Президент • Бүгін, 15:01

Президент: Еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды

2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің маңызды жобаларына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына алғыс айтты, деп жазады Egemen.kz.

Президент: Еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды

Фото: Ақорда

«Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да – осы. Бұл тұста Қазақстанның бастамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығымды айтқым келеді, деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ форумға қатысып отырған ЮНЕСКО-ның бұрынғы Бас директоры Одрэ Азулеге алғыс айтты. 

«Сіз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы әріптестікті нығайтуға мол үлес қостыңыз. Симпозиумның осындай беделді жаһандық ұйым аясында өтуі Алтын Орда мұрасының әлемдік ауқымдағы мән-мағынасы зор екенін көрсетеді. Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр», дейді Мемлекет басшысы.  

Президент өз сөзінде еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырылғанын атап өтті.

«Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді. Сонымен қатар ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиімді, маңызды шаруа», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында сөз сөйлеп, байырғы алып мемлекеттің тарихы көп зерттеулерге арқау болғанын атап өтті.

Соңғы жаңалықтар