Қоғам • 24 Желтоқсан, 2020

Исламабадта жаһандық Фараби форумы өтті

261 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Пәкістан астанасы Исламабад қаласында ұлы ойшыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай Ғылыми-технологиялық ынтымақтастық жөнiндегi Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Тұрақты комитеті (COMSTECH) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұйымдас­тыруымен Әл-Фараби жаһандық форумы өтті.

Исламабадта жаһандық Фараби форумы өтті

Алқалы жиынға Пәкістан Ислам Республикасының президенті Ариф Алви, COMSTECH Бас дирек­торы Мұхаммед Икбал Чаудари, Ха­лық­аралық Түркі акаде­мия­сы­ның президенті Дархан Қыдырәлі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Асқар Мусинов, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Сауд Арабиясы Король­дігіндегі, Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын, Калифорния университетінің профессоры Асад Ахмед, Лахор Менеджмент және технология­лар университеті профессоры Саид Номанул Хак, Оксфорд универ­ситеті профессоры Фархан Низами, Мюнхен университетінің профес­соры Питер Адамсон, Бат Спа уни­верситеті (Ұлыбритания) профессоры Ифтихар Малик, сонымен қатар әлемнің танымал фарабитанушы ғалымдары қатысты.

Жиын барысында Пәкістан пре­зиденті Ариф Алви қазіргі таңда ғылымның даму қарқыны жоғары екеніне назар аударып, мұндай үрдіс дамыған және дамушы мұсылман мемлекеттерінің арасындағы айыр­машылықты алшақтата түсетініне тоқталды. Осыған орай А.Алви жедел түрде білім саласына назар аударуға шақырды.

Сондай-ақ Пәкістан Президенті COMSTECH комитеті ғылым мен тех­нология арқылы әлеуметтік-эко­номикалық дамуға ден қойған Ис­лам Ынтымақтастығы Ұйымының бірегей мекемесі екенін атап өтті. Өз сөзін­де А.Алви ИЫҰ елдерін барша ислам­ның қайта өркендеуі үшін бірлесіп жұмыс істеуге, тізе қосуға шақырды.

Халықаралық форумның мәрте­белі қонағы болған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі құттық­тау сөзін­де ұйымның Әл-Фараби жылында атқарған жұмыстары туралы баяндап, жиынның сәтті өтуі­не тілектестік білдірді. Өз сөзінде Д.Қыдырәлі іргелі жиынның Сұлтан Махмуд Газнауи мен ұлы ойшыл, ақын Мұхаммед Ықбалдың елінде өтіп жатқанына назар аударды. Әл-Фарабидің өз дәуірінде ілім мен ғылымды жете меңгергеніне тоқ­талып, «екінші ұстаздың» өмірі әлі күнге дейін қоғамға үлгі екенін айтты.

«Әл-Фарабидің Шығыс тарихына жасаған этикалық және моральдық әсерін атап өткен жөн. Бірнеше ғасыр бойы оның еңбектерінің негізгі іргетасы саналған үштаған – «әділ басқару», «қайырымды қала» және «бақытты қоғам» басқа ойшылдар үшін де құнды жәдігерге айналды. Әл-Фараби осы шарттар орын­далғанда ғана «кәміл адам» ұғымына қол жеткізілетінін жете түсінді», деді Д.Қыдырәлі.

Іс-шара барысында ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары Асқар Мусинов те сөз сөйлеп, ғалымның жетістігіне ерекше екпін берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Ислам әлемі Әл-Фараби сынды бұрынғы за­ман­ның ойшылдарындай ілім мен ғы­лымға ерекше назар аударуы ке­рек. «ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер­дегі ғылымның болашағы ғылыми мәдениет қалыптастыруға тікелей байланысты. Университеттер мен зерттеу институттары қоғамды ілім іздеуге өзгертіп, ғылымға қолайлы жағдай жасауда үлкен рөл ойнауға тиіс», деді А.Мусинов.

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі, Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын өз сөзінде Әбу Насыр әл-Фара­би­дің Аристотель мен Платонның ізін жалғап, Батыс және Шығыс философиялық мектептерін біріктір­генін жеткізді. «Әл-Фарабидің Арис­тотельден кейінгі екінші ұстаз атануы бекер емес. Ол – араб, парсы, грек, үнді және түрік мәдениеттерінің құнды жетістіктерін үйлестіре білген әлемдік деңгейдегі ойшыл.

Сондай-ақ Әл-Фараби білім беру саласында реформа жасап, халықтың жаппай сауат ашуына, адамзаттың дамуына зор үлес қосты. Оның тың әрі ашық философиялық пікірлері кейде қоғамдық пікірмен кереғар болды. Ол ойлануда дербестік танытып, өз ұстанымының беріктігін дәлелдей түсті.

Әл-Фараби бір ғана саламен шектеліп қалмай, білім көкжиегін кеңіте берді. Философия, логика, музы­ка және саяси ғылымды да мең­герді. Расында, Әл-Фарабидің саяси фи­лософияға сіңірген еңбегін баға­лау мүмкін емес. Платоннан тәлім алған ол ізгіліктің шыңына жететін, көп тілді, көп ұлтты, көп дінді ел қа­лып­тастыруға басымдық берді», деді Б.Арын.

COMSTECH Бас үйлестірушісі, про­фессор Икбал Чаудари өз сөзінде мұндай жиындар әлі де жалға­саты­нын атап өтті. Оның айтуын­ша, келешекте COMSTECH ұйы­мы Халықаралық Түркі академия­сымен бірлесе отырып, Түркі­станда Пәкістанның ойшылы Мұхам­мед Ықбалға арналған форум, Өзбек­станда ғалым Ұлықбекке арналған жиын өткізбек.

Жиында сөз сөйлегендер ғылым мен технологияны одан әрі дамытуға, ИЫҰ аясында осы сала­дағы ық­палдастықты күшейтуге, Ислам әлемінің алтын ғасыры саналатын дәуірді жалғастырып, Әл-Фараби секілді ойшылдардан тәлім алудың маңызына екпін берді.

Айта кету керек, 1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабат қаласында өткен конференцияда негізі қаланған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) – ең ірі және ықпалды үкімет­тік әрі халықаралық мұсылман ұйы­мы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны ша­мамен 1,5 миллиард адамды қам­титын 57 елдің басын біріктіріп отыр.