31 Шілде, 2010

Мейірім шуағы

599 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елімізде ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған және тастанды ба­лалардың өмірден өз орнын табуына қолдау көрсету ең өзекті мәселе бо­лып отырғаны рас. Білім және ғылым министрлігінің ата-анасынан айырыл­ған балалар үшін “Қуан, сәби!” рес­пуб­ликалық акциясын өткізу бас­та­масын көтеріп отырғаны да сондық­тан. Осы акция аясында облыстық ба­лалардың құқын қорғау департаменті мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірігіп, Алға ауданының Бестамақ ауылына жақын жерде орналасқан об­лыстық Алға балалар үйінің “Ақ­бөбек” лагерінде “Бақыт нұры – балаға” атты мереке ұйымдастырды. Қонақтар алдымен лагерьді ара­лап көрді. Алға балалар үйінің ди­рек­торы Кенжеғазы Байғазиннің айту­ынша, бұл бұрынғы химия зауы­тының лагері көрінеді. Он алты жыл­­­дан бері лагерь Алға балалар үй­іне қарайды. Қазір 440 тәрбиеленуші жазғы демалысын осында өткізіп жа­тыр екен. Соңғы жылдары салынған бес үй, әкімшілік үйі, асхана, жуы­натын бөлмелер балалардың игілігіне қызмет етеді. Асхана 120 орындық бол­ғандықтан балалар үш ауы­сым­мен тамақтанады. Балалардың өздері отырғызған көшеттер жайқалып өсіп, бой түзеп келеді. Рас, су мәсе­лесі қиын екен, сондықтан балалар суды үнемдеп жұмсауға дағдыланған. Балалар үйінің директоры алдағы уақытта ауладан құдық қаздырғалы отырғанын жеткізді. Лагерьдің сахнасына көтерілген тәрбиенушілер Ғалым Сұлтанов пен Ерболат Жұманиязов салған әнмен мереке шымылдығы ашылды. Ме­рекенің мақсаты — балаларды қам­қорлығына алатын, ата-аналық сезім шуағын сыйлайтын, олардың үлкен өмір жолына сәтті қадам басуына ба­ғыт-бағдар беретін қамқоршы азаматтарды тарту және балалардың туған-туыстарын, бауырларын, қам­қоршыларын тауып, оларды от­ба­сына орналастыру болып табылады. Облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің директоры Күлпар­шын Айдарханованың мәлім­деуін­ше, облыста 617 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар екен. Сондай-ақ 1414 бала қамқор­шылық және патронат отбасында тәр­биеленуде. Дегенмен бала десе жан жүрегі езілетін адамдардың ар­қасында қаламыздағы “Үміт” сә­билер үйіндегі балалар да азая бас­тапты. Бұл қуа­нарлық жәйт, әрине. Қа­зір қалалық білім бөлімінің есе­бінде сәбилерге бақыт сыйлауға ын­талы екі жүздей ата-ана кезекте тұр­ған кө­рінеді. Ендігі мәселе – әртүрлі жағ­дай­­лар салда­рынан ата-анасы­ның қа­рау­ынсыз қалған балаларды аялап өсі­руге шын жүрегімен берілген адам­­дарды осы игі іске көбірек тарту болмақ. “Бесік” балалар қоры” қоғамдық қорының төрайымы Алма Жанса­­ринова Алға балалар үйіне “Зерек” театр студиясы мен спорт клубын сыйлады. “Детский мир Mothercare” дүкенінің директоры Гүлнар Тумы­шева балаларға киім-кешек әкеліпті. Мерекелік концертте өнерпаз тәр­бие­ленушілер мен ақтөбелік таны­мал әншілер қосылып өнер көрсетті. Мерекеге осы балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері Рыскүл Құрманғалиева мен Әсел Чебохина кішкентай бөпелері Жалғас пен Тимофейді де ала келіпті. Былтыр жаңадан шаңырақ көтерген Азамат пен Рысгүл, Максим мен Әсел облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың өз қолынан пәтер кілтін алған бо­латын. Қазір олар өздерінің өмірлік жолдарын тауып, таңдаған маман­дықтары бойынша еңбек етуде. Мерекелік көңіл-күйде өткен бұл акция қайырымдылық пен адам­гер­шіліктің айқын көрінісі болды. Ата-ана қамқорлығынан тыс қалған жарым көңіл балалар адамдардың ме­йірімі мен жүрек жылуын сезін­ген, сондай-ақ, адамгершілік қа­сиет­тің қадіріне жеткен шара болды бұл. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.