30 Шілде, 2010

«Вена - Еуропа жүрегі» байқауы

637 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Газетімізде бұған дейін елімізде миллиондаған халықтың сүйікті спорт түрі саналатын фут­болды насихаттау және дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитеті, Австрияның Қазақстандағы елшілігі, “Австрия әуе жолдары” мен Қазақстан Футбол федера­циясының ұйымдастыруымен “Вена – Еуропа жүрегі” атты жалпыұлттық сауалнама-бай­қауы­ның өтетіні хабарланғаны белгілі. Байқаудың мақсаты мен ерекшеліктеріне ке­лер болсақ, ол саламат­ты өмір салты және өмір­ге де­­ген саламатты көзқа­рас, жарысты ере­жеге сәй­кес жүргізу, оған қа­тысушылардың бә­ріне шық­қан тегіне, тіліне, нәсіліне және ді­ни сенім-нанымына қарамастан тең қарау болып саналады. Осындай көзқарасқа негізделе отырып бай­қауды ұйымдастырылушылар “Вена – Еуропа жүрегі” атты іс-шараны өткізу арқылы Қазақ­стан, Австрия және ЕҚЫҰ, дипломатия мен спорт арасындағы жағымды ықпалдастықтың үл­гісіне жұртшылық назарын аударғысы келеді. Бұл жерде неліктен Вена таңдалып алынды деген сауалға келсек, СІМ таратқан мәлімет­терге қарағанда, дәл осы әсем шаһарда ЕҚЫҰ-ның Хатшылығы орналасқан, сондықтан ол биылғы жылы еуропалық астаналар арасында қазақ­стандықтардың жүрегіне белгілі бір дәрежеде ең жылы болып көрінеді. Оның тағы бір себебі, дәл сол жерде 7 қыркүйек күні фут­болдан 2012 жыл­ғы Еуропа чемпиона­ты­ның іріктеу турниріндегі өз жолын Қазақстан ұлт­тық құрамасы авс­трия­лық қарсыластарымен болатын ойынымен бастамақ. Байқауға қаты­сушы­ларға қойылатын талап­тар төмендегідей. Мұн­да олар ең алдымен Вена қаласы, “Австрия әуе жолдары”, отандық және еуропалық фут­бол, ЕҚЫҰ-ның қыз­ме­ті мен оған Қазақ­стан­ның төрағалық етуіне қатысты сұрақ­тарға дұрыс жау­ап беру қажет. Сұрақтар мен оларға жауаптар­дың нұсқалары қазақ­стан­дық жетекші спорттық және қоғамдық-саяси БАҚ-тарда және интер­нет-порталдарда, сондай-ақ Қазақстан Футбол фе­де­рациясының сайтында (www.kff.kz) орна­лас­тырылатын болады. Осы сұрақтардың ішінде “Еуропадағы халықаралық ұйымдардың қай­сысының штаб пәтері Венада орналас­қан?”, “Қазақстан 2010 жылы қандай ха­лықаралық ұйымға төрағалық етуде?”, “ЕҚЫҰ-ға неше мемлекет мүшелік етеді?”, “Еуропадағы фут­бол чемпионаттарының соңғысы (2008 жылы) қай елде өтті?” деген аса қиын емес сауалдар бар екенін атап өткеніміз жөн. Жоғарыда қой­ыл­ған осы сұрақтарға жауаптарды өзіңіздің кері байланыс мәліметтеріңізбен (аты-жөніңіз, бай­ланыс телефон нөмірі) қоса толтырылған анке­талар 16 тамыздан кешіктірмей konkurs@kff.kz электронды адреске немесе дәстүрлі пошта ар­қы­лы “Алматы қ-сы, Сәтбаев к-сі 29/3, А.Кеп­лин үшін, “Вена – Еуропа жүрегі” мекен-жайына жеткізу қажет. Дұрыс жауап қайтарғандар 23 тамыз күні Астанада өтетін жүлде ұтысына қатысады. Жүлделер арасында – ұйымдастырушылардың символикасы бар сувенирлер және Қазақстан құрамасының ойыншылары қол қойған үш теңбіл доп болады. Бас жүлде – “Австрия әуе жолдары” компа­ниясы ұсынған “Астана-Вена-Астана” бағыты бойынша екі адамға ұшу билеттері және 6-10 қыркүйек аралығында веналық қонақ үйде бес күн тұру мүмкіндігі. Сондағы бағдарламаның міндеттісі – Қазақстан Футбол федерациясымен ұсынылған екі билетпен 7 қыркүйекте өтетін Қазақстан және Австрия құ­­рамаларының ойынын стадион­нан тамаша­лау болады. Осы жерде ескерте кететін бір нәрсе, тұратын же­ріңіз­­ден Астанаға бару және қайту, визаны рәсімдеу, тамақтануға қатысты шығындарды ұйымдастырушылар өтемейді. Ұйымдастырушылар аталмыш байқау Қазақ­стан мен Австрияның жақындасуына, ЕҚЫҰ-дағы Қазақстандық төрағалықтың дәріптелуіне, саламатты өмір салтын наси­хаттауға өз ықпалын тигізеді деген сеніммен БАҚ өкілдерін бұл бас­та­маны жүзеге асыруға жәрдем көрсетуін сұрайды. Дастан КЕНЖАЛИН.