
Көне қала жарқырай түсті
2018 жылдың 19 маусымында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға зор серпін беретін әрі тәуелсіздік шежіресіндегі айтулы оқиғалардың бірі болды.
2019 жылы қараша айында Түркістанға арнайы келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұрғындармен кездесуінде «Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық жоспарланған нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін біз туристердің көбеюін күтеміз. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындары ашылады. Мұның бәрі біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді» деген болатын. Осыдан-ақ Тұңғыш Президентіміздің Түркістанға деген құрметі жоғары, жоспары тереңде болғаны аңғарылады.
Ал 2018 жылдың 29 қыркүйегіндегі сапарында Елбасы Түркістан қаласында әкімшілік-іскерлік орталықтың капсуласын салды. Сол тарихи сәтке арнап орнатылған ескерткіш тасбелгіге Елбасының «Көне Түркістан жаңа Қазақстанның шырайлы шаһарына айналады» деген сөзі жазылды. Сөз іс жүзінде жүзеге аса бастады.
Түркі мемлекеттері басшыларымен кездеседі
Өткен күннің бәрі тарих. Сол тарихқа ой жіберіп қарасақ, тәуелсіздіктің таңы атқан ширек ғасырдан аса уақыт ішінде Тұңғыш Президент оңтүстікке елуге жуық сапарын арнап, жаңа кәсіпорындар мен бірқатар әлеуметтік нысандарды іске қосуға себепші болыпты. Тәуелсіздік жылнамасын парақтасақ, оңтүстікке келген сапарларында шетел басшыларымен Шымкент қаласында кездессе, түбі бір туысқан түркі жұртының басшыларын Түркістанда қабылдапты. Оған Нұрсұлтан Әбішұлының мұрындық болуымен бауырлас өзбек елінің басшысы Ислам Каримов, Түркия елінің президенттері Тұрғыт Өзал, Сүлейман Демирел, Ахмет Недждет Сезер, Абдулла Гүл, Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуі куә.
Елбасы ел тұтқасын қолына алған күннен бастап Түркістанның ұлттық, өңірлік және жаһандық ауқымдағы беделі мен маңызын арттыратын шешімдер мен шараларға қолдау көрсетіп отырды. Түбі бір түркі жұртын бірлік пен ынтымаққа, татулық пен достыққа шақырды. Мәселен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовпен кездесіп, «Түркістан меморандумына» қол қойған 1992 жылы Елбасы: «Бұдан былай түркі халықтары басшыларымен киелі Түркістанда кездесіп тұратын боламыз» деп, бірліктің басты мәселе екенін алға тартса, 1993 жылдың 10 сәуірінде Түркия елінің президенті Тұрғыт Өзалмен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде ақсарбас атап, тайқазанға садақа салды.
Елбасы 1995 жылы 13-14 сәуір күндері Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы соғып, оны қайта қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарының барысымен танысса, осы жылдың 17 маусымдағы Түркия елінің Президенті Сүлеймен Демирелмен кездесуі Түркістан топырағында өтті. «Түркістан түркі дүниесінің орталығы» деген тұжырым аясында тәуелсіздігімізді тұғырлы етудің мән-мақсатына тоқталды. 2000 жылдың 19-21 қазаны аралығында Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған дүбірлі іс-шарада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының Президенті Ахмет Недждет Сезер және өзге де мәртебелі қонақтар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кіріп, ондағы бабалар рухына тағзым етті. Бауырлас екі елдің басшылары болашақта бой көтеретін еңселі мешіттің орнына тасбелгі орнатты. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияда: «Түркістан – ұлттық бостандығымыз бен елдігіміздің ақ ордасы. Қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін дүниеге әкелген алтын бесік әрі оны кемелдендірген өнегелі мектеп» деп тұжырым жасады. 2002 жылы 22-24 қазан аралығында Дүнижүзі қазақтарының II құрылтайы Түркістанда ұйымдастырылып, Елбасы қандастарды елге шақырды.
