Келісімге қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Integra Construction KZ» ЖШС басшысы Шахмұрат Мүтәліп қол қойды. Әкімдік мәліметінше, меморандум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру және коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылған.
Құжаттың негізгі бағыттары ретінде материалдық-техникалық базаны жаңарту, жаттығу инфрақұрылымын дамыту, басқару үдерістерін цифрландыру және клубтың коммерциялық тиімділігін арттыру мәселелері аталған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков кәсіби спортқа жеке инвестиция тарту футбол инфрақұрылымын дамытуға, жас ойыншыларды даярлауға және қаланың елдегі футбол орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Футбол комментаторы «Ордабасы» клубы президентінің кеңесшісі болып тағайындалды
«Бұл маңызды қадам Шымкенттің елдегі жетекші футбол орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтады. Ол клубты ұлттық және халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етуге, мүмкіндіктерін кеңейтуге және кәсіби спорттың тұрақты дамуына қосымша ресурстар жұмылдыруға мүмкіндік береді», деді Ғ. Сыздықбеков.
Өз кезегінде Шахмұрат Мүтәліп компания клубты дамытуды ұзақ мерзімді әрі әлеуметтік маңызы бар жоба ретінде қарастыратынын айтты.
«Ордабасы» – тарихы бай әрі жанкүйерлері мықты қолдайтын клуб. Біздің алдымызда инфрақұрылымға, жас ойыншыларды даярлауға және бәсекеге қабілетті команда қалыптастыруға баса мән бере отырып, клубтың тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеті тұр», деді ол.
Құны 120 млн теңге тұрады: «Ордабасының» шабуылшысы Еуропада ойнайды
Айта кетейік, қызылордалық «Қайсар» футбол клубы 2025 жылдың 30 қазанынан бастап ресми түрде «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілген еді.