
Бұған дейін астанадағы әуежай коды IATA бекіткен ережеге сәйкес TSE деп аталып келген. Бұған елорданың бұрынғы кездегі атауы – Целиноград негізге алынған-ды. Енді, NQZ коды брондау жүйелерінде, отырғызу талондарында, багаж биркаларында және ақпараттық таблода көрсетіледі.
Алтай Абибуллаевтың айтуынша, оның логикалық және идеологиялық маңызы зор.
«N – Нұр-Сұлтан қаласы және Н.Назарбаев әуежайын білдіреді. Ал QZ тәуелсіз Қазақстанның жаңа әліпбидегі Qazaqstan атауын білдіреді. Жаңа кодтың үш мағынасы бар: жаңа әуежай, жаңа елорда және жалпы Қазақ елінің халықаралық аренадағы жаңа әліпбиі. Әуежай кодын ауыстыру – 50 жылдағы үлкен жетістік, Авиация комитетінің халықаралық аренадағы жетістігі. Осы код арқылы еліміздің аты халықаралық деңгейде жаңа серпіліс алып, бренд ретінде нығая берсін», деді А.Абибуллаев әуежайдағы салтанатты таныстырылымда.
Осы орайда, мына нәрсені ескерген жөн. Елорда әуежайының кодын ұсынарда бұған дейін қалыптасқан KZ атауы емес, QZ бекітілді. Яғни Қазақстанды ағылшынша Kazakhstan деп емес, Qazaqstan деп түпнұсқаға барынша сай жазу негізге алынды.
Бұл мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат Төрағасы кезінде назар аударғаны есімізде. Мемлекет басшысы «Қазақстан» сөзін ағылшын тілінде жазғанда латын әліпбиіндегі «Qq» (кью) әрпін пайдалану жөн екенін жеткізді. «Ағылшын тілінде QAZAQSTAN еліміздің ұлттық негізін дұрыс көрсетпек», деп жазған болатын Қасым-Жомарт Тоқаев туиттердегі парақшасында.
Айта кетерлігі, елорда әуежайының кодын өзгерту 2014 жылы басталған. Негізі, IATA-ға сәйкес, әуежайларға код тұрақты негізде бір рет қана беріледі. Осыған қарамастан, қазақстандық дипломаттар атауды бекіттіруге көп күш салды.
Былтыр, 2019 жылғы 14 қазанда Польшаның Варшава қаласында IATA мүшелерінің қатысуымен Жолаушылар тасымалы стандарттары (Passenger Standards Meeting) кездесуі өткен. Осы жиында NQZ атауын бекіту ұсынысы қолдау тапты.
Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек. Келешекте Атырау, Ақтау және Тараз қалалары әуежайларының кодын ауыстыру жоспарда бар.