Сапар барысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударылды. Степногорск қаласында делегация жылу электр орталығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысымен танысты. Кәсіпорында негізгі жабдықтардың тозу деңгейін 57%-ға дейін төмендетуге бағытталған жұмыс жүргізіліп жатыр. Жылу желілерінің тозу деңгейі де 59%-ға дейін азайтылған.
«Степногорск Энергокомплекс» ЖШС бас директоры Мақсат Ысқақовтың айтуынша, энергиямен жабдықтау тұрақтылығын арттыру мақсатында қазандық агрегаттарына, турбиналарға, күл құбыры мен түтін мұржасына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы қарастырылған. Бұл шаралар жабдықтардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, пайдалану сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ апатты жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Нұрлыбек Нәлібаев «Степногорск тау-кен-химия комбинаты» ЖШС-да болды. Онда уран өңдеу кешенін жаңғырту нәтижесінде өндірістік қуаттылық жылына 4 мың тоннадан 6 мың тоннаға дейін артып жатыр. Кәсіпорында өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мен одан әрі дамыту, кадрлар даярлау мәселелері қарастырылды. Өндірісті кеңейту перспективалары «Степногорск подшипник зауыты» АҚ-да да талқыланды.
Жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Қазақстанның Жылыжай Технологиялары» ЖШС-да болды. Кәсіпорын жыл сайын Көкшетау, Астана, Петропавл қалаларына шамамен 2,4 мың тонна көкөніс пен көкшөп өнімдерін жеткізеді.
Көкшетау қаласына сапар Savory зауытынан басталды. Кәсіпорын еуропалық жабдықтармен әрі автоматтандырылған басқару жүйесімен жабдықталған. Мұнда құрамажем өндіріліп, өнімдері еліміздің өңірлеріне және Өзбекстанға жөнелтіледі.
Нұрлыбек Нәлібаев облыс орталығындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмысының барысымен де танысты. Құрылыс қарқынын жеделдету, оның ішінде жұмысты екі ауысымда ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
«КАИК» ЖШС алаңында агроөнеркәсіптік сектордағы инвестициялық жобалар таныстырылды. Өңірлік маңызы бар «Kokshe Industry» индустриялық аймағын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде мұнда 300-ден астам жұмыс орнын құратын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта тағы бес ірі жобаны жүзеге асыру және 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. 2030 жылға дейін жалпы саны 47 жаңа өндіріс орнын іске қосу көзделіп отыр.
Жұмыс сапарының соңғы нысаны «Самұрық-Энерго» АҚ жүзеге асырып жатқан Көкшетау қаласындағы жаңа жылу электр орталығының құрылыс алаңы болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Көкшетауда қуаты 240 МВт және жылу өндіру көлемі сағатына 820 Гкал болатын ЖЭО салынып жатыр. «Самұрық-Энерго» АҚ инвестициялар жөніндегі бас директоры Аңсар Айдаровтың сөзінше, биыл стансаның негізгі нысандарының іргетастарын салу жұмысы аяқталып, қажетті инфрақұрылымды тұрғызу жалғасып жатыр. Нысанда экологиялық заңнама талаптарына сәйкес келетін заманауи газ тазарту технологиялары қолданылады. Құрылыс кезеңінде шамамен 2,5 мың адам жұмыспен қамтылса, станса пайдалануға берілгеннен кейін 400-ге жуық маман тұрақты жұмысқа тұрады.
Сапар қорытындысында Нұрлыбек Нәлібаев барлық жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
«ЖЭО құрылысы Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұр. Облыс орталығының тұрғындары бұл жобаның жүзеге асуын көп жылдан бері күтіп келеді. Сонымен қатар елімізде алғаш рет 124 теміржол вокзалын ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілуде, оның ішінде 16 вокзал Ақмола облысында орналасқан. Барлық жобалардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етіп, жұмыс қарқынын жоғары деңгейде сақтау қажет», деді Н.Нәлібаев.