
Палата отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы мен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстырды. Ведомство басшысының сөзіне қарағанда, қоғамдық денсаулық сақтаудың деңгейін көтеруде мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ортақ жауапкершілігін арттыру мақсатында кодекс жобасында бірқатар мәселелер қарастырылған. «Адам денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан вакциналарды әкелу, сатып алу, тасымалдау, сақтау ережелерін бұзғаны, вакциналардың сапасы мен қауіпсіздігіне сараптама жасау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу қарастырылады. Қызметкерлердің денсаулығын нығайту және аурулардың алдын алу, медициналық қарап-тексерулер мен скрининг өткізу мақсатында әлеуметтік демалыс беру көзделген», деді Е.Біртанов.
Осы орайда ведомство басшысы медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. «Ауылдық жерлерде көшпелі медициналық кешендердің, медициналық пойыздар мен қашықтан медициналық көмек көрсету құралдарының қолжетімділігі артады. Тегін медициналық көмектің көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде бергені үшін әкімшілік жауапкершілік көзделеді», деді Е.Біртанов.
Сондай-ақ министр денсаулық сақтау саласындағы білім беру және ғылым бағытында Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының талаптарына сәйкес білім алушыларды және түлектердің кәсіптік даярлығын тәуелсіз бағалау; университет ауруханаларын құру шарттары мен қызметінің қағидаттарын одан әрі дамыту жоспарланғанын айтты. Кодекс жобасы этика мәселелері жөніндегі комиссиялардың рөлі мен мәртебесін реттемек. «Тегін медициналық көмек пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде халыққа дәрілік заттарды таңдау мүмкіндігін беру мақсатында бірлесіп төлеу мәселелері реттелді. Пациент өз еркі бойынша дәрілік заттың бағасының айырмашылығын төлеп, қалаған дәріні ала алады. Алайда отандық дәрілік заттарды қолдау мақсатында бұл норма отандық өндірушілерге қолданылмайды. Алдыңғы қатарлы терапия дәрілерін қолдану тәртібін айқындау көзделуде», деді министр.
Е.Біртанов кодексте кадрлық саясат пен медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау қарастырылғанын жеткізді. Оған қоса, денсаулық саласын цифрландыруға басымдық берілмек. Бұл қадам медицина қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетеді. Кодексте адам ағзасы мен тіндеріне қатысты мәселелер де ескерілген. «Қайтыс болған адамның органдарын алуға келісім презумпциясына қатысты норма Қазақстанда 2009 жылдан бастап қолданыста бар. Ерікті түрде келісім беруді тіркеу немесе келісімді кері қайтарып алу медициналық ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызмет саналады. Кодекс жобасында адамның тірі кезінде ағзасын алу бойынша ерік білдірмеген жағдайда келісім бермеуге жұбайының, болмаған жағдайда жақын туыстарының бірінің құқығы бар», деді Е.Біртанов.
Бұдан кейін Денсаулық сақтау министрі вакцинаға қатысты мәселеге тоқталды. Ведомство басшысының айтуынша, ата-аналар баласына вакцина салудан бас тартқанда, оның денсаулық құқығын шектейтінін атап өтті. «Вакцина салынбаған адам санының өсуі – ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халықтың арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына әкеледі. 2019 жылы қызылша ауруымен ауырғандардың арасында 21 өлім, оның ішінде 19 бала өлімі тіркелді. Республикамызда қызылшаның өршуі кезеңінде – 13887, балалар арасында 9887 жағдай кездесті. Сырқаттанғандарың 83,4 пайызы егілмеген балалар. Халық арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялар жағдайын тіркеу осал топтарға жататын балалардың өміріне қауіп төндіреді. Сондай-ақ аталған норманы жұртшылықпен талқылау нәтижесінде профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінді. Міндетті профилактикалық вакцинаға жоспарлы және эпидемиялық көрсетілім бойынша профилактикалық егулер жатады. Ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткенде ғана жоспарлы вакцина алмаған балаларды мектепке дейінгі оқу мекемелеріне жіберіледі», деді министр.