2010 жылы 23 мамыр күні Түркия Президенті Абдулла Гүл Түркістан төрінде Елбасына асатаяқ табыс етіп: «Сіз – ұлы тұлғасыз. Түркі тілдес халықтардың көшбасшысы деп танудың белгісі ретінде осы скипетрді табыстаймын» деп толғана сөйлесе, 2015 жылы сәуірде Қазақстанда тұңғыш рет болған Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды Мемлекет басшысының өзі қасиетті Түркістанға алып келді. Жаңадан бой көтерген Әзірет Сұлтан мешітінің ашылу салтанатына қатысты.
Құрылысы қарқынды, жетістігі сан қырлы
Қазір Түркістан қаласының әрбір бұрышы, әрбір көшесінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр десек, артық айтқандық емес. 2018 жылы 29 қыркүйекте Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға арнайы жұмыс сапарымен келді. Бұл келістің жөні бөлек болды. Себебі ол өзімен бірге Үкімет басшысынан бастап, министрлер мен елдегі алпауыт компаниялардың жетекшілерін де, шетелдік инвесторларды да ерте келді.
Сол кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау» және «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Жарлықтарға қол қойды. Түркістан қаласында арнайы мәжіліс өткізіп, еліміздегі алпауыт компаниялар мен ел Үкіметіне Түркістанды дамытуға үлес қосу жөнінде тапсырма берді. Бүгінде Түркістан қаласында әлеуметтік нысандар мен әкімшілік мақсаттағы ғимараттардың құрылысы қарқынды әрі екі ауысыммен жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдіктері мен ірі компанияларға 26 нысанды салу міндеті жүктелсе, 2019 жылдың өзінде бірқатарының құрылысы аяқталып үлгерді. Мәселен әкімшілік-іскерлік орталығы маңында облыс әкімдігінің ғимараты (Түркістан обл.), медиаорталық (Алматы қаласы), Нұр-Сұлтан алаңы (Нұр-Сұлтан), музыкалық мектеп (БҚО), олимпиадалық резервтегі спорт мектебі (СҚО), халыққа қызмет көрсету орталығы (Павлодар облысы) құрылыс жұмыстары аяқталып, бірқатары жұмысын бастап кетті. Сондай-ақ рухани-мәдени орталықта әуенді субұрқақ (Шығыс Қазақстан облысы), амфитеатр
(Маңғыстау облысы), неке сарайының (Қостанай облысы) құрылысы талапқа сай атқарылды. Таяуда қабылдау орталығы (Жамбыл облысы) мен шығыс моншасы (Қызылорда облысы) ел игілігіне берілмек. 900 орындық мектеп пайдалануға берілді.
Алдағы бір-екі жыл көлемінде өзге де ғимараттар жоспарға сай салынып, шаһардың ажары арта түседі. Әуежай бой көтереді.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірді жан-жақты дамыту жолында 5 бағытты айқындап берді. Бұлар – Түркістан қаласын дамыту, Түркістан облысының мәдени-рухани саласын дамыту, аудан, қала және ауылдарды дамыту, агроөнеркәсіп кешенін және индустриялық аймақтарды дамыту.
Өмірзақ Естайұлының тікелей тапсырмасымен өңірдің кешенді даму жоспары қайта қаралып, өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Жоспарлар нақтыланып, инфрақұрылымды жақсарту бағытында тиянақты жұмыстар қолға алынды. Өңір басшысының тапсырмасымен қаланың ескі бөлігін дамыту мәселесі де жүйеленіп, Түркістанның ескі шағын аудандарының инфрақұрылымын дамыту, су және газ, кәріз жүйелеріне жөндеу жұмыстары басталды. Артезиан сулары тартылып, арық-атыздардан су аға бастады. Көшелер жөнделіп, жарықшамдар орнатылды. Бұл игіліктерді тұрғындар көре бастады.
Ең маңыздысы, былтыр бір айдың көлемінде Үкімет тарапынан облыс үшін аса маңызды 5 қаулы қабылданып, Түркістан жұртшылығын қатты қуантты. Оның ішінде әсіресе, «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аса маңызды. Бұл туралы Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай өткізілген баспасөз мәслихатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «2018 жылдың 29 желтоқсанында Түркістан облысын дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген еді. Алайда жұмыс барысында аталған жоспарда көптеген мәселелер қамтылмағаны анықталып, кешенді жоспарға өзгерістер енгізіп, қайта бекіттік. Кешенді жоспарға еніп отырған жобаларды іске асырудың Түркістан облысы үшін мультипликативтік әсері өте зор. Ел басшылығы тарапынан облысқа айрықша көңіл аударылып отыр. Өңірге 5 жыл көлемінде бағытталатын қаржы көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеден асты» деген болатын.
