толық қарастырылған. Сондықтан АЭС-тің қоршаған ортаға теріс әсері болмайтыны қатаң нормативтермен реттеледі. Демек орынсыз үрейге ұрынудың жөні жоқ.

 

Астана – Минск – Островец – Минск – Астана