Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, 2025 жылдың алғашқы сегіз айында спортшыларымыз халықаралық ареналарда 912 медаль иеленді. Оның ішінде 351-і алтын, 270-і күміс, 291-і қола, деп жазады Egemen.kz.
Айтуынша, мұндай жетістікке мемлекеттің жүйелі қолдауы, жаттықтырушылардың еңбегі және спорт федерацияларының үйлесімді жұмысы ықпал етті. Сондай-ақ ұлттық құрамаларға шетелдік мамандардың келуі мен жаңа әдістемелердің енгізілуі де маңызды рөл атқарды.
Биылғы тарихи жеңістердің қатарында қысқы Азия ойындарындағы алғашқы алтындар, семсерлесуден әлем чемпионатындағы алғашқы жүлде, көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатындағы алтын, әйелдер дзюдосындағы тұңғыш финал, бокстан World Boxing аясындағы жалпыкомандалық жеңіс, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатындағы күміс медаль және пара биатлондағы Хрусталь глобус бар.
Командалық спорт түрлерінде де табыс мол болды. «Қайрат» футбол клубы алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Ал футзалдан «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасында күміс жүлдегер атанды.
Осы көрсеткіштер ел спортының қарқынды дамып келе жатқанын айқын дәлелдейді. Алда Милан-2026 қысқы Олимпиадасы тұр. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі айлардағы жеңістер ұлттық құраманың әлеуетін күшейтіп, елдің әлемдік спорттағы беделін одан әрі арттыра түспек.