31 Шілде, 2010

Күпті көңіл қашан сейіледі?

589 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан сәл-ақ астам уақыт қалды. Ал уақыт алға озған сайын қаладағы № 11 орта мектептің оқушы-мұға­лімдері, сондай-ақ ата-аналар күпті көңілмен күй кешуде. Аталған мек­теп мәселесі жөнінде жергілікті ба­сы­лымдар да жарыса жазуда. Бірақ, өкінішке қарай, одан шығып жатқан қорытынды шамалы секілді. Енді бұл мәселенің мәнісіне үңі­летін болсақ, жағдай төмендегідей. Яғ­ни, осыдан 16 жыл бұрын әбден тозығы жеткен ескі мектептің төбесі тұтасымен қопарылып ішке түседі. Содан бұларға уақытша деп құры­лысшылардың жатақханасы беріледі. Сөйтіп, міне, бірнеше жылдан бері мұндағы 1400 оқушы бөлмелері аядай, дәліздері қуықтай тар жерде сығылысып келеді. “Жығылғанға жұдырық” демек­ші, осыдан төрт жыл бұрын енді әлгі жатақхана-мектептің бір жақ қа­быр­ғасы қақырап, еденнен төбеге дейін кісі жұдырығы сыятындай жа­рық­шақ пайда болады. Жарықшақты қанша жамап-жасқағанмен ештеңе шық­паған соң, мектеп директоры На­­­талья Фесенко мектептің сол ақау­лы тұсын бекітіп тастауға мәж­бүр болады. Солайша мектеп тіпті та­­рыла түседі. Сол себептен де оқу­шы­­лардың бір бөлігін көршідегі № 22 мектепке орналастыруға тура келеді. Енді не істемек керек деген сұрақ туындағанда, бұл мектеп үшін жаңа ғимарат салуға мүмкіндік бол­май, жаңадан екі корпусты тұр­ғызу жөнінде шешім қабылданады. Бірақ алғашқыда қарқынды басталған жұмыс соңғы бір жарым жыл бойы қозғалыссыз тұрып қалады. Абырой болғанда, биылғы көктемде аталған мектепте облыс әкімі Бердібек Са­пар­баев болып, мұндағы мәселеге әб­ден қаныққан соң тиісінше шешім қабылданады. Содан кейін-ақ тоқтап қалған құрылысқа қайтадан жан бітеді. Алайда қайсыбір құрылыс ма­териалдары уақытында жет­кізілме­ген­­діктен мұндағы жұмыс тағы да саябырлап қалады. Соған байл­а­ныс­ты құрылысшылар жаңа оқу жылына дейін жаңа корпустар толық дайын болмайтындығын мойындап отыр. Оның үстіне ескі ғимараттағы қа­уіптен құтылудың жолы да өз шешімін табар емес. Өйткені, мұнда да барлық мәселе қаржыға келіп тірелуде. Айталық, ондағы тек жоба­лау жұмыстарының құны ғана бір миллион теңгеге жуық. Жалпы оған қанша қаржы кететіні, оны кім бере­тін­і де әлі белгісіз. Сондықтан оқу­шы­лар мен мұғалімдердің, ата-ана­лар­дың күпті көңілі сейілер емес. Осы орайда, мектеп директоры Наталья Фесенконың қалалық мәс­лихаттың депутаты екендігін де айта кетсек дейміз. Ал депутат өз мекте­бін­дегі осындай қиын ахуалды түзей алмай жатса, басқаға не жорық? Қа­лай десек те, бұл мәселеге байла­ныс­ты тездетіп тиянақты шешім қабыл­дан­баса, ертең кеш болары анық. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.