31 Шілде, 2010

Біржан салдан қалған асыл тұяқ еді

986 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әнмен өрілген, салдықпен сәні кірген соқтықпалы да соқпақты өмірінің өксікті бір тұсында іштегі күйігін келер күнге артқан үмітімен өзектестіре “Теміртас, Асыл, Ақық, қарақтарым” деп шырқайтын сал Біржанның асқақ әнін кім білмейді! Соңында қалып бара жатқан ұрпа­ғына өзінің бар әкелік махаббатын, жан толғанысын, алаң көңілін осы әнмен жеткізетін Біржан ғұмыры аспандағы аққуға үнін қосқан жүй­рік әншілігімен, ерен салды­ғымен бірге, соңында қалған ұрпағымен де бір төбе еді. Дауылпаз Біржан ту­ралы сөз қозғалса, ендігі жерде бір­ден-бірге жалғасып, соңында қал­­­­­­­ған осы немере-шөберелерін ме­­дет тұтатынбыз, солармен көр­кейетінбіз. Жылжып аққан судай бір ор­нында тұрмайтын беу, дүние-ай! Енді, міне, сал бабамыздың ұлы Те­міртастан қалған немересі, асыл­дың сынығы Мұхамедқали ақсақал­дың да 85 жасында бұл пәниден бақиға озғандығы туралы қаралы хабар өзегімізді өртеп отыр. Осы ретте, кімге болсын, ұлы адамның немересі болып жер басып жүру оңай соқпаса да, Мұхамедқали Теміртасұлының осы биік парызға лайық мағыналы да мәнді, ұзақ ғұмыр кешіп, Біржан сал атасының атына да, өз есіміне де қылаудай дақ түсірмей өткендігін ерекше ризашылық сезіммен ауызға алмай тұра алмаймыз. Атақты Біржан салдың тікелей ұрпағы екендігіне қарамастан, тағ­дыр жастайынан Мұқаңның да өмір жолын оңай қалыптастыр­ма­ды. Әкесі Теміртас отызыншы жыл­­­­дардың нәубетіне іліккенде бала Мұхамедқали небары он жаста болатын. Содан нағашы жұртын па­налап, сонау ішкі Ресейден, Тү­мен облысының Айымжан ауы­лы­нан бір-ақ шыға­ды. Сөйтіп, ол жақ­тан тек 1965 жылы ғана Көк­ше­тауға оралудың сәті түсіп, атасы сал Біржанның әншілік дәурені өткен өңірмен қайта табысады. Атасына тарт­қан әншілік өнер­ден өзі де қара жаяу емес Мұха­мед­­қали ақса­қалмен кездескен адам оның Бір­жан­дай алтынның сынығы екендігін жазбай танитын. Соның ішінде: “Алдымда шамшырағым, Теміртасым, Тілегім, сенің ұзақ болсын  жасың. Қош болыңдар бауырым, балапаным, Байқаймын ажал шіркін, құтқармасын,– деп дүлдүл атасы сияқты дауысын бір ырғалтып алып, “Біржан сал”, “Айтпай”, “Жанбота”, тағы басқа баба мұрасын әлдилеп, аялаудан әсте бір танбайтын Мұхамедқали атамыздың да майда қоңыр дауы­сын әлі талай сағынармыз, талай із­дерміз. Бар саналы ғұмыры қара­пайым еңбек адамы, көптің бірі бо­лып, еліне, халқына хал-қадерінше адал қызмет етумен өткен текті жан­ның соңында қалған Серік, Шәріп, Орал, Марал секілді ұлдары ғана дәл осы сәт көңілімізге әжептәуір медет. Бір өзі Біржан сал бабасының сайрап жатқан айшықты ізіндей көрінетін Мұқаңдар кеткенімен, осы азаматтар барда әнші баба ұр­пағы әлі де орнында деп түйсін­беске шара жоқ енді. Қайтейік, жер бетіне ізгіліктің, тұтас бір өнер көшінің соңғы үзігінің нұрын да, сырын да себездете құйып, дидар-ғайыпқа айналып жүре берген Мұхамедқали ақсақалдың да көзі тірісіндегі текті кейпі өзін іздетпей қоймас. Біржан сал әулетінің үлкен бір тұғырының опырылып, бүтіндеу бір тұсының ойсырап қалғаны анық. Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болып, о дүниенің бар жақсылығын берсін, Біржан атасын, қазақтың ән өнерін жан дүниесінде құндақтап, тербетіп өткен ғазиз да жомарт жүректі асыл жан, ардақты аға! Бұланды, Еңбекшілдер, Бурабай аудандарының әкімдері.