Қоғам • Бүгін, 08:50

Толағай қыз

3 мин
оқу үшін

Қарқаралыда өткен қымыз думанында қой көтеру ойыны қызды. Салмағы 35 килолық тұлыпты 150 мәрте көтерген Жәнел Құсайынова дүйім жұртты тамсандырды. Қаршадай қазақ қызының қажыр-қайратына риза болған халық тоқтаусыз қошемет көрсетті. Жігерлі Жәнелдің сол бір әсерлі сәті видеоға таспаланып, әп-сәтте-ақ әлеуметтік желінің жұлдызына айналып шыға келді.

Толағай қыз

Дүбірге бөленген думанда Тоқтар ауылынан келген азамат қой тұлыбын 120 рет, Ынталы ауылынан келген қатысушы 125 рет көтеріп, жоғары нәтиже көрсетті. Ал жарыстың үздік көрсеткішін Ақтөбе ауылының тұрғыны тіркеп, муляжды 200 рет көтерді. Десек те, әлді азаматтармен қатар қажыр-қайратын дәлелдеген Жәнел Құсайынованың өнері «Baiqymyz» этнофестивалінің ең есте қаларлық сәттерінің бірі болды.

Соңғы рет көтеріп, межені 150-ге жеткізген соң, халыққа басын иген батыр қызға ұйымдастырушылар естелік сыйлықтар табыс етті. Көпшілік ішінен Ақтоғай ауданының Дәурен есімді мәрт азаматы сахна алаңына суырылып шығып, рухты қызға 100 мың теңге тарту етті. Ал Қараағаш ауылының жігіттері қазақы дәстүрмен иығына оқалы қамзол жауып, құрмет көрсетті.

Жәнел – Саран қаласының тумасы. Ол бала кезінен спортпен шұ­ғылданады. Бозкілемде қарсылас шақ келтірмей жүрген грепплинг және джиу-джитсу шебері. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол бұған дейін де түрлі мерекелерде осындай сайыстарды көріп, қатысқысы келгенімен, ұялып жүріпті.

«Мұндай сайысқа бірінші рет қа­тыс­тым. ­Көріп жүріп қатты қызы­­­ға­тынмын, бірақ ұялатын едім. Осы жолы тәуекел етуге жүрексініп тұр­ға­­нымда, жанымдағы бөлем Гүл­мира сахнаға шығуыма күш берді», – дей­ді ел аузында жүрген батыр қыз.

Жәнел ортаға шыққанға дейін жігіттер арасындағы көрсеткіш 120 рет болған екен. Ел алдына шыққанда бойын намыс кернеген бойжеткен алдына бір ғана мақсат қояды: ерлер орнатқан межені жаңартып,  қыздардың да мықты бола алатынын дәлелдеу!

«Көрсеткіш 100-ден асып бара жатқанда, рекордты жаңартатынымды сездім. Ішімде тек қана «озу керек» деген ой болды. Мен үшін 35 килолық салмақ қатты ауыр болған жоқ. Себебі аптасына 4–5 рет жаттығу залында зіл­темір көтеріп, шынығамын», дейді ол.

Еліміздің көк туын халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген спортшы қыз қой көтеруден бақ сынап, осыншама халықтың алғыс-махабба­ты мен қолдауына бөленемін деп ойламағанын жасырмайды. «Жұл­дыз боламын деп ойлаған жоқ­пын, әрине. Бағдарламаларға шақырып, сұхбаттасып жатқаны – ерекше сезім. Спорт – денсаулық кепілі, сон­дықтан болашақта бұл жолымды мақта­ныш­пен жалғастыра беремін», дейді чемпион ағынан жарылып.

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Толағай қыз

Қоғам • Бүгін, 08:50

Бұрхансайдың таңбалы тастары

Аймақтар • Бүгін, 08:40

Кімдерге рақымшылық жасалады?

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:20