Жастар • Бүгін, 08:15

Жастар жұмысы қайта жанданды

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр сәуір айында Мемлекет басшысының жастар саясатын дамытуға қатысты тапсырмасына сай, Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы құрылған болатын. Осы ретте, аталған басқарманың атқарған жұмыстарына шолу жасаған едік.

Жастар жұмысы қайта жанданды

Басқарма басшысы Олжас Бейсен­баевтың айтуынша, бұл мекеме – өңірдегі мемлекеттік жастар сая­сатын іске асыру, жастардың бастамаларын қолдау, кәсіби және кәсіпкерлік дағды­ларын, олардың денсаулығын нығайту, интеллектуалдық мүмкіндігін арттыруға жауапты орган. Облыста бұл жұмыс жүйелі түрде қолға алынып отыр.

«Құрылғанына көп уақыт болмаса да басқарманың облыс жастарымен бірге атқарған жұмысы аз емес. Ең бірінші, өңірде жастар саласындағы жұмыстың институционалды құрылымы нығайды, жаңа үйлестіруші орган құрылды. Басқарма құрамына штат бо­йын­ша 14 қызметкер беріліп отыр. Жастар саласына бөлінетін қаражат ұлғайтылды», дейді ол.

Басқарманың мәліметінше, қазір облыс­тағы NEET санатындағы жастардың үлесі (жыл басындағы 2,4 пайыздан 2,1-ге дейін) төмендетілді. 23 желтоқсандағы «Отбасының цифрлық картасы» бойынша NEET жастардың саны 2 346 адам болды. Бұл – еліміздегі төмен көрсеткіштің бірі. Ал облыстық, аудан және қалалық деңгейдегі барлық жастар істері жөніндегі кеңестердің құрамы жаңартылды. Әкімдіктер жанынан жастар істері жөніндегі 13 кеңес жұмыс істейді. Оның құрамындағы жастар үлесі ұлғайтылып, қоғамдық ұйым, азаматтық сектор өкілдері қосылды. Бұған қоса былтыр облыста жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама қайта­дан іске қосылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес желтоқсан айында Семей қаласы әкімдігі мен «Отбасы банкі» бірлесіп, жастарды қолдау мақсатында 40 пәтерге қаражат қарастырып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалар, субсидияланатын жұмыс орындары, гранттар («Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар практикасы», «Тәуелсіздік ұрпақтары») түсіндіріліп, арнайы брифинг өтті, подкастар шықты. Жастарға берілген мүмкіндік туралы буклеттер мен флаерлер, аналитикалық инфографика дайындалды. Осы жұмысты Абай облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы ресурстық орталықтар, тиісті жергілікті атқарушы орган, аудан әкімдіктері және құқық қорғау органдарымен бірлесіп атқарды.

«2025 жылы өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 10 698 жас жұмысқа орналасты, оның ішінде ұлттық жобалар – 1 099, бос жұмыс орындарына – 3 052, Мемлекет басшысының бастамасы бойынша – 4 070, субсидияланатын жұмыс орындарына – 2 414. «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары бойынша 277 адам жұмысқа орналасты. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 99 бюджеттік кредит беруге қаражат қарастырылды. Жергілікті бюджет есебінен 315 көтерме жәрдемақы төленді. Бұл бағдарлама 2026 жылы да өңірімізде жалғасын табады», дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, жастардың еңбекке ептілігін арттыру мақсатында былтыр өңірде Business.enbek порталы арқылы «Бастау бизнес» жобасында 320 жас оқытылды, 191-і сертификат алды, әлеуметтік осал топтағы 63 жасқа 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Қысқамерзімді кәсіптік оқытуға 86 жас жолданды, оның 70-і тұрақты жұмысқа орналасты. Skills.enbek.kz порталында 979 жас тегін онлайн-курстарға тіркелді, 951-і аяқтады.

«Облыста барлығы үш жоғары оқу орны жұмыс істейді: екеуі – мемлекеттік, біреуі – жекеменшік. Жалпы, жоғары оқу орнының студенттік контингент 20 мың адамнан асады. Сонымен қатар 996 шетелдік студент, 366 адам «Серпін» бағдарламасымен, 71 студент қандастар квотамен білім алады. Білім беру мекемелерінде 27 жатақхана жұмыс істейді, орын тапшылығы жоқ. Қаңтар айында барлық жатақхананы аралап шықтық, бірқатары жөндеуге дайындалып жатыр», дейді Олжас Түсіпбекұлы.

Маңызды бағыттың бірі – жас буын орта­сындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, Президенттің алға қойған «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықты іске асыру.

«Есірткі, лудомания және құқықбұзу­шылыққа қарсы жұмыс аясында 393 іс-шара өткізіліп, 62 210 жас қамтылды. 17 мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іс-шарасы, 10 ақпараттық кездесу, 8 дөңгелек үстел, 3 рейд, 78 нарко-бот жазбасы жүзеге асырылды. Интернеттегі алаяқтық, ойынқұмарлық қатерлі індет болып тұр. Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірге өткен «Абай облысы – лудоманиясыз аймақ» форумында 200-ден аса жас қатысты, 26 адам марапатталды», дейді ол.

Патриоттық және рухани тәрбие бойынша «Жеңіс шырағы – 80 жыл», республикалық «ASK CAMP» форумы, жастардың лаңкестікке қарсылығын білдіретін көше биінен «DANCE BATTLE», «Еңбекші жастар» фестивалі өтті. Облыста куиз ойыны өте үлкен қозғалысқа ие болды. «SarbazTALK» челленджі арқылы 10 бейнеролик түсіріліп, әскердегі өмірді жастар аудиториясына жеткізуге тырыстық. Креативті алаңдар жобасы аясында «ERTIS ART» жастар театрларының фестивалі өтті. Жыл соңында жастар арасындағы үздіктер аталымдар бойын­ша облыс әкімі Берік Уәлидің алғысхатымен марапатталды.

Ал Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында Семей қаласында «Абай QUIZ» республикалық зияткерлік ойынына өзіміз де куәміз. Оған 1 080 адам, барлығы 180 команда қатысты. Жалпы, жүлде қоры 5 млн-ға жуық соманы құрады. Мерейтойға 500 волонтер тартылды, іс-шараларда навигация, ақпарат және медициналық көмек көрсетті.

Абай облысының жастар саясаты мәсе­лелері жөніндегі басқармасының мәліметінше, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша 3 мыңнан аса жас 200 гектар аумақты тазалады. «Семей орманы» резерватында «Халық» қорымен бірге мыңдаған түп ағаш егілді.

«Жалпы, Абай облысында жастар саясатын дамытудың стратегиялық жоспары Мемлекет басшысы бекіткен «Қазақстан Респуб­ликасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» құжаты негізінде іске асырылып, «Заң және тәртіп», «Адал азамат», «Таза Қазақстан» қағидаттары мен волонтерлік пен зияткерлік әлеуетті нығайтуға басымдық беріледі», дейді басқарма басшысы.

2026 жыл Президент бастамасымен Ха­лықаралық еріктілер жылы болып белгіленді. Осыған орай, бірқатар халықаралық және республикалық іс-шараны өткізу көзделген. Осылайша, облыс жастарына серпіліс беріп, өлкеден шыққан таланттар қайта оралып, ортаны толтырса, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, зияткерлік, креативті күш-қуатын арттыруға үлес қосады деген үміт мол.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Қай өңірлерде жолдар жабық тұр?

Қазақстан • Бүгін, 09:28