30 Шілде, 2010

Жобалар жоспарлы жүзеге асып келеді

443 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сырдың құярлығындағы Арал ауданында еліміздің индустрия­лық-инновациялық дамуына үлес қосатын жоталы тірліктер баршылық. Олар негізінен агро­өнеркәсіп кешені, өндіріс және құрылыс индустриясы, туризм саласын қамтиды. Солардың ішін­де “Атамекен холдинг” қаржы-өнеркәсіптік тобы” АҚ ұсынған “Арал вагон” зауытының құ­ры­лысын салу жобасы ең іргелілердің бірі болып табылады. Бұл жобаның құны 13 560 млн. теңге тұрады. Осы зауыт іске қосылған кезде мұнда 1 150 адам жұмыс істейтін болады. Өткен жылы ресейлік “Металлқұры­лым­дары зауыты” ААҚ-пен ке­лісім жасалу нәтижесінде “Қа­зақ­стан-Ресей” вагон құрастыру кәсіп­орнының “Арал вагон” ЖШС ашылды. “Қазақстанда жасалған” деген арнайы сертификат алынып, вагондар сынақ­тан өткізілді. Осындай тәсілмен әрқайсысы 72 тоннаға есеп­телген ауыр жүк таситын 8 вагон­ның кон­тейнерін “Қазақстан темір жолы” ұлт­тық компаниясы” АҚ қабылдап алды. Дегенмен, шешімін күткен мәсе­лелер де кездеседі. Зауыт толық қуа­ты­мен жұмыс істеу үшін инвестиция, ва­гондарға тапсырыс алу тұрғысынан қолдау күтуде. Егер “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясы” АҚ-пен ұзақ мерзімді келісім-шарт жасалса, кәсіп­орындағы еңбек ырғағы қалыпқа түсер еді. “Фирма Дана” ЖШС Шөміш стансасы­ның маңындағы кварц құмы кен орнында жұмыс жасай­ды. Олар қуат­ты­лығы жылына 450000 тонна өнім өндіретін кен байыту комбинатын салу­ды жоспарлаған. Сол бағытта “Кварц құмын байыту фабрикасының құры­лысы” жобасы ұсынылды. Оған қоса, Қазақстанның Даму банкімен бірлесе жобаға са­рап­тама жасалып, нақтыланған бола­тын. Жоба 2008 жылы басталып, 2011 жылы аяқталуы тиіс. Ол кезде аумаққа 4,5 миллиард теңге көле­мінде инвес­тиция тартылады. Бұл жер­гілікті 200 тұрғын жұмыспен қамтылады деген сөз. Аудан әкімінің орынбасары Бөрі Дабыловтың айтуынша, бүгінгі таңда 980 метр жерге темір жол жүргізілген. Қалған 18 шақырымға жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Кәсіпорын өз қаражатынан 800 млн. теңге инвес­тиция құйды. Инфрақұры­лым төңіре­гінде түйткіл­ді мәселе жоқ. Кә­сіпорын жобаны қаржы­лан­дыру үшін Қазақ­станның Даму банкі, Ис­лам банкімен жұ­мыс жасауда. Ен­дігі мін­дет несие­лендіруді жедел­дету болып отыр. Ас тұзын шы­ға­ра­тын зауытты жаң­­­­ғыр­ту жобасы да ауқымды. Құны 750 млн. теңгелік жобамен “Экстра” мар­ка­лы тұз шы­ғару зауытын мо­дерни­зациялау көзде­лу­де. Ондай жағдайда қо­сымша 300 адам еңбекке тарты­лады. Экстра класты тұз өндірісі “Арал­тұз” АҚ-тың базасында өнді­рілмек. Инфрақұры­лым жайы шешіл­ген. Қажетті құрал-жаб­дықтар жеткізу үшін испандық ком­паниямен келісім-шартқа қол жет­кізілді. Кәсіпорын “Ис­лам банкі”, “Азия кредит”, “АТФ Банк”, “Қазақстанның Даму банкі АҚ-тармен жұмыс жасауда. Банкке кепілге қойылатын ак­циялар, цехтар, темір жол тұйығы, тағы басқа мүліктер талапқа сай келеді. Бізді су шаянын өсіретін өндірісті ұйымдастыру жобасы да қатты қы­зық­тырды. Жобаның мерзімін оны ұсынушылар “Жер-Ана Групп” ЖШС мен “ҚазАгро Холдинг” АҚ ағымдағы жылдың сәуір-қазан айларына бел­гі­леген. Ақеспе елді мекенінде жүзеге асатын жобаның құны 661,1 млн. теңге. Оның ішінде өз қаражаты 330,6 млн. теңге шамасында. Оңтүстіккореялық компаниямен арада келісім жасалған. Құрылыс салу барысында 80 адам, тұрақты 250 адам жұмысқа қабыл­данады. Толқыны көкке тулаған Қамбаш көлінің атағы көпшілікке мәлім. Авто­көлік жолына жақын, табиғаты көркем мекен­нен қашанда халық үзіл­мейді. Әсіресе, демалыс күндері жағалаудан бос жер таба алмайсыз. Тіпті, алыс-жақын ше­телдерден келген мей­ман­дарды да жолықты­руға болады. Көл жаға­сына қонақүй салу жобасын “Торжынбай Төре” ЖШС ұсынған. Жо­баның құны 15,1 млн. теңгеге баға­ланған. Мақсат Қамбаш көлі жағалауы­нан заманауи үлгідегі демалыс орнын ашу болып отыр. Әйткенмен, қаржы мәселесі ты­ғырық­қа ті­рей­тін­дей. Көл жа­ғасына су жеткізіп, электр желі­сін тарту да күшке түседі. Инфрақұ­ры­лымға қо­мақты қаржы керек. Соған қарамас­тан, мұнда біршама тірлік тынды­рылған. Көл жаға­сындағы баспаналар, ақ­шаңқан киіз үйлер алыстан көз тар­та­ды. Қамбаш көлін үлкен дем­алыс ор­ны­на ай­налдыру үшін әлі де ауқымды тірлік­тер атқару керектігі байқалады. Жұмабек ТАБЫНБАЕВ, журналист. Қызылорда облысы, Арал ауданы.