Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, Нұрбек Оралбай 85 келідегі финалдық сында Өзбекстан боксшысы Жасурбек Юлдошевке қарсы қолғап түйістірді. Қарсыласынан қарағанда тәжірибесі әлдеқайда мол отандасымыз 3 раундта да рингте еркін қимылдап, жеңіске жетті.
Ал әлем чемпионы, +90 келідегі Айбек Оралбай шешуші сында Қытай спортшысы Данабек Байкенжеге қарсы шаршы алаңға шықты. Отандасымыз жекпе-жекте қарсыласына ауыр соққыларын дарытып, әр раундты өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп: 5:0.
Айбек бұған дейін 2022 және 2024 жылдары Азия чемпионы атағына қол жеткізген. Осылайша ол үшінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Айта кетейік, бұған дейін тек Василий Левиттің ғана 3 дүркін Азия чемпионы деген атағы болған еді.
Ерлер және әйелдер құрамасын қоса алғанда ел боксшылары Азия чемпионатын 6 алтын медальмен қорытындылады. Күні кеше жеңістің бірінші тұғырынан көрінген бұрымды боксшыларды Президент құттықтады.