30 Шілде, 2010

Дүбірге толы дүние

423 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Ағайын елдердің араздасқаны қиын Ойламаған жерден дейтін емес, біраздан бері тіл табыса алмай келе жатқан Венесуэла мен Колумбияның арасындағы шиеленіс шегіне жеткендей – екі ел президенттері бір-бірін ашық айыптап, оның соңы дипломатиялық байланысты үзуге апарып соқты. Айып кімнен дегенде, біреуін ұс­тап беру қиын. Венесуэла пре­зиденті Уго Чавес өз әре­ке­тін жауап қадам санағанмен, кінәні Колумбия президенті Альваро Урибеге арта алмайсың. Қашанғы әде­тінше, Чавестің даусы қаттырақ естіледі: “Біздің ағайын ел Ко-лумбия мемлекетімен бай­ла­нысты толық үзуден басқа жо­лымыз қалған жоқ”, – деді ол. Сонда Колумбия мен оның президенті не бүлдірді? Осыдан он күндей бұрын президент Урибе көрші ел президенті Чавес өз елінде Колумбияға қарсы террористік ұйымдардың басшылары Иван Маркесті, Родриго Грандты, Темолеон Хименесті және Херман Бре­сеньоны жасырып отырғанын айтқан. Колумбияның револю­циялық қарулы күштері дейтін көтерілісшіл топтың мүшелері, міне ондаған жыл бойы үкіметке қарсы партизандық күрес жүргізіп келеді. Оларға сырттан Венесуэла қолдау көрсетеді деген әңгіме бұрыннан айтылатын. Сондай-ақ, тағы бір ұлт-азаттық армиясы дегеннің бір басшысы Карлос Марин Гуарин де көрші елді паналап жүр, – деді Урибе. Бір бүгін емес, бұрын да талай ес­тіген айыптауға Чавестің бүгін бұл­қан-талқан болатын не жайы бар еді дейсің. Колумбияда басшы ауысып жатыр. Қазіргі президент Урибе жақында кетеді. Ол көрші ел басшысының даңғаза бастама­ла­рын қолдай қойған жоқ. Қайта үнемі сынап отырды. Ал Чавес көр­ші елді, оның басшыларын АҚШ-тың қол шоқпары деп сынап жүрді. 7 тамыз күні Колумбияда жаңа президент Хуан Мануэль Сантос таққа отырады. Бұрын ол елдің қорғаныс министрі болған. Оны бұрынғы президентке қарама-қайшы саясат жүргізеді, Чавестің саясатын қолдайды деп айту қиын. АҚШ-пен достықтан бас тартып, Венесуэла сияқты Ресейдің ық­па­лына түсуі екі­талай, мүмкін еместей. Ча­вестің кенеттен шала бүлініп, көрші елге тиісуінде өзінше есеп бар. Ай­тарын айтып қалар тұс, жақ­сы желеу. Бір жағы мұны әскери әлеуеті әжептәуір Венесуэланың басқаларға қыр көрсетуі деуге де болады. Колумбиямен бірге ол АҚШ-қа да біраз сес көрсетті. Қажеттілік туса, АҚШ-қа мұнайын сат­паймын деп қорқытты. Шын мәнінде бұл көрші екі елді ағайындас десе болады. Тарихы тектес, халықтары тағдырлас. Тіпті бір мемлекеттің құрамында да болған. Мем­лекеттік тілдері де бір – испан тілі. Ұстанатын діні де бір – халықтарының 95 пайызы католиктер. Татулыққа негіз жетіп артылады. Бірақ біраздан бері сол татулық болыңқырамай тұр. Әсіресе, бұл ретте Венесуэла президенті Уго Чавестің бел­сен­ділігі күштірек. Әлемдегі бір­шама милитаристік елдермен қоян-қолтық араласып, өздерінде бар­шылық мұнайдың ақшасына қару-жарақ сатып алып, көрші-қо­л­аңдарына ғана емес, тіпті АҚШ-тың өзіне де күш көрсетеді. Ал енді оның осыдан ұтары да шамалы. Қару-жарағы бар-ақ болсын, бірақ өзінен халқының саны әлдеқайда көп, АҚШ-тай елден қолдау көрген Колум­бияны Венесуэланың тізе бүктіруі екіталай. Ал тағдырлас екі елдің халқын бір-біріне қар-сы қою кешірілмес күнә дерсің. Колумбияда басшы ауысып жатыр. Жұртты ол қандай саясат жүргізеді, Чавеспен тіл табысар ма екен, әлде екі ел арасындағы шиеленіс жалғаса бере ме, деген сұрақтар толғандырады. Бірақ Чавеспен тіл табысып, абырой табу да екіталай-ау. Жауыздықты ешқашан ұмытуға болмайды Жақсылықтың көп болғаны жақсы, оны көп айтқанымыз да жақсы. Жамандықты да, ең алдымен жауыздықты да ұмытпаған жөн. Сол жауыздық қайталанбас үшін, болашаққа сабақ болу үшін. Сондай жауыздықты Камбоджа халқына қарсы қызыл кхмерлер жасады. Жақында сол жа­уыздардың бас­шыларының біріне сот болып, БҰҰ аясында жұмыс істейтін Кам­бод­жадағы әскери трибунал қызыл кх­мерлер билігі ке­зінде түрме бас-тығы болған 67 жастағы Канг Кек Иеу 35 жылға түрмеге жабуға кесілді. Бұл қанішер неге атылмады деуге де болады. Бірақ олар жа­уыз болғанмен, төрелік айтатын сот бар ғой деп өзіңді сабырға ша­қырасың. Сол жауыздар билік жүргізген 1975-1979 жылдарда 10 миллионға жетпейтін Камбоджа халқының екі миллиондайы құрбан болғаны дәлелденіп отыр. Бұл бүкіл адамзат тарихындағы ең сорақы жауыздықтың бірі ретінде есте қалатыны даусыз. Ал түрме бастығы Канг Кек Иеудің өзіне келсек, “Дуч жол­дас” деген лақап атқа ие болған бұл қанішердің қолынан “Туол Сленг” түрмесінде 17 мың адам опат болған екен. Бұл түрмеге түскендердің оншақтысы ғана аман қалыпты, дәл қазір тірі жүр­ген­дері үш-ақ адам екен. Түрме бастығы онда қамал­ған-дардың қашып кетпеуін қада-ғалайды дейтін емес, түрлі азаптауды өзі бас­қарып, жазаны да өзі орында­ған көрінеді. Оның қаніпезерлігі жа­йында факті көп. Ол тыр­нақ­­тың көбесін көтеріп азаптағанды, электрошокты қолданғанды ұна­тады екен. Бірде күзетші келіп, қамауға алынған тоғыз баланы (алты ұл мен үш қыз) қайтеміз деп сұрағанда, “бірін қалдырмай өлтіріңдер” деп нұсқау бергені құжаттармен дәлелденіп отыр. Канг Кек Иеу өзінің жауыз­дығын жақсы біледі. Қанішерлер билігі құлаған соң-ақ, ол басқа­лардай қарсылық білдіріп, күресіп жатпай, бірден бас сауғалап қашуға мәжбүр болған. Және 20 жыл­дай ұстатпаған. Тек 1999 жылы ғана кездейсоқ британ жур­налисінің көзіне түсіп, қа­мауға алы­ныпты. 11 жыл түрмеде отыр­ғаннан кейін, міне енді ғана жазаға кесілді. “Дуч жолдас” деп аталатын бұл қанішер – қызыл кхмер басшылары ішінде қазір тірі жүрген бесеудің бірі. Кеш те болса жазаға тартылды. Тағы да қызыл кх­мерлердің төрт басшысы жазасын күтіп отыр. Олар: қанқұйлы Пол Поттан кейін “екінші адам” са­на­латын Нуон Чеа, елдің бұ­рын­ғы би­леу­шісі Самфан, бұ­рынғы ішкі істер министрі Иенг Сари және оның министр әйелі Иенг Тирит. Бұл жа­уыздарды отыз жыл өткен соң жа­залаған тым кеш емес пе, деген сұрақ үнемі алдан шығады. Олардың өмір сүруге қақысы жоқ дейді жұрт. Жалпы, жауыздарға рақым­шы­лық жасау олардың қолынан құрбан болған жазықсыз жан­дар­дың аруағын қорлау екені өз алдына, сонымен бірге жа­уыз­дар­дың ісіне іш тарту деп бағаласа, ор­ынды дерсің. Жақында Бос­нияның Сре-бреница қаласындағы 8 мың мұсылман қауымын қы­рып салған жауыздықтың онжыл­дығы атап өтілді. Оған айыпты Караджич түрмеде отыр. Соны біреулер ақтағысы келеді. Талайлардың қанын арқалаған Сербия президенті С.Мило-шевичке ара түскендер де болған. Күні кеше сол фашистердің айуандығынан ондаған мың қандастарынан айырылып, 600 мың адамы босқынға ұшырап, ақырында қайсарлық күреспен тәуелсіздікке қолы жеткен Ко­со­воның тәуелсіздігін БҰҰ-ның ха­лық­аралық соты заңға қайшы емес деп шешті. Мұны серб фа­шистерінің жауыздығын айыптау деп те қабылдауға болғандай. Жауыздықты әрқашан айып­тап отырмаса, ол қайта бас көтеруі мүмкін.