Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес 28 наурызда сағат 24.00-де 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс президенттік сайлауға бақылау жүргізетін шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушыларды аккредиттеу аяқталды. Осыған байланысты 28 наурызда сағат 21.00-де Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, онда Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша тағы 9 байқаушыны аккредиттеу туралы қаулы қабылданды. Сөйтіп, кезектен тыс президенттік сайлауға аккредиттелген халықаралық байқаушылардың жалпы саны 1059 адамға жетті. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкованың хабардар етуінше, сайлауды ЕҚЫҰ-ДИАҚБ миссиясынан – 357, ТМД миссиясынан – 426, ШЫҰ миссиясынан – 13, Түркі тілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясынан – 7, Ислам Конференциясы Ұйымынан – 5, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан – 80, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясынан – 8 және әлемнің 25 елінен 163 байқаушы бақылайтын болады. Сонымен қатар, бүгінде еліміздің Сыртқы істер министрлігі жанында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 90 өкілі тұрақты және уақытша тіркеліп отыр. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. Астана.
Қоғам
•
30 Наурыз, 2011
Байқаушыларды аккредиттеу аяқталды
536 рет
көрсетілді