Сурет: malim.kz
Павлодар облысында алдағы жылдың су тасқыны мезгіліне дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр. Елді мекендерді су басу қаупін барынша азайту мақсатында облыс әкімінің қаулысымен «Инженерлік жұмыс жоспары» бекітілген.
– Жоспар аясында 30 шақырымға жуық қорғаныс және жол инфрақұрылым нысандары қалпына келтіріліп, нығайтылды. 29 су өткізу құбыры орнатылып, жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ елді мекендердегі арықтар мен су бұру арналары тазартылып, ретке келтірілді, – деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденов.
Мамандардың айтуынша, Баянауыл, Ақтоғай аудандарындағы елді мекендер ерекше бақылауда тұр. Баянауыл ауданында су тасқыны қаупін төмендету мақсатында Жаңажол, Қ.Сәтбаев ауылдарында суармалы жүйелерді қайта жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар арқылы 3,6 мың гектар аумақта 23 млн текше метрден астам суды қабылдап, реттеу мүмкіндігі пайда болады.
Ал Ақтоғай ауданы Шолақсор ауылы маңында Сілеті өзенінің арнасын түзеу, тереңдету жұмысы атқарылды. Жалаулы ауылында 200 млн текше метр көлемінде еріген қар суларын жинауға арналған 3 тоған қазылып, жер үйінділері жасалған. Ал Ертіс өзенінің ойпаң тұстарында жергілікті атқарушы органдардың күшімен жалпы ұзындығы 63,8 шақырымды құрайтын топырақ үйіндісі тұрғызылған.
Қазір төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, облыстың алдағы болуы ықтимал су тасқыны кезеңіне дайындығын бағалау мақсатында елді мекендерді аралап, тексеру жұмысын жүргізіп жатыр.
– Жазғытұрым кезеңде ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында департаментпен «КамАЗ» базасындағы 2 су сору автокөлігі, 5 «Skoda Kodiak» жедел-қызметтік автокөлігі, 1 «Toyota Hilux» базасындағы жедел әрекет ету автокөлігі, 6 аспалы қайық моторы, 2 үрлемелі қайық, 1 ұшқышсыз ұшу аппараты (дрон), 1 тентті жүк көлігі, 13 тасымалданатын мотопомпа, 1 тіркемелі мотопомпа сатып алынды. Барлық құтқару бөлімшелері су өткізбейтін арнайы қорғаныс костюмдерімен қамтамасыз етілді, – дейді департамент өкілі.
Ал «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының хабарлауынша, қазір өңір бойынша орташа жауын-шашын мөлшері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76%-ға көп (2024 жылы – 13 мм, 2025 жылы – 23 мм). Топырақтың қазіргі қату тереңдігі орта есеппен өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға жоғары (2024 жылы – 6 см, 2025 жылы – 8 см).
– Қараша айы әдеттегіден жылы болып тұр. Облыс бойынша орташа ауа температурасы нормадан 1 градусқа жоғары (-5,-6°С), жауын-шашын мөлшері – нормаға жуық (16–23 мм). Желтоқсанда ауа температурасы нормадан ауытқымай, орташа тәуліктік температура -10,-14 градус болып сақталады. Қаңтардағы температура да норма шегінде болады. Тек ақпан мен наурыз айларында ауа температурасы нормадан 1–2°С жоғары болады деп болжанады, – деп мәлімдеді «Қазгидрометтің» жергілікті филиалынан.
Павлодар облысы