Осылайша кодекс жобасында бас мемлекеттік санитар дәрігерлердің шектеу іс-шараларын және карантинді енгізу жөніндегі өкілеттіктерін күшейту, халықтың санитариялық-эпидемиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды тұлғаларын әлеуметтік қорғау бойынша шаралар енгізу, Денсаулық сақтау министрлігіне төтенше жағдайды енгізу кезеңінде медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру тәртібін айқындау бойынша құзырет берілмек. Бұдан бөлек, заңнамалық актілерді кодекстің жаңа редакциясына сәйкес келтіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді.
Сенаторлар заң жобаларын талқылау барысында ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, оларды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қаралған заң жобалары отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға жаңа серпін береді.
«Кодекс жобасы Сенаттың барлық қомитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер қаралып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес, Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобаға бірқатар маңызды түзетулер енгізді. Олар, ең алдымен, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында берген денсаулық сақтау саласына қатысты тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Аталған кодекс жобасы ұлт денсаулығын нығайтумен қатар, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау сияқты бірқатар маңызды басымдықтарды қамтиды. Алдағы уақытта бұл құжат отандық медицинаның өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қабылдады.
Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында әзірленген. Заң жобасының басты мақсаты – бұзылған немесе даулы материалдық субъективті құқықтарды немесе заңмен қорғалатын мүдделерді нақты қорғауды қамтамасыз ету мақсатындағы сот актілері мен өзге де органдардың актілерін мәжбүрлеп іске асыру тәртібінің тиімділігін арттыру. Сондай-ақ заң жобасы жала жапқаны үшін жауаптылықты қылмыстық сипаттан арылтуды көздейді.
Заң жобасы сот орындаушысы қабылдайтын іс жүргізу құжаттарын, іс-әрекеттерді оңтайландыруға және осы іс-әрекеттердің дәйектілігін айқындауға, жеке сот орындаушылары кеңсесінің қызметін реттеуге, олардың тәртіптік тәжірибесін жетілдіруге, цифрлы технологияларды енгізуге, атқарушылық іс жүргізу тараптары үшін мәжбүрлеп орындату жүйесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын іске асыруда қылмыстық және әкімшілік заңнаманың ережелерін жетілдіруге бағытталған.
Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлы технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қабылданды. Құжаттың міндеттері – дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті органды және оның негізгі функцияларын айқындау, цифрлық технологияларды қолдануға байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды іске асыру кезінде жағдай жасау, бейне мониторингтің ұлттық жүйесін құру және оның жұмыс істеуі үшін құқықтық негіз белгілеу. Заңды қабылдау азаматтардың жеке деректерін қорғау жөніндегі заңнамалық кепілдіктерді күшейтуді, индустриялық, инновациялық, сыртқы сауда қызметі саласындағы уәкілетті органдардың функцияларын ажыратуды, «зияткерлік робот» ұғымын заңнамалық айқындауды, электронды өнеркәсіп саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті органды айқындауды қамтамасыз етеді.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да қабылданды. Құжаттың мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықтық қатынастарды одан әрі жетілдіру, тұтынушылық дауларды сотқа дейін реттеу институтының рөлі мен мәртебесін күшейту, сондай-ақ бизнестің тұтынушылар алдындағы әлеуметтік және материалдық жауапкершілігін арттыру. Құжат тұтынушылардың шағымдарын қараудың 3 сатылы жүйесін енгізуге, Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналатын тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мекемеаралық кеңес құруға мүмкіндік береді. Тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі шаралар енгізуге жағдай жасалмақ.
Бұдан басқа, «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының заңына халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданды. Заң жобасының мақсаты – навигациялық пломбаларды және оның инфрақұрылымын пайдалана отырып, транзиттік тасымалдарды қадағалау жүйесін құру, сондай-ақ осындай жүйенің ұлттық операторын және оның өзара іс-қимыл тәртібін оның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарымен бірлесе анықтау. Құжаттың негізгі міндеттеріне мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес конкурстық негізде халықаралық тасымалдарды қадағалау жүйелерінің ұлттық операторын айқындау жөніндегі Үкімет құзыретін белгілеу; Қазақстан аумағы арқылы автомобиль тасымалдары кезінде навигациялық пломбаларды қолдану жөніндегі заңнама нормаларын бекіту, сондай-ақ өзара іс-қимыл, пломбаларды жалға алу, жауапкершілік мәселелерін реттеу жатады.