Көрші ел делегациясы Әуезов ауданындағы Комьюнити орталығының жұмыс тәжірибесімен танысты. Меймандарды орталық қызметкерлерімен бірге қарсы алған Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов көрші елмен байланыстың мәні тереңде екеніне тоқталды. Ол екі ел арасында тек мәдени, рухани әріптестік қана емес, осындай тәжірибе алмасулар да болғаны маңызды екенін айтты.
Қырғыз делегациясы елімізде болып жатқан реформалар мен өзгерістерге әрдайым тілектестік білдіретінін әрі маңызды шешім қабылдар кезде өздері де сол тәжірибеге сүйенетінін жеткізді.
«Қазақ-қырғыз ежелден тамыры мен тарихы егіз халық болғандықтан, біз ең алдымен қай салада да Қазақстанның тәжірибесін алға ұстаймыз. Құрамында Президент әкімшілігі, Министрлер кабинетінің өкілдері бар біздің делегация Алматыдағы халыққа қызмет көрсету нысандарын аралай отырып, тәжірибелеріңізге тәнті болдық. Ашығын айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, инновация, цифрландыру секілді негізгі салалардың бәрінде Қазақстанның үлгісінен үйренеріміз мол. Жаңа технология дәуірінде заманауи мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану – ел өмірін жақсартудағы басым бағыттардың бірі», деді Эдиль Байсалов.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Гүлісхан Нахбаеваның айтуынша, жылына 800 мыңнан астам жасқа қызмет көрсетуді мақсат тұтқан алаң шығармашылық бастамаларды дамыту мен идея алмасуды көздейді. Аталған алаңдардың негізгі мақсаты – жұмыссыз жүрген NEET санатындағы жастарға қолдау білдіру және өскелең ұрпақты мектеп бағдарламасынан бөлек, қосымша дағдыларды меңгеруге баулу. «Қазақ-қырғыз жастарының әртүрлі платформаларда бас қосып тұруы қалыпты құбылысқа айналған. Бұл кездесу біздің жастарымыз арасындағы байланыстың жаңа деңгейінің көрсеткіші» дейді ол.
Сонымен қатар қонақтар Алматыда Еңбек мобильділігі орталығына бас сұғып, әлеуметтік-еңбек саласындағы қызмет түрлері шоғырланған ұжымның тыныс-тіршілігімен де танысты. Делегацияны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қарсы алып, еліміздің әлеуметтік цифрландыру саласындағы тың жаңалықтар туралы баяндады.
Орталық барлық еңбекке қабілетті санаттарға қызмет көрсетеді. Мұнда мемлекеттік қызмет тұтастай автоматтандырылған. Мамандардың айтуынша, азаматтар қызметтерді электрондық еңбек биржасы арқылы алып, өтінімдер қалдыра алады. Министр, қырғыз елінен келген әріптестеріне ел тұрғындарына қатысты барлық мәліметтер тізбегі шоғырланған электронды алаңның жұмысы туралы айтып, жыл өткен сайын жүйе жетілдіріліп отырғанын жеткізді. Қырғыз елінен келген делегация негізгі салаларды цифрландыру бағытында еліміздің тәжірибесін жоғары бағалады. Сондай-ақ тараптар екі ел арасындағы жан-жақты әріптестік, әсіресе цифрландыру әлеуметтік қамсыздандыру, экономика және білім салаларында айтарлықтай қарқын ала бастағанына тоқталды.
Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша еліміздің eGov тәжірибесі Қырғызстанға үлгі ретінде ұсынылып, бірқатар бірлескен жобалар іске асып келеді. Сол секілді зейнетақы жүйесі, әлеуметтік төлемдер, халықты тіркеу және атаулы көмек көрсету процестері бойынша тәжірибе алмасу бағытында бірлескен бастамалар оң нәтижесін беріп отыр.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