Бір жыл көлемінде Түркістан облысы ауыл шаруашылығы, құрылыс, мәдениет, спорт, инвестиция тарту және өзге де салаларда жетістіктерге жетті. Тұрғын үй құрылысына келсек, 2019 жылы Түркістан облысында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 550,6 мың шаршы метр болып белгіленсе, жыл қорытындысымен 620,4 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни, 5846 пәтер ел игілігіне берілді.
Былтырдан бастап Түркістан қаласын жасыл қалаға және ауа райы қолайлы аймаққа айналдыру мақсатында шаһардың айналасында Жасыл белдеу қалыптастыру жұмыстары жүруде. Жасыл белдеудің жалпы аумағы 7700 га жерді құрайды. Жалпы облыс бойынша 2021 жылға дейін 3,5 млн көшет егу жоспарланып отыр.
Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту тұрғысында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандары жобалары іске асырыла бастады. Жаңбырлатып суару бойынша АҚШ-тан 18 бірлік суару машинасы және 27 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған.
2019 жылы облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 370,2 млрд теңгені құрап, 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,1% құрады. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 447,5 млрд теңгені құраса, инвестиция көлемі 248,9 млрд теңгені құрады. Бөлшек сауда көлемі 119,5 млрд теңгені құрап, тасылған жүк айналымы 2018 жылдың сәйкес кезеңінен 4,8%-ға артты. Жолаушылар 773,5 млн адамды құрап, алдыңғы жылдан 5,6%-ға артты. Осы деректерден-ақ өңірде серпіліс бар екені аңғарылады.
Түркістан руханиятын серпілтетін 4 бағыт
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстық мәслихаттың сессиясында Түркістанның 4 идеологиялық бағытын жұртшылыққа жариялады. Олар: Түркістанды түркі әлемінің ең ірі зиярат және туризм орталығына айналдыру; Түркістанды әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығына айналдыру; Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығы; Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға.
Бұл идеологиялық ұстанымның бірінші басымдығына сәйкес, осы қалаға келген әрбір адам күллі Қазақ мемлекетінің басынан өткен тарихи оқиғалардан мағлұмат алатындай болуы тиіс.
Екінші, идеологиялық бағыт бойынша бүгінде Түркістанда қолөнер орталығының құрылысы жоспарға енгізілді. Алдағы уақытта қазақ халқының ұмыт қалған қолөнері мен зергерлік өнері, ұлттық құндылықтары мен кәсіп түрлері қайта жанданып, ірі кәсіпорындар ашылады.
Үшінші, идеологиялық бағыт бойынша Түркістан өркениет, сауда және өндіріс орталығы ретінде дамиды. Түркістан тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі сауда орталығы болған шаһарды ірі сауда, өнер, туризм орталығына айналдырудың кешенді тетіктері дайындалады.
Төртіншіден, «Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға» бағыты бойынша да Түркістанда республикалық және халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қолға алынбақ. Елбасы тапсырмасы бойынша жаңа Түркістанда Ясауи музейі салынбақ. Бұл мұражайда ғұлама мен оның шет мемлекеттердегі шәкірттерінің еңбектері қойылады. Ясауи феноменін жоғарылату, атын асқақтату арқылы ғылымды ғана емес, туризмді де дамытуға мүмкіндік бар.
Тарихи Жарлық шыққан 2 жылға жуық уақыт ішінде Түркістан дамудың жаңа сатысына қадам басты. Ежелгі Тұран өркениетінің мұрагері, Еуразияның ең таңдаулы шаһарларының бірі енді әлемдік өркениет орталығы ретінде қайта жаңғыруға бет алды. Қадамы сәтті болғай! Жаса, Түркістан!
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,
Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары
Түркістан облысы