• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Шахмат Бүгін, 17:59

Кадеттер арасындағы шахматтан әлем чемпионаты басталды

10 рет
көрсетілді

Алматы қаласында шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты ресми түрде ашылды. Жарыс 19–30 қыркүйек аралығында өтеді, деп жазады Egemen.kz.

Биылғы чемпионатқа 88 елден 850-ден астам жас шахматшы тіркелді. Үндістаннан 28, Қытайдан 25, АҚШ-тан 24 ойыншы қатысып отыр.  Қазақстан чемпионат иесі ретінде 200-ден астам спортшыны жарысқа қосты.

Турнирді Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) ұйымдастырып отыр. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович және KazChess президенті Тимур Турлов қатысты.

«Ешбір шахмат турнирі, тіпті еліміздегі өзге спорттық шаралардың ешқайсысы да мұндай ауқымды қатысушылар құрамын жинамаған. Бұл – қазақстандық шахмат пен тұтас еліміз үшін тарихи сәт. Біз қонақтарды тек қонақжай ретінде ғана емес, сонымен қатар әлемнің ең мықты шахмат державаларының бірі әрі турнирдің басты фавориті мәртебесінде қарсы алып отырмыз», деді Тимур Турлов.

Қазақстан бұған дейін де шахматтан ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды, соның ішінде әлем чемпионаттары мен ерлер арасындағы әлем чемпионы атағы үшін матчты өткізген. Өткен жылы Италияның Монтесильвано қаласында өткен чемпионатқа 77 елден 700-ден астам спортшы қатысса, биылғы көрсеткіш 88 елден 851 ойыншыға жетті. Оның ішінде 231 қазақстандық бар.

Ашылу рәсімінен кейін алғашқы тур басталып кетті. Жарыс швейцар жүйесі бойынша 11 турдан тұрады. Уақытты бақылау форматы – 90+30 (әр ойыншыға 90 минут және алғашқы жүрістен бастап әр қадамға 30 секунд қосылады). Қорытындысы бойынша әлем чемпиондары мен жүлдегерлер анықталады. Жарыс ұлдар (Open) мен қыздар (Girls) арасында алты жас санатында өтіп жатыр: O8, G8, O10, G10, O12 және G12.

25 қыркүйек демалыс күні болып белгіленген. Бұл күні жас спортшылар үшін мәдени-спорттық бағдарлама ұйымдастырылады. Олар Шымбұлақ тау-шаңғы курортына экскурсияға барып, шешім шығару бойынша әлем чемпионатына және жүлде қоры 2000 АҚШ долларын құрайтын блиц-турнирге қатысады.

Сонымен қатар 27–28 қыркүйекте Satbayev University-де «Білім берудегі шахмат» атты III Халықаралық конференция өтеді. Жиынға FIDE-нің «Chess in education» комиссиясының төрағасы, АҚШ өкілі Джерри Нэш қатысады.

Соңғы жаңалықтар