Қоғам • Бүгін, 08:52

Техниканы тізгіндеген әкім

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Неге екенін қайдам, әкім атаулы туралы бірауыз жылы сөз жазбас бұрын, ойланып-толғанамыз. Жақсылығын көріп тұрсақ та, тартыншақтаймыз. Дей тұрғанмен, Катонқарағай ауылдық округінің әкімін тұрғындары жақтап, мақтап жатқанын жиі естідік. Қашан көрсең, халықтың арасында дейді. Тіпті техниканы өзі тізгіндеп, қара жұмысқа да кірісіп кетеді екен.

Техниканы тізгіндеген әкім

Жас болғанымен, аудан орталығына бас болып жүрген Данияр Мұратұлын көпшілік қолдап отыр. Катонқарағай ауданы кеше ғана жеке аудан болып, бөлініп шыққан соң бірқатар жұмыс қолға алынған. Оның орындалғаны, орындалмағаны бар. Ал округ басшысы қолынан келген жұмысты барынша атқарып жүр.

Қарап отырсақ, ауылдың хал­қына ең керегі – жол, интер­нет, ауызсу. Иә, ауызсудан бұ­рын интернетке тәуелді. Күн­де­лікті суды тасып ішкен ел оған әбден үйреніскен. Орталық­тан­дырылған су жүйесі енді-енді кезеңімен қосылып жатыр. Пре­зиден Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, жыл соңына дейін барлық ауыл 100 пайыз­ ауызсуға қосылуға тиіс. Бұл жұ­мыс Катонқарағай ауылдық округінде де істеліп жатыр. Жа­рықтандыру жұмыстары да аудан болғалы қолға алынды. Оған дейін шекара шебінде жат­қан жұрт жетімнің күйін кешкен. Оны несіне жасырамыз? Сондықтан қазіргі басшылар үшін атқаратын шаруа – қыруар.

Округ әкімінің есеп-қисабына көз салсақ, аудан орталығындағы Абай, О.Бөкей көшелеріндегі шарық шамдарын жаңалап, ауыл­дың кіреберісіне жаңа шам­дар орнатыпты. Сонау тау қуы­сында жатқан Мойылды ауылына шағын интернет желісін жүргізіпті. Ал Шыңғыстай ауы­лының көшелеріне жарық қо­сылған, үйді-үйге ауызсу тар­тыл­ған. Осындай игі істердің ба­сында жүрген округ басшысы ат­қарған жұмыстарын жариялай бермеген.

в

Суретті түсірген – автор

Данияр Қасенов 1993  жылы Үлкен Нарын ауылында дүниеге келген екен. Кейін «Металлургия» мамандығын алып, еңбекке араласқан. Түрлі қызметтерден сатылап өсіп, округ әкімінің орнына жайғасқан. Қызметке кіріскенімен, айтқанымыздай ел ішінде көп жүреді. Айтып өткеніміздей, тракторға отыра салып, көше-көшенің қарын күреп шығу – жас әкім үшін оп-оңай шаруа.

– Халық сенім артып отырған соң мойынға міндеттелген жұмыстарды істейміз. Бәрі ел игілігі үшін. Көріп отырсыздар, Катонқарағай ауылында ауызсу жүйесі тартылды, жұмыстар аяқталды. Көктемде үйді-үйге су береміз. Ал техника тізгіндеуіме таңғалатын­дай түк жоқ. Кішкентай­дан көлікке жақын болып өстім, қызықтым. Қара жұмыстан қашуға болмайды, – дейді округ әкімі.

Иә, бір емес, бүтіндей үш ауыл сенім артып отырған соң елдің үмітін ақтау әр басшының парызы, халық алдындағы қарызы. Елім деп тұрған әкімдер көп болса, жерім деп тұрған ел еселенеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы