Қоғам • Бүгін, 07:47

Атырауда Мұстафаның көшесі бар

60 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің елең-алаңында шетелдегі жайлы қонысын тас­тап, атамекеніне атбасын бұрған қайсар қазақтың бірі – Мұстафа Өзтүрік. Сол кезде оның бастамасымен еліміздегі таеквондо мектебінің бірі Атырауда ашылған еді.

Атырауда Мұстафаның көшесі бар

Суретті түсірген – Ерлан АЛТЫБАЕВ

Бұл өңірде Мұстафаның спорттағы ізін жалғаған шәкірті – Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қабибек Мұхитов. Таеквондо тарланынан тәлім алған оның көп жыл баптаған шәкірттері Бауыржан Төребаев, Мұстахим Қабдрашев, Нұрхат Дүйсенбаев республикалық, халықаралық са­йыстарда топ жарды. Қазір олар да шәкірт баптап жүр.

Мұстафа Өзтүріктің Атырауда ашылған таеквондо мектебінде аталған спорттың қыр-сырын жетік меңгерген жергілікті таеквондошылар Олимпия ойындарында ел намысын қорғады. Алдымен Арман Шылманов пен Лия Нұркина 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысты. Сол дүбірлі додада Арман Шылманов қола жүлдегер атанды. Кейін Ресейдің Астрахань облысында кіндік қаны тамғанымен, мұнайлы шаһарға түпкілікті қоныс аударған Гүлнафис Айт­мұхамбетова атыраулық жаттық­тырушылардың тәлімін алып, Лондон Олимпиадасында бақ сынады. Бұдан соң Түркиядан елімізге оралған тағы бір қан­дасымыз Жансель Дениз дәл осы өңірде шеберлігін шыңдап, Токио Олимпиадасының жолдамасына ие болды.

Атыраулықтар жергілікті таеквондошылардың осындай жетістігін Мұстафа Өзтүріктің атажұртқа оралуымен байланыс­тырады. Өйткені ол атамекеннен алыста өмірге келсе де «Жан тартпайды, қан тартады» деп ұлтты, Отанды сүюдің, қазақ рухын асқақтатудың үлгісін көрсетті. Қазақ спортшыларының әлемдік додаларда топ жарғанын, Көк байрақтың биікте желбіреп, Әнұран шырқалғанын қалады. Ұлт рухының биіктегенін армандап, өнегелі әрі ізгілікті ісімен аңызға айналған арыс десе жарасатын қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Өзтүріктің өмірге келген күні – 23 қараша. Дәл осы осы күні арыстандай айбарлы тұлғаның есімі мұнайлы шаһардың «Балау­са» шағын ауданындағы жаңа көшеге берілді.

Осыған орай өткен іс-шараға келбеті де, қас-қабағы да Мұстафаның өзінен аумай қалған қызы Неслихан Өзтүрік пен бауы­ры Омар Тайжи арнайы келді. Ардақты әкесінің мейірімді сөзін, жылы алақанын аңсаған қызы көшеге қойылған еңселі ескерткіш тақтадағы бейнесін аялай сипап, ерекше толқынысын жасыра алмады.

«Әкем көзі тірісінде өз жо­лының қанша жанның жүрегіне жететінін, талай буынды рухтандыратынын білмеген еді. Өз есімі ондаған жыл өтсе де шексіз махаббатпен, мақтанышпен, құрметпен аталатынын сезбеді. Әкемнің өмірге келген күні Жайық өзенінің жағасындағы Атырау қаласына алғаш рет табаным тиді. Мұнда әкемнің ұсынысымен ашылған таеквондо мектебінің шәкірті көп екен. Олардың жетістігінен де хабардармын. Жаңа шағын аудандағы көшеге есімі берілгеніне қуанып, әрі толқып тұрмын. Бұл – мұнайлы өңір тұрғындарының әкемнің рухына құрметі. Ескерткіш тақтадан асыл әкемнің бейнесін көріп, сағынышым үдей түсті», дейді Неслихан Өзтүрік.

Бауыры Омар Тайжи да мұнайлы шаһарға алғаш рет табан тіреді. Оның айтуынша, Мұс­тафа бала кезінен қазақты әлемге танытып, абыройын асқақтатуды көздепті.

«Ол атамекенге оралуды көп жыл бойы аңсады. «Қаным атажұртқа тартып тұрады. Қазақ жеріне табаным бір тисе ғой. Киелі топырағын басып, ауасымен кең тыныстағым келеді», деуші еді. Сол арманы орындалып, Қазақстанда таеквондо спор­тының негізін қалады. Қазір қазақ елінің таеквондошылары әлемдік сайыстарда топ жарып жүр. Бар қазақты бауырына басқан ағамыздың есімі Аты­раудағы көшеге берілгені көңілімді толқытты», деді Омар Тайжи.

Ал шәкірттері таеквондо тарланының адами болмысына терең бойлады. Мұстафа Өзтүрік шәкірттеріне айтқан тәрбиелік мәні зор ұлағатқа толы сөздерін еске алды. Қазақ елі, шәкірттері бар да әлем таныған даңқты тұл­ғаның есімі ұмытылмайтынын сөз етті.

«Мұстафа ағамызбен алғаш­қы кездесуді әлі күнге ұмытқан жоқпыз. Ол әрдайым шәкірттеріне тағылымды әңгіме айтып, «ше­берлігің шыңдалып, бағың жанса, чемпион болу қиын емес. Бірақ өмірге адам болып келген соң алдымен адамдық болмысты жоғалтпау қажет. Спортшы атақ пен даңқтың буына бой алдырмай, мейірімді, қайырымды, соңынан ерген буынға үлгі көрсететін өнегелі болуы керек», дегенді жиі айтушы еді. Мұстафа ағамыз – намыстан жаратылған бірегей тұлға», дейді Қазақстанның ең­бек сіңірген жаттықтырушысы Қабибек Мұхитов.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар