Бұрын Қамысқала деген ауыл болушы еді. Қазір Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ ақыны Хамит Ерғалиевтің есімімен аталады. Жақында осы ауылда қаламгердің ескерткіші ашылды.
«Бізді туған қашаннан Қамысқала, Бір кеңшарға бұл күнде қоныс қана, Екі ғасыр ерлігі естен шығып, Қоя қоймас бір шетте қалыс қана», деп ақын ауылын жырға қосқан. Ол қазақ халқының өткенін, майдандағы жауынгерлердің ерлігі мен тылдағы ауыр еңбекті шығармашылығына арқау етті. Сұрапыл соғыста кавалерия бөлімінде эскадрон командирі болған. Будапешт түбіндегі шайқаста ауыр жараланған. Елге 1945 жылы қаңтарда оралған соң «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері бола жүріп, шығармашылыққа түбегейлі бет бұрды.
Халық жазушысының алғашқы кітабы 1936 жылы жарық көрген. Кейін «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Оралдағы отты күн», «Аңыз ата», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» деген атаумен поэма жазды. Сондай-ақ әлем әдебиетінің көрнекті өкілдері Д.Байрон, В.Шекспир мен П.Неруданың, Н.Хикмет пен А.Пушкиннің, М.Лермонтов пен А.Некрасовтың, В.Маяковский мен Р.Ғамзатовтың таңдаулы шығармаларын қазақ тілінде сөйлетті.
Ақынның туған жеріндегі ескерткішінің ашылуына туыстары мен немересі Айдар Мұратұлы келді. Арнайы ұйымдастырылған көрмеге қаламгер тұтынған жазу машинкасы, көзілдірігі мен қаламсабы, фотосуреттері қойылды.
Атырау облысы