30 Шілде, 2010

Депутаттар сайлаушылармен кездесті

560 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Парламент Мәжілісінің депу­тат­­тары Мұрат Әбенов пен Құт­ты­қожа Ыдырысов Арал және Қазалы аудандарында болып, сайлаушы­лар­мен жүздесті. Депутаттардың алғашқы қадамы “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” автожолын жүргізіп жатқан “Шим-Шак НС” ЖШС-нің жұмысымен танысудан бас­талды. Сапалы жол – адам ғұмы­рының қауіпсіздігінің кепілі. Атал­мыш жобадан теңіз перзенттерінің күтер үміті мол. Кездесу барысында жұмыс қарқыны, сапасының жоға­ры болуы әңгіме өзегіне айналды. Халық қалаулылары мұнан кейін “Ақлақ” су тоспасы, “Көк­арал” бөгетінде болып жұртшы­лықпен ой бөлісті. Қаратерең елді мекенінде аудан балықшыларымен болған кездесуде “САРАТС” жо­басының І кезеңінде тындырылған толымды тірліктер сөз етілді. Орал­мастай көрінген Арал теңізі кеме­ріне қайта келуде. Балық шаруа­шы­лығы жанданып, халықтың әл-ауқаты оңала бастады. Мұның бәрі Елбасымыз қамқорлығының же­місі. Жиында еңбек ардагері Жұ­ма­хан Омаров сынды азаматтар өзде­рін толғандырып жүрген мәселе­лерді ортаға салды. “Құмсай” жайлауындағы “Құланды” АҚ-тың түйекеші Мұхит Сейітов пен Парламент депутаттары арасындағы әңгімеде мал тұқымын асылдан­ды­ру, өнім өңдеу, өткізу, мемлекет тарапынан субсидия төлеу жайында сөз қозғалды. Қазалыдағы жүздесу әкімдіктің мәжіліс залында өткізілді. “Батыс Қытай – Батыс Еуропа” халық­ара­лық транзиттік дәлізі жобасының іске асырылуы барысын талқылауға арналған жиынға мердігер меке­мелердің басшылары, “Нұр Отан” ХДП мүшелері, қоғамдық ұйым өкіл­дері, жергілікті мәслихат де­путаттары қатысты. Облыс көле­мінен салынатын 811 шақырым жолға 4 бас мердігер, 19 қосымша мердігер белгіленіпті. Осылайша көптеген жергілікті тұрғындар жұ­мыспен қамтылуда. Осылар жайын сөз еткен Мұрат Әбенов мердігер компаниялардың заң талаптарын орындауы, қоршаған ортаға зиянын келтірмеуі депутаттар назарында тұрғанын жеткізді. Олардың жатар орны, баспана, тамақтану жайы, жалақысы қырағы қадағалануы қажет. Кейбір мердігерлердің жұ­мы­сында олқы тұстар барын жа­сыруға болмайды. Санитарлық та­лаптар, қауіпсіздік ережесі де мүлтік­сіз орындалуға тиісті. Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Құт­ты­қожа Ыдырысов Елбасы назарын­дағы ауқымды жобаның жұртшы­лық­қа тигізер зор пайдасына тоқ­талды. Кездесуде аудандық мәсли­хат хатшысы Талайлы Бөріқұ­лақов, облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті директорының орынбасары Әбді­ғазиз Әлжан, жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары бас­қармасы басты­ғының орынбасары Дінмұхаммед Әбсәттаров күн тәртібіне орай өз пікірлерін біл­дірді. Жиын соңында халық қа­лау­лары тұрғындарды жеке өтініштері бойынша қабылдады. Жұмабек ТАБЫНБАЕВ. Қызылорда облысы.