Аймақтар • Бүгін, 07:45

Уақытша қашықтан оқиды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында 2 мектептің оқушылары сабақты қашықтан оқуға жіберілді. Ал 2 балабақшаның жұмысы уақытша тоқтатылды. Бірақ бұл тұмауға байланысты емес.

Уақытша қашықтан оқиды

Сурет: zakon.kz

Облыстық білім басқарма­сы­ның басшысы Марат Әбуовтің айтуынша, Махамбет ауданының Бейбарыс ауылдық округінде тышқан күрт көбейген. Осыған бай­ланысты эпидемиялық ахуал­дың нашарлауына жол бермеу, балалардың денсаулығын қор­ғау үшін алдын алу шарасы қа­был­данып отыр.

«Бейбарыс ауылдық округінде 2 мектеп пен 2 балабақша бар. Оқушылар дәріс алатын мек­теп­тің бірі – А.Байтұрсынұлы атын­дағы білім ордасы, екіншісі – Талдыкөл орта мектебі. Эпи­де­миялық қауіптің алдын алу үшін 19 қарашада аталған мектептер сабақ уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Дезинфекциялық жұмысты толық әрі сапалы жүргізуге «Балдырған» және «Балақай» балабақшасының қызметі уақыт­ша тоқтатылды», дейді Марат Әбуов.

Оның дерегіне қарағанда, Бейбарыс ауылында орналасқан А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектепте 573 оқушы дәріс алады. Ал Талдыкөл орта мектебінде 261 оқушы оқиды.

«Қазір білім ордаларында оқу­шыларға ыстық тамақ беріледі. Біз оқушылар ішетін тамақтың сапалы болғанын, санитарлық талап­тың сақталғанын қалай­мыз. Сондықтан арнайы мамандан­ды­рылған қызметтің мамандары Бейбарыс ауылдық округіндегі мектептер мен балабақшаларда дезинфекциялау, санитарлық бақылау жұмысын жүргізуді қолға алды. Мектептер мен бала­бақ­шаларда қауіп толық жойыл­ған­нан кейін оқу-тәрбие үдерісін қа­лыпты режимге ауыстыру көз­деліп отыр. Бұл шамамен бір аптаға созылуы мүмкін», дейді М.Әбуов.

Алайда аталған округте тыш­қан­ның көбеюіне не себеп бол­ғаны әзірге белгісіз. Мамандар мұның себебін әлі нақтылаған жоқ. Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаевтың айтуын­ша, қазір Бейбарыс ауылдық округіндегі Талдыкөл және Бей­барыс ауылында арнайы меке­ме­нің қызметкерлері жеке тұрғын үйлердің аумағын улауды бастады. Шамамен 100 үйдің ауласын улау көзделген. Оның аумағы – 150 мың шаршы метр.

«Қолданылатын төртінші дең­гей­лі удың адамдар мен үй жануа­р­­ларына зияны жоқ. Зиян­кес­термен кү­рес мекемесімен келі­сіп, 1000-нан астам үйге дәрі тарат­тық. Қосымша у­ла­ғыш дәндер алынып жатыр. Дера­ти­зация жұмысына арнайы ком­паниямен келісім шарт жасақ­­­талып, Талдыкөл ауы­лын­­дағы 47 үйде улау жұмыстары жүргізілді. Дера­тиза­циялау тұр­ғын­­дардың келі­сіміне қарай кезең-кезеңімен жалға­сады», дейді Қайрат Нұрлыбаев.

Әкімнің дерегіне қарағанда, былтырғы су тасқынынан кейін Талдыкөл ауылының маңында шөп биік өскен. Тышқандар шөп арасынан ін қазып, көбейген болуы мүмкін. Аталған ауыл маңындағы шөпті шабуға арнайы техника бөлінген.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар