30 Шілде, 2010

Уақыт көшіне ілескен кәсіпкер

562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қасымызда жасаған жақсылықтарымен мақтанбайтын мейірімді, қарапайым әрі ізгі жандардың жүргенін күнделікті тіршілік ағымымен байқамай да жатамыз. Дегенмен, ондай адамдар бар. Тұрмысы төмен отбасыларын қамқорлы­ғына алып, жағдайларынан шығаруға тырысатын, көмек сұрап келетіндердің қолын қақпайтын бұл кәсіпкердің іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары. Оның кәсіби майталман маман екендігін азғана уақыт ішінде зауыт ашып, оны өрлете өрге жүзгізгендігінен-ақ байқайсыз. Кәсіпкерлікке бейім мінезі тез арада шешім қабылдап, жұмысты қысқа уақытта әрі сапалы орындауға себепкер болып жүр. Уақыт көшінен қалмау “Ибраев және К” өндірістік кооперативінің төрағасы Ғаббас Ибраевтың кәсіпкер ретіндегі жетістіктерінің бірі. Ол басшылық жасайтын “Ибраев және К” өндірістік кооперативі 2000 жылы құрылған. Алғаш рет жұмысын бастағанда жөндеу цехтарын жалға алған болатын. Цехтардың аты бар да заты жоқ. Ішіндегі қүрылыс жұмыста-рын жүргізіп, жоғарғы технологиялармен жарақтандыру, кәсіпорынға іскер мамандар таңдау алғашқы батыл қадам болды. Жаңадан ашылған зауытқа жан-жақтан білгір мамандар шақырылды. Бұл бағыттағы ең басты жұмыс инженерлік-техникалық құрамды жинақтау еді. Әсіресе, жүк вагондарын толық және деполық жөндеуден өткізу маңызды болатын. Ресей мен Украинадан ірі тапсырыс берушілермен байланыс орнатылды. Олар Қазақстанда осындай өндіріс орны ашылып, шығарған өнімдері халықаралық деңгейдегі сұранысқа ие болады деп ойламаған екен. Шетелдік әріптестері бүгінде Ғаббас Төкешұлының іскерлік қабілеті мен еңбегіне жоғары баға беруде. Бәрін айт та бірін айт, “Ибраев және К” өндірістік кооперативі бұл күндері өрлеп тұр. Бүкіл Қазақстандағы жүк вагондарын жаңарту әрине жағдай келіп, мүмкіндік болып жатса үлкен бір ғанибет іс. Сапалы вагон жасау екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Әсіресе қаракөз қазақтар­дың осындай күрделі өндірісті бағындыра білуі ерекше құбылыс. Қазақстандағы вагон жөндейтін ең озық кәсіпорынға жататын Семейдегі осынау зауытта 300 адам жұмыс істейді. Кәсіпорындағы ең басты талап – жұмыстың сапалы болуы. Жақында ғана кәсіпорын жүк вагонда­рына акустикалық диагностика жасайтын қымбат бағалы құралды сатып алып, іске қосыпты. Нәтижесінде вагонның құрал-саймандары бұрынғыдай үш жыл емес, жеті жылға дейін шыдас беретін болған. – Кәсіпорынды дамыту үшін екі үлкен жобаны қолға алмақшымыз, – дейді Ғаббас Төкешұлы, – біріншісі, вагон жасайтын зауыт салу, ол айына 250-270 вагон шығаратын болады. Бүгіндері зауыттың жобасы аяқталу үстінде, “Қазақстан темір жолы” АҚ-пен меморандумға қол қойылған сәттен бастап құрылысы басталады. Екінші жобамыз қазіргі заман талабына сай бассейн салу. “Ибраев және К” өндірістік коопе­ративіндегі жұмысшылар үшін көп пәтерлі тұрғын үйлер салынып, жақында пайдала­ны­луға берілген екен. Жыл сайын жұмысшы­ларына пәтерлер, жеңіл көліктер сыйлау кәсіпорында қалыптасқан дәстүр. Тегін медициналық қызмет те қа­рауындағы қарапайым жұмысшы қауымға деген ілтипаттың бір түрі. Ғаббас Төкешұлы облыстық мәслихаттың депутаты. Депутта­тық жолға келуіне бір себеп, әлеуметтік жағынан аз қорғалған жандардың, балалар үйі мен спорт ұйымдарының көмек сұрап келуі. Ал бизнесінің сәтті жүруі оған білім мекемелері мен ауруханаларға, қоғамдық ұйымдар мен спорт, мәдени ошақтарға көмек қолын созуға мүмкіндік береді. Осылайша ол халық қалаулысы атанып, қаладағы қордаланған проблемаларды шешуге атсалысты. Бүгінде қаладағы №5, 35,42, 20 мектептер мен балет мектебі, №3 және №5 балалар үйі оның тікелей қамқорлығында. Ол “Полигон балалары” қоғамдық бірлестігіне, интернационалист-жауынгерлерге де демеушілік көмегін жасайды. Ғаббас Ибраев “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Семей бөлімінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы. Партиялық әріптестері бұл жауапты жұмысты оған зор сеніммен тапсырған. Еңбекқор, іскер әрі адамгершілігі мен қайырымдылығы жоғары тұратын Ғаббас аға былтырғы жылдың қорытындысы бойынша металл өңдеу өндірісінің ең үздік кәсіпкері деп танылған. Раушан НҰҒЫМАНБЕКОВА.